Қолтаңбаның қандай қасиеті бар?

Күнделікті өмірде біз қолтаңбаны тек құжатқа қойылатын белгі деп қабылдаймыз. Алайда кейбір мамандардың пікірінше, қолтаңба адамның мінезі, өзін-өзі бағалауы, тіпті өмірлік ұстанымы туралы ақпарат беретін айна іспетті. Бұл рас па, әлде жай ғана қызықты тұжырым ба?

Графология ғылымын білесіз бе?

Психологиямен сабақтас графология деген ғылым бар. Батыста оның дамығаны сонша, графологтарды кейбір компаниялар арнайы жұмысқа алады екен. Себебі жаңадан қабылданатын қызметкерлердің мінез-құлқын олардың жазулары арқылы анықтап отырады. Кезінде КСРО-да графологтар қудаланыпты. Графологияға қатысты барылық материалдарды өртеп жіберген. Ал Америкада керісінше графологтарды қатты қолдаған. Қылмыстық істерде, қылмыскердің мінез-құлқын анықтау үшін олардың көмегіне жиі жүгініп отырады екен. Демек, графология белгілі бір орны бар ғылым.
Графология – грек тілінен аударғанда жазамын, үйренемін деген мағынаны білдіреді. Алғашқы графологиялық зерттеулер 1871 жылы Жан-Ипполит Мишонның (1806-1881) жазбаларында кездеседі. Осыдан бастап ІІ ғасырға жуық уақыт бойы графология қылмыстық іздестіру және психологиямен біте қайнасып дамып келеді. Екі ғасыр деп отырған себебіміз, еуропалықтар графологияға сол уақыттан бастап ғылым ретінде қарай бастаған. ХХ ғасырдың ортасына қарай бұл ғылым батыста қарқынды дамыған.
Қазақстанда графологияның тамыры терең ғылыми дәстүрден бастау алады деу қиын. Кеңес дәуірінде графология көбіне «ғылыми дәлелі әлсіз» бағыт ретінде қабылданып, ресми психология мен педагогикадан тыс қалды. Ол кезеңде қолжазба зерттеулері негізінен криминалистика саласында авторды анықтау, жалған құжаттарды тексеру мақсатында қолданылды. Алайда бұл соттық-сараптамалық зерттеулер классикалық графологиядан гөрі техникалық сипатта болды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде жеке даму, психология, коучинг салалары қарқынды дами бастады. Осы кезеңде графология да қайтадан назарға ілікті. Шетелдік кітаптар, онлайн курстар, тренингтер арқылы бұл бағытқа қызығушылық танытқан мамандар пайда болды. Кейбір психологтар мен коучтар графологиялық элементтерді тұлғалық талдауда қосымша құрал ретінде қолдана бастады.
Бүгінде Қазақстанда графология ресми ғылыми пән немесе университеттік мамандық ретінде қалыптаспаған. Дегенмен, ірі қалаларда жеке графологтар, онлайн кеңес беретін мамандар бар. Олар қолтаңба мен жазуға қарап адамның өзіне деген сенімі, эмоциялық күйі, қарым-қатынас стилі туралы қорытынды жасап, оны жеке даму кеңестерімен ұштастырады. Әсіресе әлеуметтік желілер арқылы графология кеңінен таралып, көпшілікке қызықты контент ретінде ұсынылуда.
Қоғамда бұл салаға көзқарас екіұшты. Бір тарап графологияны өзін-өзі тануға көмектесетін қызықты әдіс деп қабылдаса, екінші тарап оны нақты ғылыми дәлелі жоқ бағыт ретінде сынайды. Кәсіби психологтардың көбі графологияны жеке диагноз қоюдың негізгі құралы ретінде қолдануға қарсы, бірақ оны адамның ішкі күйін түсінуге арналған қосымша тәсіл ретінде қарастыруға болады деп есептейді.
Қазақстандағы графологияның тағы бір ерекшелігі – ұлттық жазу мәдениетінің ықпалы. Кирилл әліпбиі, латын графикасына көшу үдерісі, тіпті кей адамдардың араб графикасымен жаза білуі қолжазба ерекшеліктерінің әртүрлі болуына әсер етеді. Бұл отандық графологияның болашақта өзіндік зерттеу бағытын қалыптастыруына мүмкіндік беруі мүмкін.

