Танымал актер Қайрат Әділгерей қылмыс әлемінің серкесі «Дикий» Арманның туған күнін жүргізген. Айтуынша, Арман оған Айнұр Тұрсынбаева арқылы шыққан. Әділгерей ұсынысқа бірден келіспегенін айтады. Себебі қорыққанын жасырмады, бірақ өз көзімен көргенде Жұмагелдиев (авт. Арман) туралы көзқарасы өзгерген. Бұл туралы ол BOKEY YouTube арнасында жарияланған «40 сұрақ» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
«Туған күнін жүргіздім. Қасындағы Нойс дейді, Нұржан. Революция кезінде Арманды ұстап алған кезде: «Арманның алдында маймылданып жүр едің ғой, қайда енді қолдау көрсетпейсің ба?» деп жерден алып, жерге салды ғой. Мені Арманның жан досы ұқсатып, күнде араласып жүріп, лақтырып кеткен адам сияқты қылды», – дейді Әділгерей.
Актер былтырғы жылы әріптестерімен Дубайға барғанын айтты. Арманмен сол жерде жолыққан.
«7 қаңтар күні іс-шара болды, 8-і күні Арман теплоход жалдап, Қазақстаннан келген бүкіл әртістерді қыдыртып, тамақтандырып, өлең тыңдап, 9-ы күні ұшып кеттік. Екі күндік кездесуде маған айтпағандарды айтты. Ол кезде Айнұр Тұрсынбаева арқылы шықты.
«Жолдасымның туған күні болайын деп жатыр» деді. «Ойбай, Айнұр апа, құрысын мен қорқамын, жақындамай-ақ қояйыншы», – дедім. Айнұр апа: «Ой, сен қызықсың. Бөтен ешкім болмайды. Қазақстаннан 40-50 адам, өзіміз», – деді. Содан келісіп, жүргізіп, қайтып кеттім», – дейді Әділгерей.
Актер туған күн кешін жүргізу кезінде аздап қорыққанын жасырмады. Арман қылмыс әлемінде, ал өзі елдің алдында жүргендіктен, абыройына нұқсан келтіруден тартынған. Алайда «Дикий» Арманның шын мәнінде қандай адам екенін көргенде сабасына түскенін жеткізді.
«Басында қорқынышты болды. Өйткені елдің алдында жүрген адаммын. Жүрген саласы да ауыр. Қауіп-қатер аяқ астынан, қай жақта не болатынын білмейсің.
Өз көзіммен көрген кезде қазаққа жанашыр, патриоттық сезімі сұмдық екенін көрдім. Түркияға 10 күнге барсаң, патриоттық сезім ұрып кетеді ғой. Елге келгеннен кейін басылып қалады. Сыртта жүрген соң сондай сезіммен жүретін шығар. Шынымды айтсам, тек соған қарап отырдым. Наркенже деген әнші болды. Үстіне қазақи киім киіп алған, домбырасы бар. Соны басқа елден келген қонақтардың алдына алып барып: «Мынау біздің костюм, фотоға түсіңдер» деп, Қазыбек қобызбен, «Алашұлы», «Алатау серілері» өлең айтқан кезде қонақтардан кетіп қалып, өзі отырғыш қойып, қақ алдында отырды. Қолы ашық, мәрт. Сатырлатып бәрімізге ақша таратты», – дейді Әділгерей.