Бүгінде спортқа бәс тігу ел арасында көңілге аса бір үрей туғыза қоймайтын үрдіске айналған-ды. Бірақ қомақты қаражатқа қиналмай қол жеткіземін деп опық жеп қалып жатқандар арамызда аз емес. Бұл туралы тіпті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің былтырғы Жолдауында баяндады.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Қалай болғанда да, букмекерлік кеңсеге қомақты ұтыс көксеп келгеннің көбі тартысты бәсекелерді тап басып болжай алатын кәнігі жанкүйерлер қатарынан емес. Қас қағым сәтте «қалтамды қомпайтсам» деген ашқарақ ой кімнің де болсын көкейін қытықтайды емес пе?! Әңгімеміздің әлқиссасын әріден бастайық.
Букмекерлер бағзыда да болған
Адамның тәні мен жанын сергітетін заманауи демалыс түрлерінің негізі пенденің қарапайым әлсіздіктерінен тамыр алады. Яғни бұл әрбір адамның сана қатпарларында құмарлыққа деген тартылыс барын айғақтайды. Кез келген мәселеге байланысты бәстесуге тұра ұмтылатын қасиетіміз де жағдайды күрделендіріп отыр. Осы факторлардың бәрі бірігіп, адамзат даласында букмекерлік кеңселердің жұмысын бастауға түрткі болды. Өз дәуірінде букмекерлік кеңселерде үлкен сомада ақша ұтып алудан гөрі ірі спорт бәсекелерінде бәс тігу үшін төбе көрсетудің өзі ақсүйектіктің нышаны еді.
Тарихшылардың деректері бойынша алғашқы бәс тігу оқиғасы көне Римнен басталған. Ол заманның әуесқойлары гладиторлар жекпе-жегінен бастап арба бәйгесіне дейін ақша тігетін болған. Араны бірнеше жүзжылдықтар бөліп тұрса да, бәс тігудің негізгі принциптері қатты өзгеріске ұшырамаған екен. Бүгінгідей коэффициенттер болмағанымен, кез келген бәсекенің нәтижесін нақты болжай алған адам жеңімпаз атанған.
1766 жыл. Герцог атағы бар британдық Ричард Таттерсолл отандастарының асыл тұқымды жылқыларға деген құмарлықтарын пайдаланып, Tattersalls аукционын бастайды. Өз бизнесін кеңейтуге ұмтылған Таттерсолл букмекерлік кеңсе, яғни тотализаторды іске қосады. Айтпақшы, бастапқыда олар тек клуб мүшелерінен ғана ставка алып келген. Олар өздерінің жылқыларын бәске қойып келсе, кейінірек бұл мүмкіндік барлығына ортақ сипат ала бастады. Айта кету керек, бұл тотализатор әлі күнге дейін сәтті жұмыс істеп келеді. Біз білетін букмекерлер XIX ғасырдың ортасында пайда болды. Спорт әлемінде көптеген жаңа бәсекелер ұйымдастырылып, тиісінше, бәс тігуге ынтықтардың саны арта түскен. Бұл қызығушылықтан түрлі клубтар ұйымдастырылды. Сол кездің өзінде букмекерлік кеңселердің жұмыс принципі қарапайым еді: мұнда ставкалар қабылданып қана қоймай, бәс тігудің барлық шарттары ұйымдастырылған, сонымен қатар коэффициенттер мұқият есептелетін болған. Қалай болғанда да, бұл процестердің мақсаты біреу ғана – жарыстың қалай аяқталатынына қарамастан, олжалы болу.
Букмекерлік кеңсенің танымалдылығы артқан сайын көптеген елдердің билігі бұл жүйені басқаруға шешім қабылдайды. Нәтижесінде беттинг секторы мемлекеттік бақылауға өтеді, мемлекет ойынның адалдығы, салық төлеу мәселелерін бақылауға кіріседі. Бір қызығы, алғашқы букмекерлік кеңсе ресми түрде алғаш рет Ұлыбританияда іске қосылған, оның иелері – Фред Свинделл мен Левиафан Дэвис. Бірнеше жылдан кейін мұндай кеңселер Еуропаның барлық ірі державаларында пайда болған. Бүгінде ғаламтордың пайда болуымен беттинг секторы үлкен өзгеріске ұшырап, букмекерлік кеңселер өз жұмыс дағдыларын жаңаша өзгертіп алған. Бұл өз кезегінде ойынқұмарлардың санын ұлғайтпаса, кеміткен жоқ. Жасы бар, жасамысы бар, қалтасына артық тиын түссе, ойынға ақша тігуге ұмтылатын болған.
