Қазақстан Үкіметі «Орал» халықаралық әуежайына Мәншүк Мәметованың есімін беру туралы қаулы қабылдады деп хабарлады turkystan.kz.
«Орал» халықаралық әуежайы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Мәншүк Мәметованың есімі берілсін» деп жазылған құжатта.
Қаулы алғашқы жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Өткен жылы қоғам белсенділері мен депутаттар әуежайға Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың есімін беру туралы ұсыныс айтқан болатын.
Айта кетсек, Мәншүк Мәметова Орал облысы Бөкей Ордасы ауданында дүниеге келген.
1942 жылдың тамызында өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысқан.
Аға сержант, пулеметші Мәншүк Мәметова өзінің мергендігімен және батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған шешуші ұрыста қазақтың батыр қызы пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты.