Қорғанып жүрсіз бе?

Профилактикалық рейдтер жалғасуда.

Зере ҚУАНЫШ

Коронавирус инфекциясымен күресудің бүгінде иммунитеті қалыптасты. Қарапайым халық маска киіп жүруді, қоғамдық орында арақашықтықты сақтауды, антисептикалық құралдарды қолдануды толығымен біледі. Десе де, аурудың беті қайтар емес.

Күн сайын саны артып жатқан статистикалық мәліметтерге жүгінер болсақ, карантиндік талаптардың әлі де толығымен сақталып жатпағандығын көз көріп, құлақ естіп жүр. Осыған орай қала әкімдігінің өкілдері, еріктілер адам көп шоғырланатын қоғамдық орындар мен базарларда арнайы түсіндіру жұмыстары мен рейдтер ұйымдастыруда.

Соның бірі «Ауыл Береке» базарында өтті. Қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев бастаған мобильдік топ құрамында еріктілер, полиция қызметкерлері мен журналистер болды. Еріктілер алдымен саудагерлер мен сатып алушыларға сақтық шаралары жазылған арнайы жадынама қағаздарын таратты.

– Бүгінгі таңда әкімдік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар көп. Арнайы мобильдік топтар кесте бойынша рейдтер мен түсіндіру жұмыстарын тұрғындар арасында жүйелі өткізуде. Бүгін қала тұрғындары көптеп жиналатын базарға сенбі күні әдейі ат басын бұрып отырмыз. Рейдті бастамай-ақ, базар ішінде тұтынушылардың заңды белінен басып, санитарлық талаптар мен карантиндік нормаларды сақтамағанын көріп отырмыз, – деді шаһар басшысының орынбасары.

Сенбі-жексенбі күндері қоғамдық көліктің қайта жүруін ескерсек, базарға демалыс күні келетін тұрғындардың саны артқан. Әрине, бірі азық-түлік арқаласа, енді бірі қысқа қамданып, енді бірі нәпақасын осы базардан тауып отыр. Дегенмен бізге кездескен үш адамның бірінде маска жоқ, болса да толық бет-аузын жаппаған, енді бірі кезекте тұрып, арақашықтықты сақтамағандар. Еріктілер қасына жақындаған сәтте сатушылар мен сатып алушылар лезде қолдарын қалталарына жүгіртіп, мыж-мыж бетпердені тағып үлгерсе, кейбірі тіпті тоқтатқанға құлақ аспай, кері бұрылып жатты.

Десе де, көпшілік арасында пандемия кезінде сақтық шараларын сақтау мәдениеті қалыптасқанын көруге болады. Ал базар маңындағы, оның ішінде тамақтану орындарына бас сұққанымызда, аяздан тоңған адамдардың ешбір кезекті сақтамай, арақашықтықты ұстамай, тығыз орналасқан шағын асханаларда тамақтанып отырғанын көрдік. Дегенмен қызмет көрсетіп жатқан даяшы мен әкімші, аспазшы – барлығы бетперде таққан. Еріктілер жадынаманы таратып, орын алған кемшіліктер арнайы комиссияның кітапшасына тіркеліп, базардың әкімшілігіне ескерту берілді.

Ал заңды бұзып, бас дәрігердің қаулысына бағынбағандарға әкімшілік ескертулер мен түсініктемелер толтырылды. Ал қоғамдық көлікке мінген жұрттың барлығы бұл талаптарды сақтайды деп айту қиын. Өйткені саны қысқарған автобустарда адам қашанда лық толы. Аузы мұрнынан шығып тұрған автобуста арақашықтық туралы айтудың өзі күлкілі. Ал маска тағу жөнінде сөз болса, «Балық басынан шіриді» деген мақал осы тұста орынды ма дейсің. Өйткені бұл талапты не кондуктор, не жүргізуші ұстанбайды. Ал автобуста бетпердесіз адамдар түсіп-мініп жатқандығын күнде өз көзімізбен көріп жүрміз. Әрине, саулықтың сақтықта екені айтпаса да түсінікті. Жақындарыңызға жанашыр болғыңыз келсе, сақтықты өзіңізден бастаңыз!

Comments (0)
Add Comment