Онлайн оқытуға дайынбыз ба?

Коронавирус инфекциясының ел ішіне таралуына жол бермеу мақсатында сақтық шаралары атқарылуда. Қазірдің өзінде бірқатар жұмыс орындарының уақытша қашықтықтан жұмыс істеуге көшкенін ескерсек, елдегі ахуалға байланысты білім беретін мекемелердің жұмысы тоқтамауы тиіс. Соған сәйкес еліміздің білім беру жүйесіне де уақытша өзгерістер енгізілді.

Сәндібек Піренов

Нәтижесінде наурыз айының 16-сынан бастап оқушылар демалысқа шықса, студенттер қашықтықтан оқу жүйесіне көшіп үлгерді. Қашықтықтан оқыту жүйесін осыдан бірнеше жыл бұрын көптеген ЖОО қолға алса, өңірдегі үш бірдей жоғары оқу орны мен техникалық және кәсіптік білім беретін колледждер жаңа жүйеге қаншалықты дайын? Аймақта жоғары және арнаулы білім беретін мекемелерде 42 мыңнан астам студент қашықтықтан оқу жүйесіне көшсе, бұл мәселе басты орында тұруы керек. Әрине, бұл ретте оқу орындарының құрамындағы оқытушылардың біліктілігіне және қашықтықтан оқытуға арналған оқу-әдістемелік негізінде әзірленген тапсырмалардың студенттерге қолжетімді болатынына күмәнмен қарамаймыз. Тек алыс-жақын шетелден және ауылдық жерлерден келген студенттердің қашықтықтан оқуға деген мүмкіндігі алаңдатады. Сондай-ақ студенттермен күнделікті сабақ кестесіне сәйкес онлайн оқытуға тиісті жағдай жасалған ба? Осы сауалдың жауабын Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ақпараттық- коммуникациялық технологиялар басқармасының басшысы Тұрсыналы Төлеевтен білдік.
– Қашықтықтан білім беру үрдісі негізінде біздің оқу орнымыз «MOODLE» жүйесін қолданады. Бұл университет серверінде орнатылған. Негізінен аталған жүйе бізге таңсық емес. Университетте бұрын сырттай оқыту бөлімі деген болатын. Ол жабылғанға дейін ондағы шәкірттер нақ осы жүйе арқылы тапсырма алып, қашықтан оқытылып келген еді. Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес биылдан бастап бұл жүйе бойынша білім алу күндізгі бөлім студенттеріне міндеттелді. Аталған жүйе негізінде білім беру «оnline» және «оffline» режимінде жүргізіледі. Мұнда студенттер пәннің мазмұнын, күнтізбелік-тақырыптық жоспарды, өткізілетін сабақтарды, практикалық және семинарлық секілді басқа да тапсырмаларды көре алады. Сондай-ақ алыс-жақын елді мекендерде тұратын студенттер үшін дәрістің бейненұсқасы сақтаулы болады. Олар өзіне берілген тапсырмаларды белгілі бір уақыт аралығында орындағаннан кейін балдық жүйемен сабақ үлгерімі бағаланып, оларға тест сұрақтары жіберіледі. Кейіннен екеуінің жиынтығы қоса есептеліп, баға қойылады. Егер қашықтықтан оқыту мерзімі ұзартылатын болса, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес осы жүйе аясындағы оқу-әдістемелік кешен негізінде әзірленген арнайы бағдарлама бойынша студенттер әрі қарай оқи береді, – деді Тұрсыналы Нақысбекұлы.
Осыдан кейін 2010 жылдан бері қашықтықтан оқытуды қолға алған М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жаңа жүйеге дайындығын білдік. Бұған дейін университетте қашықтықтан оқытуды «Google Classroom» платформасы арқылы жүзеге асырып келген екен. Жалпы осы оқу орнында бітіруші түлектерді қоспағанда 208 магистр мен 5080 күндізгі бөлімдегі студент, ал кешкі оқу мезгіліндегі 431 және бұрынғы сыртқы бөлімдегі 3 866 студент бірнеше жылдан бері қашықтықтан оқыту бойынша білім алып келеді екен. Бүгінде университеттің бакалавриат, магистратура мен докторантурасында жалпы 11950 студент қашықтықтан оқу жүйесіне көшкен. Соған сәйкес әр студент пен оқытушының жеке кабинеті бар. Онда ұстаздар студенттерге тапсырма беріп, басқа да қажетті құжаттармен алмасуға болады. Бұдан бөлек, қашықтықтан оқыту мақсатында ұстаздар «Google Classroom», «Zoom», «Youtube», «Skype», «WhatsApp», «MOODLE» сервистерін пайдалана алады. Әр студенттің мүмкіндігіне қарай тапсырмаларды беріп, оны қабылдау үшін электронды пошта арқылы жұмыс жасау да көзделген. Осыған қарап, аталған университеттің студенттеріне қашықтықтан оқу аса қиын емес деуге болады. Себебі мұнда да шалғай елді мекендерде тұратын студенттер үшін дәріс сабақтары сақтаулы тұрады.
Ал Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде қашықтықтан оқыту жүйесінің жолға қойылғанын университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Сәуле Әлімбаева айтып берді.
