Қолөнершілер көне шаһарда бас қосты

Кеше Жамбыл облысының 85 жылдығына орай облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Ақ отау» қолөнершілер этнофестивалі өтті.

Салтанатты шараның ашылуында сөз алған облыс әкімі аппараты әлеуметтік-саяси мониторинг бөлімінің басшысы Асылжан Құрманов жиналған қауымды шежірелі өлкенің мерейтойымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Мұнан кейін сөз тізгінін ұстаған белгілі дизайнер, «АSPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығының негізін қалаушы Айдархан Қалиев орталықтың атқарып жатқан жұмысына оң бағасын беріп, фестивальге қатысушыларға сәттілік тіледі.
– 2022 жылы қолөнер шеберлерінің ерен еңбегінің нәтижесінде Тараз шаһары Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы тізіміне енгені бәрімізге мәлім. Бұл – 85 жылдық белесті бағындырған облысымыз ғана емес, жалпы қазақстандықтар үшін үлкен қуаныш. Бүгінгі шараның басты мақсаты – қазақ халқының дүниетанымында заттық әрі рухани мәдениеттің үздік үлгілері мен аймақ шеберлерінің туындыларын насихаттау, өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін қалыптастыру,– деген Айдархан Миралиұлы кәсіптен нәсіп тапқан бірқатар колөнершілерді Алғыс хатпен марапаттады.
Аталған этнофестиваль аясында он саусағынан өнер тамған нәзікжандылардың киіз үйге қажетті жабдықтары көрмеге қойылып, сандық жасап, көрпе тігушілер, қамшы өріп, киіз өңдеушілер, текемет басып, алаша тоқушылар өз жұмыстарын көшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ орталықтың «Береке» аспаздық студиясынан оқып-үйренген әйел-аналардың дайындап әкелген ұлттық тағамдары сатылымға шығарылды.
Солардың қатарында ұлттық тағамды ұлықтап жүрген меркілік жеке кәсіпкер Аян Орманованы сөзге тартқан едік. Оның айтуы бойынша, сүт өнімдерін өңдеу шаруашылығымен айналысқанына 7 жыл болыпты. Аян ең алғаш «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында оқып, 505 мың теңге несиеге қол жеткізіп, бұл қаражатқа құрт қайнататын станок сатып алған екен.
– Мемлекет қолдауының арқасында Қырғызстаннан құрт шығаратын станок сатып алған едім. Бұл техника 20 килограммға дейін құрт дайындай алады. Сондай-ақ үйден ірімшік қайнатып, оны Тараз бен Алматы, Шымкент, Ақтау қалаларына жіберіп отырамыз. Күн сайын 500-700 литр шамасында сүт алып, оны ұқсатуға шамамыз жетеді. Егер сүт болып жатса, бір күнде 100-120 келі ірімшікке дейін шығарамыз. Бүгінде адал еңбегімнің арқасында 5 адамды жұмыспен қамтып отырмын, – дейді көпбалалы ана.
Этнофестивальді ұймдастыруға мұрындық болған «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғалидің айтуы бойынша, шаһар төрінде өтіп жатқан мұндай шараның халыққа берері мол.
– Кемел келешегіміз – білімді де тәрбиелі ұрпақ десек, орталықта дәл сондай қыз балалар ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіріп, айдай аруларымыз бой түзеп өсіп келеді. Қадамын жаңа нықтаған орталығымыз өткен жылы 270-тен астам іс-шара ұйымдастырды. Оның бәрі жас ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі істер екеніне ел куә. Біздің орталығымызға көпбалалы аналар, әйелдер, қыздар келеді. Жаз бойы біздің ата дәстүрімізді бүгінгі заманмен қиыстыра отырып, бүгінгі шараға қатысып жатқан шеберлер шеберлік сыныптарын өткізген болатын. Бұл көрме-фестивальдің ерекшелігі – мұнда қойылған қолөнершілердің дүниелері сатылып, өндірілген қаражат мұқтаж отбасыларға берілмек. Алдағы күндері де мұндай шаралар өз жалғасын таба береді, – дейді Эльмира Иниятқызы.
Салтанатты шара орталықтағы өнерпаздардың концертіне ұласты.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment