Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №10 аумақтық округке қарасты Жилкооперация, Локомотивная, Тынышбаев, Ишин көшелерінің тұрғындарымен кездесті. Мұндағы тұрғындарды көше жарығын жүргізу, ойын алаңшасын салу, барак үлгідегі үйлердің инфрақұрылымын жақсарту, кәріз жүйесін жаңарту, қоғамдық көліктердің бағытын ұзарту сынды өзекті мәселелер толғандырады. Тұрғындардың талап-тілегін мұқият тыңдаған шаһар басшысы айтылған мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін баса айтты.
Жалпы аумақтық округте атқарылған ауқымды жұмыстар аз емес. Айталық, қазіргі уақытта кәріз тазарту кешеніне Словения мемлекетінің «СЕСТ Consulting» ЖШС техникалық-экономикалық негіздеме және техникалық-экономикалық зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Аталған зерделеу жұмыстары 2024 жылдың мамыр айында аяқталады деп жоспарлануда. Жоба толығымен зерделеніп, қорытынды алынғаннан кейін жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Сондай-ақ былтыр №10 аумақтық округ аумағында орналасқан Бебель, Түрксіб 1-бұрылысы, Түрксіб-Комаров бұрылысы, Локомотивная, Лобачевкий, Райымбек көшесінің 1-ші бұрылысы, Райымбек (Кутузов), Толстой-Тындыбеков, Тухачевский-Азизбеков, Мусоргский (Пірмановтан Сыздықов көшесіне дейін), Молдарбеков, Молдарбеков тұйығы, Уездная бұрылысы, Клубничная-Ягодная, Сарымолдаев, Есенин-Анарбаев-Беделбаев, Лұкманов (теміржолдан КЕГОК ғимаратына дейін) 1-ші бұрылысы, Лұқманов, Аванесов, Арыстан баб, Лұқманов 2-бұрылысы, Лұқманов көшесінің 1, 2-ші өткелі, Целиноград көшесінің бұрылысы, Ақтөбе көшесінің 1, 2-ші бұрылысы, «Шалғай Қарасу» көшелеріне көше жарығы орнатылды. Бүгінгі таңда аталған аумақ 100 пайыз түнгі жарықпен қамтамасыз етілген. Ал биыл №10 округте орналасқан 23 көшедегі ағаш бағаналарын темірбетон бағанаға ауыстыруға жобалық-сметалық құжаттама жасалып, сараптамадан өткізілді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстарына құжаттар рәсімделуде.
Сонымен қатар округке қатынайтын қоғамдық көліктердің қатары артып келеді. Мәселен, 2023 жылы №38 қала маңы бағытына «Саяхат-99» ЖШС «ДунФен» маркалы автобус қызмет көрсеткен болатын. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша «Автобусный парк-2020» ЖШС тарапынан сатып алған жаңа үлкен сыйымдылықтағы «ZHONG TONG» маркалы 10 автобуспен ауыстырылды. Бұдан бөлек, 2022 жылы қала тұрғындарының сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында №19 маршрут бағыты «Шалғай Қарасу» алқабына дейін созылды.
Жиынды қорытындылаған Бақытжан Әмірбекұлы тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселе назардан тыс қалмайтынын жет-кізді.
Құрмаш Қаптағай