Орал қаласының тұрғыны Анна Гельбрехт жұбайы Юрий Афониннің қаржы пирамидасын басқарды деген күдікпен жазықсыз сотталғанына наразы. Айтуынша, тергеушілер мен прокурорлар күйеуінің кінәсіздігі туралы айғақтардың бәріне көз жұма қараған. Әйел осы жағдайға байланысты президенттен көмек сұрап, хат жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Мой город” порталына сілтеме жасап.
Мәселе «Гарант 24», «Пайдалы несие» және «ESTATE Lombard» атышулы қаржы пирамидалары туралы болып отыр. Ақтөбе соты бұл іс бойынша 48 айыпталушыға қатысты үкім шығарып, олардың барлығы алты жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Осы бойынша 17 мың қазақстандық алданып, 30 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген.
Сотталғандар арасында Юрий Афонин де бар. Сот оны мүлкін тәркілеумен 10 жылға бас бостандығынан айырды. Жазаны өтеу орны ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесі белгіленді. Анна Гельбрехттің айтуынша, сот демонстрациялық болған және тергеу бұл атышулы істің егжей-тегжейін түсінбеген.
Анна екі жарым жыл бойы жүргізілген тергеу кезінде кімнің шынымен кінәлі екенін ешкімнің түсінгісі келмегенін айтады. Тергеушілер мен прокурорлар күйеуінің кінәсіздігі туралы айғақтардың бәріне көз жұма қарап, кейде бұл айғақтарды жасырып, қорқытып-үркітіп, қысым көрсеткенін куәгерлердің өздері сот отырысында айтқан.
“Бұл компанияларды ұйымдастырушылардың өздері кінәсін мойындап, жәбірленушілердің барлық талаптарын өздеріне алып отыр. Олар сотта Афонинді бұрын танымайтынын, оның қызметкер екенін және олармен ауызбірлеспегенін растады. Мұның бәрі күйеуімнің өзі осы компанияның құрбаны болғанын дәлелдейді. Серіктестікте жұмыс істеген уақыт ішінде күйеуім ешқандай мүлікке ие болмады. Оның әрекетінде қылмыс құрамы жоқ, ол қылмыскер емес және басқа біреудің қылмысы үшін жауапты болмауы керек. Бұл компанияда ол бар болғаны үш ай жұмыс істеп, 10 жыл мерзімге сотталып отыр”,- деді Анна.
Бұл ретте ол сот бұл істі үстірт қарағанын, 17 мың жәбірленушінің 3 мыңынан ғана жауап алынғанын айтады. Бірде-бір жәбірленуші Юрий Афонинге қарсы арыз жазбаған. Бәрі атышулы компаниялардың құрылтайшыларын жазалауды сұрауда. Соттың бұл шешімімен келіспеген Анна үкімге шағымданбақшы. Сонымен қатар, әйел Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бүгінгі мәселені реттеп, жазықсыз сотталғандардың конституциялық құқықтарын қалпына келтіруді сұрап хат жазған.