Графология Қазақстанда әлі толық қалыптасқан ғылым емес, бірақ қызығушылық пен тәжірибелік қолдану деңгейі жылдан-жылға артып келеді. Ол бүгінде тағдырды болжайтын құралдан гөрі адамның өз болмысын тануға, мінезін түсінуге арналған мәдени-психологиялық феномен ретінде дамып келеді. Уақыт өте келе бұл салаға ғылыми тұрғыдан жүйелі зерттеулер жасалса, графология елімізде жаңа қырынан танылуы әбден мүмкін.

Қолтаңба адам өміріне әсер ете ме?

Графологтар сіздің қолтаңбаңыздың бағыты, ұзын-қысқалығы, әріптердің үлкен-кішілігі, қайырылуы, ұшталуы, бір-бірімен жалғанған-жалғанбағаны әріптердің анық түскен-түспегеніне қарап мінез-құлқыңызды анықтап береді. Графологиялық кітаптарда қолтаңба стандарт бойынша 1-2 сантиметр, әріптердің көлемі 0,5 сантиметр болуы керек екені жазылған. Бұл туралы маманның да пікрін білген едік.
– Қолтаңбаның соңы жоғарыға қаратылып бітсе, ол адам оптимизм иесі болып, кез келген өмірлік, тұрмыстық қиындықтарға шыдамды, болашақтан күдер үзбейтін болады екен. Қолтаңба тура болса – мұндай қолтаңба иелерінің бойында оптимизм мен пессимизм тең болады. Айналадағы жағдайлар бұларға қатты әсер етпейді. Егер қолтаңбаның соңы төменге қаратылса – қолтаңба иесінде пессимизм басым. Көркем өнерге қыры жоқ, өзіндік пікірі де жоқ. Өзгелердің пікірін мақұлдаумен өмір сүреді. Қолтаңбаның ұзын болуы мұндай қолтаңба иелері салмақты екенін білдіреді. Асыққанды ұнатпайды. Ойлаған мақсатына жету үшін аянбай еңбек етеді. Сонымен бірге айналасына үнемі сыни көзбен қарайды. Қолтаңбаның қысқалығы мұндай типтегі адамдардың үнемі асығып жүретінін аңғартады. Сұхбаттасының сабырлы адам болғанын жақтырмайды. Бұларға сеніп тапсырылған іс әрқашан шала орындалады. Ұзақ уақытты алатын жұмыспен айналысу олардың ішін пыстырып жібереді. Олар үшін жұмыс емес, уақыт маңызды.
Әріптердің көлеміне тоқталсақ, табиғатынан ынжық, айналасына талап қойғыш адамдардың жазуындағы бас әріптің үлкендігінің айырмашылығы басқалардан кәдімгідей сезіліп тұрады. Салмақты, сабырлы адамдардың жазуындағы бас әріп басқа әріптерден айтарлықтай үлкен болмайды. Жанұяда ақылды, үнемшіл адамдардың қолтаңбаларының басы кіші әріптермен басталады. Ірі