Қолжетімді бағамен

«Н.Назарбаев» орталық алаңында өткен жәрмеңкеде жалпы құны 89,9 млн теңгені құрайтын 314 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылды.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Жамбыл облысының 80 жылдығы мен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күніне орай ұйымдастырылған жәрмеңкеге он аудан мен Тараз қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз тауарларын делдалсыз, тікелей тұтынушыларға сатуға мүмкіндік алды. Тауар бағасы нарық бағаларынан 10-20 пайызға төмен сатылуы жергілікті тұрғындардың да көңілінен шықты. Жалпы бұған дейін коммуналдық базарда ұйымдастырылып келген жәрмеңке енді орталық алаңда өтпек. Екі күнге созалған жәрмеңкеге келушілердің қарасы да қалың болды. Бұл аптада көпшілікке 20 тонна ет, 8 тонна сүт өнімдері, 6 тонна шұжық өнімдері, 8 мың дана жұмыртқа, 4 тонна балық, 2 тонна бал, 1,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 4 тонна макарон өнімдері, 0,8 тонна тұз, 266,7 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері сатылымға шықты. Бүгінде жылқы еті 1800-1950 теңгеден саудаланса, қой еті базардан 6 пайызға төмен, яғни 1550 теңгеден, қазы 2000 теңгеден сатылды. Сондай-ақ пияз 50 пайыз жеңілдікпен келісі 40 теңгеден саудаланса, сұранысқа ие картоп 70-100 теңгеден саудаланды. Жуалылық «Злиха» шаруа қожалығы жәрмеңкеге алып келген картобын санаулы сағаттарда сатып үлгерді.
– Әр апта сайын жәрмеңкеге келіп, күнделікті азық-түлікті төмен бағада алып кетеміз. Өздеріңіз білетіндей, қыстыгүні ең қажеттісі – дән-дақылдар мен көкөністер. Кезекке тұрып, картоптың қабын 3 мың теңгеден алып кеттім, – дейді қала тұрғыны Сәти Сайлыбаев.
Жәрмеңкеде көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашты. Жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев, қала әкімінің орынбасары Қайсар Сарытай, облыстық, қалалық ауыл шаруашылық басқарма басшылары аралап, тұрғындармен тілдесіп, бағаны қадағада ұстады.
– Бүгінде жәрмеңке кестеге сай ұйымдастырылуда. Бағалар да қолжетімді. Тұрғындар арасында сұранысқа ие картоптың бағасы 70-100 теңгеден саудалануда. Саудагерлердің алдына кезекке тұрған тұрғындар 3-4 қаптан картоп алуда. Сондай-ақ ет өнімдеріне де жеңілдік қарастырылған. Жәрмеңкенің басты мақсаты – нарыққа өнім түспей оны орталыққа жалпы сатылымға қойып, тұрғындарға, оның ішінде ұстаздар мен зейнеткерлерге, табысы орташа азаматтарға қолжетімді бағада ұсыну. Ал мұндай сатылым жаңа жылға дейін жалпы кесте бойынша өтеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жалпы орталық алаңның дәл ортасында бақылау пункті орналасқан. Егер саудагердің таразысына немесе сатқан бағасына күмән келтірсеңіз, пунктіге барып, арнайы мамандарға алған өніміңізді өлшетіп, бағасын туралай аласыздар.

Comments (0)
Add Comment