Құмарлық па, қызығушылық па?
Енді бір мәселенің басын ашып алайық. Сонымен, букмекерлік кеңсе қызметін пайдаланып ақша тігу қызығушылық па, құмарлық па? Құмарлықтың сау және асқынған түрі бар. Ойынқұмарлықтан емдейтін дәрігерлер жұмысы заңмен реттелген кеңселерге ешқандай қарсылықтары жоғын айтады. «Бұл ойын түрінен келетін қауіп аз. Яғни интернетте белсенді түрде жарнамаланатын жасырын казинолардағы ашық тонаудан гөрі адал ойнаудың және уақытты тиімді өткізудің өркениетті тәсілі. Алайда ойынқұмарлықтың құрбандары болғандар ойын алаңдарына арнайы бас бұрмайды. Олар кез келген жерде қолындағы құрылғы арқылы экраннан бас ала алмай қалады», – дейді олар.
Ойынқұмар «бәрі бірден бола қалса» дейді. Интерактивті казинолар жұмысының өрлеуіне осы нәрсе себеп. Ойындарға деген оңай қолжетімділік жұрттың қалтасы мен жүйкесін қатар жұқартып отыр.
Шынтуайтында, кей спорттық ставкалар – жасырын казинолардың және басқа да құмар ойындардың айлакерлік түрі. «Спорт» деген желеумен жасөспірімдер, жастар және ересектер соңғы ақшаларынан қағылады. Мұндай жүйенің негізгі принципін жете түсіну керек. Интерактивті казиноларда қомақты сома ұтып алу мүмкін емес. Өкініштісі, алғашында спорттық ставкалар қорқынышты ойын автоматы ретінде қабылданбайды. Керісінше, бәс тігушілер мұны сау хобби, спортқа деген қызығушылық деп санайды. Шын мәнінде, казино екені белгілі болғанда, бәрі кеш болып жатады.
Неліктен біз бәс тігуге бейімбіз? Себебі қағаз бен экрандағы сомалар – көздің құрты. Дайын ақша кімнің де болсын дегбірін алады. Ойын бұзады, көңілде «жылдам оңай пайдаға кенелемін» деген құмар ой қылаң беріп, алғашқы ұтыстардан соң, ақшаға тәуелділіктен туған пендауи инстинкт ұлғая түседі. Толқу пайда болады.
Спортсүйгіштен ойынқұмарға айналған адамның аражігін ажырату қиын емес. Бәрі де қарапайым. Ойынқұмардың әрдайым күйзелісте жүруге еті үйрене бастайды. Алғашында жеңіл ақша желік тудырады. Ізінше бойында адреналин мен серотонин дозасы ұлғайып, құмарлыққа тоқтам болмайды. Ойын өмірінің мәніне айналады. Ойыннан тыс уақытта ол бақытсыз. Ақшаны «спортқа тігемін» деген нәрсе – ойды алдау, елді алдау. Осы тұста ойынқұмар өз отбасын да «спортсүйермін» деп алдаусыратып жүруі мүмкін. Түрлі әлеуметтік, отбасылық кикілжіңдер осылай қарқын алады. Бәс тігуге тәуелділіктің ең қорқынышты кезеңі – ойынқұмардың шынайылықтан ажырауы. Бір қарыздан екінші қарызға іліккен адамның жағдайы «бәрінің жалғыз шешімі бар – ойынды тоқтатпау, ойын арқылы олжаға кенелу» деген ойдан ушыға түседі. Қалыптасқан жағдай бойынша проблема бұл қарқынмен реттелмейді.
Жақын адамыңыз ойынқұмарға айналса не істеу керек?