әріптермен, балалар сияқты басып, анық қолтаңба қоятындар қияли, аңқау, сенгіш болады. Иіріп, қырлы әріптермен сәндеп қол қоятындар – көңілі бос, салмақты жүретін адамдар. Керісінше, тік, ұшты әріптермен қол қоятындар өз-өзін қатты жақсы көретін адамдар болады екен. Шиырлап қол қоятындар – үнемі сыни көзқарастағы адамдар. Арасын жиі үзіп қол қоятындар – қиялға берілгіш, адамдардың назарын өзіне қаратуды қалайтын, қоғамның алдында жақсы жағымен қалуға тырысатын адамдар, – дейді психолог Жазира Сұлтанқызы.
Психологтардың айтуынша, қолтаңба адамның ішкі «менінің» көрінісі болуы мүмкін. Адам өз қолтаңбасын өзгерткенде жаңа рөлге бейімделеді. Кейбір кәсіпкерлер қолтаңбасын ірі әрі нық етіп өзгерткеннен кейін өзін сенімді сезіне бастағанын айтады. Бұл жерде қолтаңба тағдырды емес, адамның өзіне деген көзқарасын өзгертеді.
Әрине, қолтаңба адам өмірін бір сәтте өзгертіп жіберетін сиқырлы құрал емес. Алайда ол – мінездің, талғамның, тіпті арманның қағазға түскен ізі. Сол себепті әр қолтаңба қайталанбайды. Ол біздің өмір жолымыздың кішкентай, бірақ мағыналы белгісі іспетті.
Адам алғаш рет өз есімін қағаз бетіне түсірген сәттен бастап оның қолтаңбасы бірге «өмір сүре» бастайды. Біреудікі – батыл да ірі, енді біреудікі көзге әрең шалынатын ұсақ сызықтардан тұрады. Қарапайым ғана бірнеше штрихтан құралған қолтаңба расымен адам өміріне әсер ете ала ма? Бұл сұрақ ғасырлар бойы талай ойшыл мен ғалымды толғандырған.
Мәселен, ежелгі Римде қолтаңба адамның әлеуметтік дәрежесін көрсеткен. Бай, ықпалды адамдар өз атын толық әрі сәнді етіп жазса, қарапайым халық көбіне белгі немесе қысқартылған таңба қолданған. Ал орта ғасырларда патшалар мен билеушілер қолтаңбасын арнайы суретшілерге безендіртіп, оны биліктің нышаны ретінде пайдаланған. Тағы бір таңғаларлық мәлімет, әлемге әйгілі тұлғалардың қолтаңбасы да олардың болмысын аңғартады. Мысалы, Наполеон Бонапарттың қолтаңбасы өте жылдам, өткір сызықтардан тұрған – бұл оның асығыс, шешім қабылдауда батыл мінезін көрсетеді деп саналады. Ал Альберт Эйнштейннің қолтаңбасы салыстырмалы түрде қарапайым болған. Ғалымдар мұны оның атақ-даңққа емес, ой еркіндігіне мән бергенімен байланыстырады.

