Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Қадірлі мұсылман бауырлар!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл ай – рухани тазару, кешірім мен мейірімділік, сабыр мен тақуалықтың айы. Алла Тағала баршамыздың жасаған құлшылықтарымыз бен дұғаларымызды қабыл етсін!
Рамазан – адамдардың жанын нұрландырып, жүректерін жұмсартатын, өзара бауырмалдық пен қайырымдылықты арттыратын қасиетті ай. Бұл айда әрбір мұсылман ізгі амалдарын көбейтіп, жүрегін тазартып, нәпсісін тәрбиелеуге ерекше мән беруі қажет. Қасиетті Құранда: «Рамазан – адамдарға тура жол көрсететін, ақ пен қараны айыратын Құран түсірілген ай» (Бақара сүресі, 185-аят) деп айтылған. Осы себепті, бұл айда көбірек Құран оқып, оның үкімдеріне амал ету – біз үшін үлкен мүмкіндік.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кімде-кім Рамазан айында шынайы иманмен, сауабын Алладан күтіп ораза ұстаса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі» (Бұхари, Мүслім) деп айтқан. Сондықтан, бұл ай – күнәлардан арылып, Аллаға шынайы бет бұруға мүмкіндік берілген ерекше уақыт.
Бұл берекелі айда ауыз аштырып, садақа берудің сауабы мол. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім ораза ұстаған адамға ауыз аштырса, оның сауабындай сауап алады» (Тирмизи) деген. Сондықтан, мұсылман қауымы бұл айда мейірімділік танытып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге тиіс.
Алла Тағала баршамызға иманымызды күшейтіп, отбасымызға береке, елімізге тыныштық, халқымызға бірлік нәсіп етсін! Жасаған құлшылықтарымыз, дұға-тілектеріміз қабыл болғай!
Асқар ЗӘКІРЖАНҰЛЫ,
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы