Он бес күнде 171 тұрғынға ескерту берілді

«Тазалық таза ұстаған жерде орнайды». Бұл сөз баршаға ой салары анық. Алайда, мұны кейбір қала тұрғындары жете түсінбеуде. Соның салдарынан көше бойына құрылыс қалдықтарын тастайтын тұрғындар азаймай отыр.

Осыған орай шаһар аумағында 1 мамырдан бастап құрылыс қалдықтарын және стихиялық қоқыс орындарын тазалау мақсатында бір айлық жарияланған болатын. Айлық аясында қала әкімінің аумақтық бас инспекторлары мен учаскелік полиция қызметкерлері қала көлемінде жеке және заңды тұлғалардың күл-қоқыс пен құрылыс қалдықтарды белгіленбеген орынға төгудің алдын алу, анықтау бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуде.

Он бес күннің қорытындысы бойынша құрылыс қалдықтарын көше бойына тастаған 114 мекенжай анықталып, 171 тұрғынға ескерту берілді. Егер де белгіленген мерзімде тиісті жұмыстар атқарылмаса (құрылыс қалдықтары тиісті орыннан алынбаса), ескерту берілген тұрғындарға айыппұл салынады.

Айыппұл мөлшері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505 -бабы бойынша 34 500 теңгені құрайды.

Бұл бағыттағы жұмыстар мамыр айының соңына дейін жалғасады.

Құрметті қала тұрғындары!

Өз қаламызға қамқорлықпен қарап, тазалықты барынша сақтайық!

 

Comments (0)
Add Comment