Еліміздегі белгілі тұлғалардың қолтаңбасы

Әрбір өнер иесі немесе шығармашыл адам өзіндік қолтаңбасын қалыптастырады. Бұл, әлбетте, сол саланың таланттарына ғана тән. Бірақ қолына қалам ұстаған суретші болсын, санасына сәуле түскен ақын не жазушы болсын, болмаса көмейіне бұлбұл ұя салған әнші болсын, қолтаңбасын қалдырғысы келеді. Десек те, ол екінің біріне, егіздің сыңарына бұйырған бақыт па?!
Қолтаңба деген ұғымның тағы бір қасиет, қыры бар. Атақты ғалым Мырзатай Жолдасбеков Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға өзінің өмір бойы жинаған тоғыз мың кітаптан тұратын аса бай кітапханасын тарту еткенін білеміз. Оның ішінде мың шақты кітабы ақын-жазушылардан, саясаткерлерден, өнер адамдарынан авторға қолтаңба қойылып сыйланған екен. Кезінде Қадыр Мырза-әлі Сәбит Мұқановтың қолтаңбасы қойылған Жазушылар одағына мүшелік билетін қайта ауыстыру кезінде әдейі бермей, жоғалтып алдым деп, бірақ оны жеке мұрағатында сақтап қалғанын жазып еді. Мұның өзі ұлы сөз өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан қаламгерлерге деген құрмет еді.
Негізі, қолтаңба алу немесе беру үрдісі қазақ мәдениетінде ақын-жазушылардан басталған сияқты. Мысалы, алпысыншы жылдары оқырмандар мен әдебиетшілер арасында ұлы Мұхтар Әуезовтен қолтаңба алуға құштарлар көп-ақ болған. Оның үстіне сол кездегі қаламгерлердің арасында жаңа шыққан кітаптарын бір-біріне қолтаңба қойып сыйлау дәстүрі қалыптасқан.
Жалпы, қолтаңба беру дәстүрі – сөзұстарларға тән дүние. Қолтаңба берудің де өзіндік тәртібі мен мәдениеті болады. Көптеген оқырман әйгілі ақын Мұхтар Шахановтың қолтаңба беруде ерекшелік танытатынын айтады. Сөз бен сөзді ұйқастырып, ой мен ойды жымдастырып жібереді екен. Сондай-ақ Талас топырағында дүниеге келіп, Тараз шаһарында өмір сүрген талантты ақын Серік Томановтың да қолтаңба беруі ерекше болған. Өлеңдегі қолтаңбасы қандай болса, оқырманға берген қолтаңбасы да сондай бөлектеніп тұрған. Мұның өзі таланттылықтың, сөз өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастыруды мақсат еткен көңілдің көрінісі.
Белгілі әдебиетші-ғалым Құлбек Ергөбектің студент кезіндегі бір жайды айтып, желіде бөліскені бар. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында атағынан ат үркетін жазушы Сәбит Мұқановпен кездесу өтеді. Сонда кездесу кеші әлдеқашан аяқталса да студент жастар әдебиет алыбынан қолтаңба алу үшін түн батқанша кезекке тұрған екен. Әбіш Кекілбаев та Мұхтар Әуезов туралы естелігінде ұлы жазушыдан қолтаңба алуға сол кездегі әрбір жастың ынтызар болғанын жазады.
Кейіннен замана ағымымен, уақыт көшкінімен бұл үрдіс те кенжелеп қалды. Кейін бұл үрдіс әншілерден қолтаңба алуға ұласты. Қазір жастардың көпшілігі әдебиет өкілдерінен емес, эстрада жұлдыздарынан қолтаңба алуға құштар. Себебі танымалдық белгілі бір деңгейде жастық өмірге әсер етпей қоймайды. Бүгінде теледидардың іші, ғаламтордың беті әншілердің жарнамасына толы. Ал жастық өмір жылтетпеге назар аударуымен, қызылға қызығуымен де есте қалады.
Дегенмен, бұл үрдіс те қалып бара жатқан сияқты. Қазір «жұлдыз» саналып жүрген бір сахнагер «тірі» кейіпте көрінсе болды, жастар жағы улап-шулап суретке түсетін болды. Қазіргідей техниканың дамыған заманында суретке түсу сөз емес. Әркімнің қолында бір-бір ұялы телефон. Оның ішінде не жоқ дейсіз, іздегеннің барлығы да бар. Содан оны әлеуметтік желілерге салады, астына мақтан үшін бе, басқа үшін бе белгісіз, әйтеуір әлгі өнер иесінің аты-жөнін жазып қояды. Ал кітап туралы әңгіме болса, қолындағы ұялы телефоны арқылы ғаламтордан оқып жүргенін айтады.
Қолтаңба алу уақыт жылжып, дәуір алмасқан шақтарда естелік болып қалатыны ақиқат. Қолтаңба беру жайы да бүгінгі қаламгерлердің арасында жойылып барады. Баспадан жаңа шығып, сиясы кеппеген кітабын қолтаңба жазып бір-біріне ұсынбақ түгілі, бір-бірінің қандай дүниелерінің жарыққа шығып жатқанынан да бейхабар.
Өмірде әркім әртүрлі дүниеге қызығушылық білдіреді. Біреуі ананы жинайды, біреуі мынаны жинайды. Енді бірі қолтаңба алғанды жаны қалайды. Әркімнің таңдауы өзінде. Бірақ саналы адамның өмірінде қолтаңбаның алатын орыны ерекше. Өмір сағым, көшкен бір көштей бұлдырап кете барады. Бүгінгі қарапайым тұлға ертеңгі ұлы аңыз болуы да мүмкін.

Р.S.

Қолтаңба тағдырды жазбайды, бірақ адамның өз тағдырына қалай қарайтынын аңғартады. Ал бірнеше сызықтан құралған сол таңбаның артында тұтас бір өмір, бір мінез, бір тарих жатқанын ұмытпауымыз керек.

Зере ҚУАНЫШ

Comments (0)
Add Comment