Сән әлемі қашанда нәзіктік пен сұлулықты ұштастыруымен әдемі. Саусақ сұлулығын асырып, кемшілігін жасырып тұратын бес саусақты қолғап, бүгінде биік талғам мен тәкаппарлық, сондай-ақ жылылық пен қажеттілікті білдірсе, бұрын қолғаппен бетке салып қалып-ақ жекпе-жекке шақыра салған.
Енді бірде қыз-қырқындар қолғабын әдейі түсіріп, әлдекімнің үйінде ұмытып кеткенсіп, кездескісі келетін емеурін танытқан.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Ал, ең сорақысы, қолғапты у сеуіп, тұншықтырып өлтіру үшін де пайдаланған. Ал бұл аксессуарға қатысты тылсымға толы оқиғаларда шек жоқ. Қолғаптың образ жасап, сән сыйлап, жылылық беріп қана қоймай, сонымен қатар адам өлтіру құралы болғанын білесіз бе?
Ал, бәрінен маңыздысы, қолғап адамның мінез-құлқы мен өмір сүру әдісін білдіріп, талғамынан хабар беріп тұрады. Сондықтан бағзыда ел ішінде қолғабына қарап, адам таныған деген мәліметтер бар.
Қолғап қалай пайда болды?
Жер бетіндегі ең алғашқы қолғаптар білекке байлап қоюға болатын, қолға арналған шағын қапшықтар еді. Ғалымдар дәл осындай қолғаптар біздің заманымызға дейін бірнеше мың жыл бұрын Ежелгі Египет жерінде пайда болған деседі. Кейіннен бұл қапшыққа бас бармаққа киілетін шығыңқы жер енгізіледі. Египеттіктер мұндай алғашқы қолғаптарды қолдарын ластап алмас үшін пайдаланған. Мәселен, жұмыс жасаған, тамақ ішкен. Бұл сөзіміздің дәлелі – жаңа патшалық дәуіріндегі Мысыр перғауыны, шамамен біздің заманымыздан бұрын 1400-1392 жылдары 12 жасар кезінде Тутанхамон деген атпен таққа отырып, 20 жасында қайтыс болған Тутанхамон қорымынан археологтардың тапқан көне биялайлары.
Ортағасырлық кезеңдерде сарбаздар мен рыцарьлар киген шынжырлы темір қолғаптар болды. Алғашқы қолғаптар мылтық пен кез келген жауынгерлік арсеналда маңызды рөл атқарды және қылыш сияқты өткір құралдарға қарсы қорғаныс жаттығуларына көмектесу үшін қолданылды. Алайда архаикалық қару-жарақтың құлдырауымен және атыс қаруының пайда болуымен сарбаздың қылыштан қылышқа қарсы тұру мүмкіндігі уақыт өткен сайын сиреген. Кейін зергерлік бұйымдар мен олардың өрнектерімен қолғаптарды кестелеу басталған.
Патшалар мен басқа дворяндардың, папа, епископтар мен кардиналдар жаппай мереке кезінде «папалық қолғап» деп атап алып киген. XIII ғасырдың ортасында қолғап әйелдер үшін сәнге айналады. Жібек немесе жұқа зығырдан жасалған бес саусақты қолғаптар білекке немесе шынтаққа дейін ұзын етіп жасалған. XVI ғасырда қолғаптар танымалдылықтың шыңына жетті, патшайым Елизавета I қонақтардың алдында сәнді және кестелі қолғап киіп шыққан. Мұндай қолғапты киюдің тағы бір себебі және оларды хош иістендіруге қолайлы, бұл үнемі жуынбайтындар үшін жақсы әдіс болыпты.
XVI ғасырда бұл үйреншікті жағдай еді. Ал 1800 жылдың соңғы бөлігінде ерлер мен әйелдер мақтанышпен кешкі киімдер мен күдері қолғаптары бар түймелі жібек және барқыт қолғаптарын киіп жүрді.
Руль дөңгелектері ағаштан жасалғандықтан, олар қолдарын сынудан қорғайтын жүргізуші қолғаптарын жасады. Спортпен бірге де бокс қолғабы пайда болды. Австралияда латекс дамыған кезде құрылыс сияқты түрлі кәсіптердегі жұмысшылар қолдарын қорғау үшін кие бастады. Ал ежелгі гректер қолғап киіп жүретін адамдарды жақтырмай, оларға «ақсаусақ» деп баға берген.
Өйткені Балқан жерінде ауа райы қашанда ыстық болып тұратындықтан, қолды суықтан қорғаудың еш қажеті болмапты. Олар қолғапты тек жұмыс үшін пайдаланатын болған. Ал римдіктердің барлығы қолғап киіп жүрген. Олар қолдарын тек қана суық пен кірден ғана емес, ыстық тамақтан да қорғайтын. Матасы қатты қолғаптармен ыстық тамақты алып жеу өте ыңғайлы еді, өйткені ол кезде ас үй жабдықтары мүлдем болмады. Ал француз ханшайымы Екатерина Медичи қолғабына у сеуіп, қажетсіз деп тапқан адамдарын өлтіріп отырған.
Орта ғасырларда қолғапқа деген сұраныс одан сайын арта түсті. Сол кездердегі ауқатты адамдар мен ақсүйектер барлық саусаққа киілетін қолғаптар киді. Ал ел билеушілер мен олардың отбасы мүшелері күмістен, алтыннан немесе бағалы тастардан жасалған қолғаптарды тастамайтын. Бірақ сарбаздар мен аңшылар бас бармаққа ғана киілетін биялайларды пайдаланатын.
Қолғап кию мәдениеті қалай дамыды?