Біріншіден, ол кеселді құмарлықты кез келген жолмен жасыруға тырысады: қосымша жұмыс ойлап табады немесе керісінше, жұмыстан шығып қалғанын айтады. Маскүнем мен нашақордан айырмашылығы – құмар ойыншы емделуге мұқтаж екенін түсінеді. Тағы бір нәрсе, букмекерлік кеңселерге тәуелділік оған соншалықты қорқынышты көрінбеуі мүмкін. Бірінші қадам – адамға ойынды тоқтатуға өтініш айтып, гаджеттерді қолжетімсіз ету. Оның стрессіз өмір сүре алатындығын тексеру. Әдетте ойыншы мұндай экспериментке келіседі. Егер оқшаулауға төзбесе, психотерапевт көмегіне жүгінген абзал. Себебі тәуелділікке бейім болу – ми жұмысында ауытқу барының алғашқы белгісі.
Заң не дейді?
Заңнан бұрын экономикалық тұрғыдан ой түйелік. Былтыр букмекерлік кеңселер ел қазынасын 14 миллиардтан астам сомаға толтырыпты. Ал биылдан бастап оларға қосымша құн салығы бекітіліп, жұмыстарына бақылау күшейді. Жуырда ғана елдегі ең ірі «OLIMP» кеңсесінің лицензиясынан айырылуы – осының айғағы.
Ranking.kz ұсынған статистикалық мәліметтерге сүйенсек, құмар ойындар қызметінің үлесі өткен жылдың межеленген мерзіміне қарағанда 207,2 пайызға артып кеткен. Көрсеткішті теңгеге айналдырсақ, ойын бизнесіндегі осы шамадағы ақша айналымы 6,8 миллиард теңгені құрап отыр. Бір қызығы, құмар ойынға құныққандардың дені қалалықтар емес, ауылдың адамдары болып шықты. 2,9 пайыздан 5,8 пайызға өсіп кеткен. Жамбыл облысының экономикалық тұрғыдан өзін-өзі асырауға шамасы жетпегенімен, ойын бизнесінен түсетін қаражат көлемінен Алматы және Нұр-Сұлтан сынды қос мегаполистен соң үшінші орынға жайғасып отыр.
Осы жылдың мамырында кеңселерге байланысты жаңа заң қабылданды. Букмекерлік кеңселерге тек спорттық оқиғаларға ставкалар қабылдау міндеті белгіленді. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында тиісті заң жобасын талқылау кезінде Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бәс тігуге байланысты баяндамасында бірқатар мәселені айтты.
– Бәс тігуге қатысушылардың деректер қоры жалпыға бірдей декларациялауды енгізуге, бәс тігуге қатысатын клиентті шектеу және клиенттің өзін-өзі шектеу рәсімін енгізуге ықпал ететін болады, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі шараларды күшейтеді, – деді А.Райымқұлова.
Сонымен қатар ол тек спорттық оқиғаларға ставкалар қабылдау міндетін белгілеу ұсынылғанын айтты. «Оқиғаның нәтижесіндегі ашықтықты және ойыншылардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында букмекерлік кеңселерге тек спорттық оқиғаларға ставкалар қабылдау міндетін белгілеу ұсынылады», – деді министр. Нақтысы, жекелеген букмекерлік кеңселер виртуалды футбол, хоккей, баскетбол, теннис, автожарыс және компьютер көмегімен онлайн өтетін басқа да виртуалды оқиғаларға ставкаларды қабылдайды. Осыған дейін Парламент Мәжілісінде ойын бизнесіне қатысты заң жобасы жұмыс тобының 12 отырысында талқыланды. Депутаттар 150-ден астам түзетулер енгізіп, оның мазмұнын түзеді, кем-кетігін толықтырды. Мемлекеттік деңгейдегі осы әрекеттерден соң құмар ойындарға тоқтам болса деп отырғанымызда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі Жолдауында жастардың жеңіл ақшаға құмарлығы ойланатын мәселе екенін алға тартты.
Букмекерлік кеңсе жұмыстарының көлеңкелі тұстары аз емес. Содан жапа шегіп жатқандардың да қарасы қалың. Қай тұстан қарасақ та, мәселенің ақ-қарасын оқырман өзі ажыратуы тиіс. Тек құмар ойын құрсауында қалсаңыз, оңай олжа опа таптырмайтынын ұмытпаған жөн.