Қыс басталысымен Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығының жұмысы күшейеді. Өйткені мұнда суық күндері панасыз қалған азаматтардың саны артады. 1999 жылы ашылған мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, орталық директоры Кемелбек Базаровтан алдағы жоспарларын білген едік.
– Кемелбек Айдарбекұлы, алдымен орталықтың жұмысы туралы айтып берсеңіз.
– Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталығы 1999 жылы 12 маусымда құрылды. Жасыратыны жоқ, алғашқы жылдары мекемеде талаптың барлығы орындалды деп айту қиын. Техникалық, базалық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі, жұмыстың жүйелі болмауы барлығы уақыт өте келе бір арнаға түсті. Мекеме қызметінің негізгі мақсаты – тұрғындардың санитарлық-эпидимиологиялық жағдайын қамтамасыз ету, тұрақты емдеуді қажет етпейтін азаматтарға әлеуметтік, медициналық және басқа да көмек көрсету. Жалпы мекемеде 60 қызметкер жұмыс жасайды. Орталық 120 адамға арналған. Біз облыс бойынша жұмыс жасағандықтан бұл орын кейде тіпті жетпей жатады. Қыстың көзі қырауда бізге келіп түсетіндер саны күрт өседі. Дегенмен біздер тағдыр тәлкегіне түскен азаматтарға көмек қолын созуға қашанда дайынбыз.
– Кез келген мекемеде өзіне сай талаптар мен қатаң тәртіп болатыны белгілі. Ал сіз басқарып отырған орталықта ең басты талап қандай? Мұнда келушілер нені ескеруі қажет?
– Расында, «Тәртіпке бас иген құл болмайды» демекші, бізде талап күшті. Ең алдымен мұнда келген азамат рентген кабинетінен өтеді. Егер өкпесі таза болған жағдайда ғана ішке кіруге рұқсат алады. Мекемеде әр күнге арналған ас мәзірі 1 апта бұрын бекітіліп, мұндағы азаматтарға 3 мезгіл ыстық тамақ беріледі. Одан бөлек жаңа киімдер мен жуынуға арналған құрал-жабдықтар, аптасына 1 рет монша қарастырылған. Мұнда келушілердің басым бөлігі ішімдікке салынғандар. Сондықтан сыртқа шығып келген адам ішімдік ішсе, бірден орталықтан шығарылады. Орталықта жазасын өтеп келген азаматтар да бар. Олардың басым көпшілігінен ағайын-туғандары бас тартқан, барар жері, басар тауы қалмаған азаматтар. Бізде арнайы мамандардан бөлек пробация қызметкерлері мен №15 участоктің аға инспекторы, полиция майоры Сабырхан Тыныстанов күнделікті тексеру жүргізіп, олардың тәртібін қадағалауда аянбай еңбек етуде. Одан бөлек заңгерлер мен психолог, социолог мамандар, дәрігерлер кестеге сай 24 сағат азаматтарға көмек көрсетеді. Мұнда түнгі 23.00-ден кейін барлығы ұйқыға кетеді. Егер мекеменің талаптары мен тәртібіне бағынбайтын жандар болса, олар орталықтан шығарылады.
– Бүгінгі таңда орталықта неше азамат бар? Оларға қандай жағдай жасалуда?
– Жоғарыда атап өткендей, орталық 120 адамға арналған. Қазақстан бойынша үздіктердің көшін бастап тұрған мекемеде тазалық, тәртіп бірінші орында. Өткен жылдың 12 айында орталыққа жүгінген белгілі тұрағы жоқ азаматтар саны – 315 адамды құраған болатын. Олардың ішінде ерлер – 271, әйелдер-44. Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жолдамасымен – 2, денсаулық сақтау департаментінен – 22, өз еркімен келгендер саны – 65, мобильді әлеуметтік патруль қызметі арқылы – 103 және ІІБ – 123 (оның ішінде бас бостандығынан айыру мекемесінен арнайы жолдама хатпен – 95) адам орталыққа қабылданды. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 293-ті құраса, 2018 жылы 7,5 пайызға артып отыр. Орталықта 315 адамның ішінде құжаттандырылғандар саны 64, жұмыспен қамтылғандары 57, мүгедектік алғандар саны 9, қарттар мен мүгедектер үйіне және жүйке аурулар интернат үйіне орналастырылғандары 34. Биыл да бұл көрсеткіш кемімеді. Үш корпустың бірінде әйелдер орналасқан. Олардың саны бүгінде 19 болса, жай-күйі, құжаттары мен өзге мемлекеттен келген, есінен айырылған 33 адам бөлек және түрмеден шыққан сотталушылар өзге корпуста орналастырылған. Жалпы мұндағы азаматтарға жағдайдың барлығы жасалған. Қажетті киім-кешектермен қамтамасыз етіліп, мамандар қажет кезде шаштарын алып, өзінің үсті-басына қарай алмайтын азаматтардың үсті-басын, киім-кешегіне дейін әлеуметтік қызметкерлер жуып береді. Бұл орайда ұжымның ұйымшылдығын айтпай кетуге болмас.