– Университетте білім берудің барлық деңгейлері бойынша аудиториялық сабақтар қашықтыққа негізделген технологияларды қолдану арқылы «MOODLE» білім беру порталында жүзеге асырылуда. Бағалау журналын толтыру тәртібі оқытушы мен студент арасында қашықтықтан байланыс сақталған жағдайда өзгеріссіз қала береді. Оқытушылардың да үйден онлайн сабақ өткізу мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда интернет жүйелері толық режимде жұмыс істейді, барлық электрондық ресурстар қолжетімді, – деді Сәуле Құрмантайқызы.
Қашықтықтан оқыту жүйесі жоғары оқу орындарында соңғы он жылдан бері жүзеге асырылғанын ескерсек, елдегі жағдай студенттердің сапалы білім алуына қиындық тудырмайтынын білдік. Ал бұл мәселеге колледждер аса дайын емес көрінеді. Біз осы мәселенің анық-қанығын облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дәмеш Өскембаевадан сұрап білдік.
– Өткен аптадағы сенбі-жексенбі күндері облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушыларды қашықтықтан оқытуға қаншалықты дайын екеніне зерделеу жүргізілді. Соның нәтижесінде кейбір колледждердің қашықтықтан оқытуға толық дайын еместігі анықталды. Сол үшін апта басында облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып, колледждер арасында қашықтықтан оқытуды тиімді ұйымдастыру бойынша онлайн семинар ұйымдастырдық. Аталған шарада қашықтықтан оқыту үрдісі бойынша «zhambyltipo.kz» порталын қалай пайдалануға болатыны, оқушының осы портал арқылы тапсырма алуы, студенттің тапсырманы қай кезде орындағанын көріп отыру секілді мәселелер бүге-шігесіне дейін түсіндірілді. Бұдан бөлек, министрлік ұсынған «ZOOM» қосымшасын қолданудың қыр-сыры үйретілді, – деді ол.
Жалпы ЖОО мен колледж студенттері наурыздың 16-сынан бастап қашықтықтан оқуға көшкен соң, қазіргі уақытта оқу процесінде үлкен кедергілер жоқ десе де болады. Ал көктемгі демалыстан кейін мектептерде қашықтықтан оқыту қалай жүргізілмек, оқушылар бұған дайын ба? Осы сұрақтың жауабы ата-аналарды біраз әбігерге түсірген сыңайлы. Енді оқушылар 6 сәуірден бастап қашықтықтан оқуға көшеді. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қазіргі уақытта қашықтықтан оқытуға арналған бағдарламалар жасалып жатқанға ұқсайды. Ал ол бағдарламалар дайын болғанға дейін облыс мектептерінде бірқатар жобалардың жүзеге асып жатқанын білдік. Бұл жайында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов баспасөз конференциясында айтты.
Қазіргі уақытта облыстағы төтенше жағдайға байланысты облыстағы оқушылардың уақытын тиімді өткізу мақсатында 18 жоба әзірленіпті. Яғни олар өз қалауымен «youtube» желісіндегі каналдар, арнайы сайттар арқылы ұйымдастырылатын байқауларға қатыса алады. Қазіргі ахуалға байланысты оқушылардың жағдайына жіті көңіл бөлінуі тиіс. Мәселен, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының қызметі штаттық режимде жүргізілуде және бөгде адамдардың келуіне шектеу қойылды. Сондай-ақ онда санитариялық-дезинфекциялық режимді күшейту жұмыстары тапсырылған. Баспасөз конференциясында Талғат Жамалов қашықтықтан оқытуға байланысты облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтты.
– Облыс бойынша ұстаздардың біліктілігін арттыру, әдістемелік көмек көрсету мақсатында вебинарлар ұйымдастырылып, «Қашықтықтан оқыту мектебі», «Онлайн шеберхана», адрестік көмек көрсету аясында «Сырттай оқыту мектебі», «Күзгі мектеп», «Қысқы мектеп» жобалары, химия және биология пәндері мұғалімдеріне арналған «youtube» желісіндегі «Катализатор», информатика пәні мұғалімдеріне арналған «youtube» желісіндегі «IT клуб», математика және физика пәндері мұғалімдеріне арналған «youtube» желісіндегі «Эврика», мектеп психологтарына арналған «Психология әлемі» каналдары іске қосылды, – деді Талғат Салқанұлы.
Эпидемиологиялық жағдайға байланысты білім мекемелерінде атқарылып жатқан жұмыстар қомақты. Мектеп оқушыларының сапалы білім алуына бағытталған бағдарламалар әлі де дайындалуда. Алдағы уақытта республика көлемінде қолға алынған қашықтықтан оқыту жүйесі студенттер мен оқушылардың сапалы білім алуына кедергі болмайды деп сенеміз.

Comments (0)
Add Comment