Ойын түбі – ойран

Тараздықтар лудоманияға тосқауыл қоймақ

Тараз қаласында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Ойынқұмарлық және лудомания» тақырыбында ауқымды конференция өтті.

«Бақытты болашақ» оқушылар сарайында өткен басқосуға облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, қала әкімі Бақытжан Орынбеков, республикалық деңгейдегі психолог-сарапшылар мен өз тәуелділігін жеңе алған азаматтар қатысты.
Әуелі сөз алған Нұрғалым Мәжитұлы конференцияның маңыздылығына кеңінен тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік өршіп, кейбір отбасылар үшін үлкен қасіретке айналғанын атап өтті. Бұл дерттің жастар арасында таралуы олардың өмір салтына, қарым-қатынастарына және болашағына кері әсерін тигізуде. Соңғы жылдары лудомания салдарынан қайтыс болу фактілері тіркеліп, құмар ойындар қылмыстардың да себебіне айналуда. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, кәмелет жасқа толмаған 23 бала құмар ойын ойнау үшін үйінен қашып, ата-аналары іздеу салған.
Проблеманың маңыздылығын ескере отырып, бүгін мамандарды шақырып, осы жиынды ұйымдастыруды жөн көрдік, – деген облыс прокуроры көпшілікті еркін пікір алмасуға шақырды.
Келесі кезекте Астана қаласындағы «Сана-сезім» оңалту орталығының психологтары – Динара Қожахметова мен Гүлжайна Қасенова, 17 жыл лудомания дертіне шалдығып, оны жеңіп, дұрыс жолға түскен талдықорғандық Айбек Бектеміров, қоғам қайраткері, публицист, жазушы Жан Ақжанов, Тараз қаласы әкімдігі отбасын қолдау орталығының директоры Бақыт Жақсылықова өз тәжірибелерін бөлісіп, тақырып төңірегінде орамды ойларын ортаға салды.
Ал Бақытжан Орынбеков жасөспірімдерді құмар ойынның құрығынан қорғау бағытындағы ұсыныстарын білдірді. Айталық, шаһар басшысы ұялы телефон арқылы балалардың санасына әсер ететін түрлі ойындардың қауіптілігін ескере отырып, ата-аналар тарапынан оларды пайдалануды қатаң бақылауға алу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ жазғы демалыс кезінде жас жеткіншектерді кітап оқуға баулып, бос уақыттарын тиімді пайдалануға жағдай жасау керектігін де тілге тиек етті.
Жиынды қорытындылаған облыс прокуроры Тараз қаласында тіркелген 49 компьютерлік клубпен лудоманияның алдын алу бойынша талаптарды күшейтіп, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарға бірлескен меморандум бекіту, ойынқұмарлық пен лудоманияға тәуелділерге қатысты «Call орталықтың» жұмысын жандандыру және осы мәселе туралы студенттер мен оқушылар арасында мамандардың қатысуымен арнайы сабақтар өткізу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Жалпы, аталған жиында еліміздегі құмар ойынға тәуелділіктің таралуы, оның әлеуметтік және құқықтық салдарлары, тәуелді адамдарға көмек көрсету мен алдын алу жолдары жан-жақты қарастырылып, оларды шешуде ведомствоаралық өзара іс-қимылдың және қоғамдық қатысудың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Осылайша, бұл басқосу қоғам дертіне қарсы күресте кешенді тәсілді қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болғаны сөзсіз.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Comments (0)
Add Comment