Қорғаныс министрлігі қолданылмайтын оқ-дәрілерді қоймадан шығарып, жоюға шешім шығарды

Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Мұрат Бектанов аппарат кеңесін өткізді, онда әскердің тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz  сайтына сілтеме жасап.

Оқ-дәрі қоймаларын тексеру барысы туралы қорғаныс министрлігі бас инспекциясы бастығының баяндамасы қаралды. Инспекциялаудың аралық нәтижесі бойынша қазіргі уақытта шешілмеген негізгі мәселе – түгендеу нәтижесінде әскери мүлік ретінде пайдаланылмайды деп танылған оқ-дәрілерді кәдеге жарату.

Заң жүзінде оқ-дәрілерді кәдеге жарату жұмысын уәкілетті орган – индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүргізеді. Бұл ретте оған ведомстволық бағынысты ұйымдардың оқ-дәрілерді жою бойынша мүмкіндігі шектеулі.

«Осыған байланысты қорғаныс министрлігі пайдаланылмайтын әскери мүлікті қоймалар мен базаларда жылдар бойы сақтауға мәжбүр болады», – делінген қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қорғаныс ведомствосы 2021 жылғы 30 қыркүйекте үкімет қабылдаған № 964 қаулыны әзірледі.

Оған сәйкес индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қорғаныс министрлігімен бірлесіп, саперлердің күшімен пайдаланылмайтын оқ-дәрілерді қоймалардан әскери полигондарға шығару жұмысын ұйымдастырып, жояды. Тікелей іс-қимыл тәртібін екі министрліктің бірлескен бұйрығы айқындайды.

Еске салайық, 26 тамыз күні кешке Тараз маңындағы инженерлік оқ-дәрілер сақталатын әскери бөлімнің қоймасынан өрт шықты. Өрт салдарынан онға жуық жарылыс болды. Нәтижесінде 100-ге жуық зардап шегуші ауруханаларға жатқызылды, оның 49-ы төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері. Жарылыстан 17 адам ажал құшты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын. Сондай-ақ қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті.

Comments (0)
Add Comment