– Жалпы сіздерге келген азаматтардың кейінгі өмірі қандай болмақ? Сіздер кездесетін қандай да бір мәселелер бар ма?
– Орталыққа келушілердің саны қараша түсіп, қыс қытымыр мінез танытқанда көбейеді. Біздің мекеменің атауы қалалық болғанымен облыстағы жалғыз орталық. Бұл дегеніміз, облысымыздың түкпір-түкпірінде үй-күйсіз, қаңғып жүрген азаматтардың барлығы орталыққа келеді. Ғимараттар тым ескі. Күрделі жөндеу жасалғанымен, ескінің аты ескі.
Бүгінгі таңда біздегі күрмеуін таппай отырған тағы бір мәселе – азаматтарды жұмыспен қамту. Жұмыспен қамту орталығы барлығын бірдей жұмыспен де қамти алмайды. Ал бұл азаматтардың жасы келген, қолынан келетіндері аула сыпырып, тазалалық жұмыстарын жүргізу. Бір сөзбен айтқанда жұмысшы қол. Ал қала бойынша мұндай жұмысшы топ «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-не қажет. Бірақ ол жақ біздің азаматтарды жұмысқа алудан бас тартады. Жалпы біздің мекемеде азаматтардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында арнайы үйірмелер, ерлерге ағаш, темір бұйымдардан түрлі заттар жасау үшін құрал-жабдықтар қарастырылса, әйел азаматтарға тоқыма, сурет, қолөнерге арналған бұйымдар ұсынылады. Көбінде сотталған азаматтардың жасаған бұйымдары түрлі әлеуметтік жәрмеңкелерге шығарылады. Алдағы уақытта арнайы цех ашу жоспарда бар. Сол арқылы жұмыссыздар санын да азайтар едік. Бүгінде орталықтағы өзге мемлекеттен келген азаматтардың құжаттарын түгендеу қиынға соғуда. Мұнда еліміздің өзге облыстарынан басқа Ресей, Қырғыстан, Белоруссия, Чуваш АССР, Өзбекстан, Түркіменстан, Украина мемлекеттерінен де азаматтар бар. Олардың барлығы құжатсыз, бірі есін жоғалтса, бірі өзінің аты-жөнін дұрыс айтпайды. Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдарымен қоян-қолтық жұмыс жасап, «Бармысың, бауырым?», «Жди меня» телебағдарламаларына жоғалған азаматтардың тізімі мен фотосуреттерін беріп, туған-туыстарына іздеу салудамыз. Сонымен қатар орталыққа құжатсыз келген азаматтарға құжаттарын жасап, жұмысқа тұрғызудан бөлек, жасы келген азаматтарды қарттар үйіне, мүгедектігі бар жандарға әлеуметтік жәрдем ақыға құжат жинап, заң аясында қолдан келген көмекті аямаймыз.
– Екі ондықты бағындырыпсыздар. Биылғы 20 жылдыққа қандай жаңашылдықпен келдіңіздер?
– Расында, тағдыр тәлкегіне түскен жандарға пана болған, іздегенін тапқан, аялы алақанның жылылығына бөленген талай жанның батасын алған мекен 20 жылды еңсермек. Жұмыс аз жасалмады. Әлі де атқарылып жатқан жұмыстар көп-ақ. Ол жұмыстар мемлекет тарапынан жасалған қамқорлық пен қайырымдылыққа жаны құмар жомарт жандардың арқасы. Мәселен, өткен жылы орталықта 20-дан астам қайырымдылық шарасы өтті. Біздің орталықтағы азаматтар ұжыммен бірге сенбіліктер мен тазалық апталықтарынан қалған емес. Күні кеше өткен сенбілікте де өз белсенділіктерін танытып, Асқаров, Сүлейменов көшелерін, орталықтың ауласын тазалауда өз белсенділіктерін танытты. Амандық болса, жазда 20 жылдықты жоғары деңгейде атап өтіп, түрлі форматта іс-шараларды ұйымдастыру жоспарда.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Арайлым Шабденова