Оралдық келіншек құрсағындағы егіз сәбиінің шетінегенін үш апта бойы білмеген

Оралдық келіншек құрсағындағы шарананың шетінеп кеткенін үш апта бойы білмеген, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Егіз сәбиінен айрылған Ұлболсын Айтқалиева бұған дәрігерлерді кінәлайды. Ашынған ананың айтуынша, емдеуші гинеколог дұрыс көңіл бөлмеген көрінеді.

Құрсағындағы сәбиінің егіз екенін білгенде Ұлболсын мен Нұрболдың қуанышында шек болмаған. Қуанышы қойнына сыймаған ерлі-зайыптылар дәрігерге уақытылы барып, тексеріліп жүрген. Бірақ, бір күні аяқ астынан жол апатына түседі. Тас жолда жүйткіген көлік бес рет аунап, екеуі де ауыр жарақат алған. Ес-түссіз қалған Ұлболсын біраз уақыт ауруханада емделеді. Дәрігер іштегі баланың тірі екенін айтып қуантыпты.

“Сол күні барғанда «Менің ішім қозғалмайды, қараңызшы” деп сұрадым. Ал ол кісі мені қарады да “Қалай сезбей тұрсыз, бала қозғалып тұр ғой” деді. Менің жолдасым дәрігердің өтірік айтқанына ашулы. 20-сы күні УЗИ-ға барсам, баланың жүрегі 17 аптасында тоқтап қалған. Сонда мен үш апта бойы ішімдегі балалардың шетінеп кеткенін білмегенмін. Бұл ақ халаттылардың салғырттығынан болып отыр”, – дейді Орал қаласының тұрғыны Ұлболсын Айтқалиева.

Ұлболсынның жолдасы Нұрбол да ақ халаттылардың  салғырттығына өкпелі. Бірақ сотқа беріп, жазалатуға дәрігерді аядық дейді.

“Күнде барады, күнде тыңдатады. Тыңдатқанда бәрі жақсы, жүрегі соғып тұр деп айтады. Жас емес, ол баяғыдан істеп келе жатыр гинеколог. Сонда олар мүлдем тексермеген болып тұр ғой”, – дейді Ұлболсынның жұбайы Нұрбол Ғазиев.

Ал дәрігерлер мұнымен келіспейді. Айтуынша, Ұлболсын  жол апатынан ауыр жарақат алған. Бас сүйегі шытынап, миы шайқалған. Бұл аздай, бүйрегі де зақымданыпты.

“Тексергенде іштегі ұрықтың 16-17 аптадан кейін дамымай қалғаны анықталды. Баланың қозғалуы, жүрегінің соғуы 20 аптадан кейін ғана белгілі болады. Ұлболсын бізге қаралғанда қызуының көтерілуі, ішінің төменгі жағының ауыруы сияқты белгілер болмады. Сондықтан бізді кінәлауы негізсіз. Енді ол дұрыстап емделуі тиіс. Әйтпесе бала көтере алмауы, жүкті болса да, баласының түсіп қалуы мүмкін”, – дейді  №2 қақалық емхананың директорының орынбасары Рая Мулдашева.

Енді дәрігерлер Ұлболсынды мұқият қарап тексереміз деп отыр. Өйткені оның ағзасында түрлі генетикалық, гормоналдық өзгерістер байқалған. Сондықтан оны арнайы мамандар ерекше бақылауға алмақ.

Comments (0)
Add Comment