Тарихшылар қолғап кию мәдениеті орта ғасырлардың аяғында, яғни олар пайдалы заттан сән үшін киілетін аксессуарға айнала бастаған сәттен бастап пайда болды дегенді айтады. Ең қызығы, қолғап биліктің нышанына айналды. Епископтарға қызметіне кіріспес бұрын қолғап берілетін, ал батырларға дәреже берілгенде тағы да қолғап тарту етілетін. Салық жинаушылар патша берген қолғаппен ақша жинайтын болса, соттар өз қызметіне арнайы қолғаптарын киген соң барып кірісетін еді.
Ер жігіт келесі бір азаматтың бетіне қолғап лақтырар болса, соңы дуэльге алып баратын сұмдық қорлық болатын. Ал әйел адам ер азаматқа қолғап сыйлайтын болса, шексіз сенім мен ерекше сүйіспеншіліктің нышанын білдірген. Қолғапты қабыл алған жігіт қызды өмір бойы қорғап өтуі тиіс. ХІІ ғасырда Еуропада «қолғапшы» деген арнайы мамандық пайда болған. Және бұл кәсіптің мәртебесі өте жоғары екен. Ол кездерде қолғап пішіп, оны безендіре білу кез келгеннің қолынан келе бермеген.
Бұрын қолғаптың адам өмірінде қаншалықты маңызды болғанын оқып, біліп жүрміз. Ал бүгінгі заманауи адамдар қолғапқа қатысты романтиканың қаймағын бұзып алған іспетті. Тек суықтан қорғаушы деп қана қарап, кейде жұмыс бабымен, енді бірде сән үшін ғана киіп алуымыз мүмкін. Ал бұрынғыдай қолғап арқылы қиянат жасап, қолғап арқылы ойымызды үнсіз ғана мазмұндап жеткізбейміз.
Бір қызығы, сиқырлық тұрғысынан қарағанда қолғаптар даусыз эротикалық символ болып табылатын көрінеді. Расында, ойлап қарасақ, алақанның өзі жақын адам мен тағдырдың символы болып табылады, ал біздің тағдырымыз кіммен үйленгенімізге, содан кейін бір шаңырақ астында өмір сүруімізге байланыс-ты өріледі. Сол сияқты қолғап кию және оны шешіп алу процесінің өзі алақанмен қатысы бар болғандықтан, қилы ойға жетелейді.
Сондықтан болар, ортағасырлық Еуропадағы ханымдар сүйіспеншіліктің белгісі ретінде мырзаларына қолғап сыйлаған. Егер түсіңізде бес саусақты қолғабыңызды жоғалтсаңыз, махаббатта жолыңыз болмайды. Есесіне тауып алсаңыз, үйленесіз. Неғұрлым қымбат әрі сәнді болса, сүйген жарыңыз да соғұрлым бағалы болмақ. Ақ қолғаптар жүректің тазалығын білдірсе, қолғап шешу – сый-құрметтің белгісі.
Осыншама түрлі ой, ырым-сенімге жетелейтін аксессуар туралы бала күнімізде түрлі қорқынышты әңгіме естіп, үрейіміз ұшып, қорқып жүруші едік. Неге екенін «Қара қолғап», «Қызыл қолғап», «Қылқындыратын қолғаптар» туралы аңыз-әңгімелер желдей есетін. Бірақ олардың қаншалықты рас-өтірігі беймәлім күйі қалды. Ал сіз бес саусақты қолғап туралы не білесіз?
Қолғап туралы қилы сөздер
Жалаңаштану қолғаптан басталады.
Ақ қолғап жанның тазалығын білдірмейді.
Былғары емес, матадан қолғап ки. Ең құрығанда, мұрныңды сүртуге жарайды.
Ұқыпсыз әйел екі қолғабын жоғалтып жүреді. Ұқыпты әйел бір қолғабын ғана…
Кәрілік – қолғаптан әжімдеріңнің көрініп тұруы.
Мықты сатушы үш қолғап сатады.
Қолғабы жоқтар үнемі шешіп жүреді.
Нағыз маман иесі қолғап киіп тұрып та ойлана алады.
Ол көмек қолын созды. Бірақ қолғабын шешпеді…
Ол әйелдерді қолғапша ауыстырады!
Мысық қолғаппен тышқан ауламайды.
Махаббат қар сияқты. Кейде саусаққа, кейде қолғапқа түседі.
Бірінші алақаныңа салып аяла. Содан кейін қолғаппен ұста.
Әйел ерді ұмытса да, есіне алса да, құның ескі қолғап сынды болады.
Ырым-сенімдер
Егер адам жолда лақтырылған қолғапты көрсе, жолы болады. Ал егер жоғалтып алса, оған ең жаман жағдайға дайындалу керек.
Егер сіз бұл гардероб элементтерін үйде ұмытып кетсеңіз, бұл жаман белгі болып саналады. Үйге оралсаңыз, міндетті түрде «жолға отыруыңыз» керек.
Қолғабыңызды басқа адамның қолына кигізбеңіз. Жанжал туындауы мүмкін.
Әдетте мұндай аксессуарларды сәрсенбіде кию ұсынылмайды, әйтпесе сіз қиындықтар мен сәтсіздіктерге кенелесіз.
Егер кішкентай бала қолғабын жоғалтып алса, онда алаңдамаңыз. Тек оның денсаулығын мұқият бақылаңыз. Өйткені бала қолғап жоғалтса, оның иммунитетінің әлсіреуі туралы ескертіледі деген сөз екен.
Қолғаппен амандаспау, жаназаға бармау, мерекелік іс-шараға қатыспау, шіркеуге кірмеу керек.
Қолғап сыйлауға болмайды. Соңы ұрыс-керіске ұласады.