Ойын алаңдары ешкімді ойландырмайды

Онда санитарлық талаптың қатаң сақталу керектігін кәсіпкерлер білмей ме?

Бала – көңілдің нұры, жүректің жыры. Ел ертеңі. Ал сол еліміздің ертеңі еңселі болу үшін балаға бүгіннен бастап жағдай жасалуы қажет. Үйде мәпелеп отырған бөбегіне ата-анасы қыл қондырмай, асты-үстіне түсіп отырғаны анық. Алайда баланың ермегі ойын екені белгілі. Үйде де, сыртта да ойынмен өседі. Ал сол ойын баласының қауіпсіздігі қаншалықты қорғалған?

Әсіресе қоғамдық орындардағы ойын алаңдары бала өміріне қаншалықты қауіпті екенін білесіз бе? Бүлдіршіндерді қолдап, қолпаштағаннан бөлек, амандығын ескеріп, қорғап, денсаулығына зиян келтірмеуді ойлап жүрміз бе? Әлемді жұқпалы індет жайлап, жер-жаһанның алқымынан алғалы үлкендердің өзі бойын үрей билеп, барынша адам көп жиналатын орындарда сақтанып жүргені рас. Ал бүлдіршіндер ше? Олар ненің қауіпті, ненің қауіпсіз екенінен бейхабар. Ал ойын алаңын ұсынушы тарап санитарлық талаптарды сақтап, бала денсаулығына алаңдаушылық білдіріп жүр ме?
Осы сұрақты алға тартып, қаладағы ойын алаңдарына жол тарттық. Пандемия тарапынан етек-жеңімізді жинап, «жасыл» аймаққа көшкеніміз кеше. Бірақ жұқпалы дерттің қаупі әлі сейіле қойған жоқ. Қазір сауда орталығы, кафе, демалыс орындары болсын, барлығында балаларға арналған ойын алаңдары қарастырылған. Балаларды сырттан бақылағанда, әдеттегідей қаннен-қаперсіз аяқ басқан жерді де, жерде жатқан лас ойыншықты да бала біткен аузына салып ойнап жүр. Бір сағаттан аса бақылағанымызда, тазалыққа аса көңіл аударған үлкен-кіші байқалмады. Бастысы – бала жыламаса, ойнап жүрсе болғаны. Бірнеше демалыс орнында қызметкерлерді сөзге тартқанымызда, таң ата ойын алаңдары жуылып, тазаланады екен. Алайда күніне бір-ақ рет. Ал бұл алаңдарда балалар таңнан кешке дейін қара үзбей ойнап жүр. Ата-аналардың да «Мына жер қашан дезинфекцияланды?» деп сұрағанын көрмедік.
Мен аралаған ең соңғы нүкте «Март» сауда орталығы болды. Сауда орнының үшінші қабатында орналасқан «Joyland» балаларға арналған ойын залында батут, әткеншек, аумақ-саумақ, автоматты ойындардың сан алуан түрі бар. Қызығына тоймай отырған қадірліңді қабат үйдің тар қапасына қамағанша, ойын алаңына алып келген тиімдірек, әрине. Бала біткеннің бар арман-ықыласы да – ойынын қандыру ғана. Бірақ мұндай жерлерден бала зиян шегіп, әлдебір жұқпалы дерт жұқтырып алмасына кім кепіл? Бұл жерде де балалар алашапқын болып, еркін ойнап жүр. Ойыншық кеме армандарын айға апарып, ойындағы өз «дұшпанын» ойын автоматымен атып, батуттың үстінде күнұзақ секіріп ойнауға бар жағдай жасалған. Бірақ бұл алаңшалар қаншалықты санитарлық талапқа сай? Ойында ойыннан өзге түк жоқ балаларға, әрине, бәрібір. Олар өздерінің ойнап жүрген жері таза ма, лас па, шаруасы жоқ. Бұл жерден де батуттарды жуып, сағат сайын сүртіп, тазалап тұрған ешкімді байқамадық.
Ойын алаңының басшылығымен ұялы телефон арқылы байланысқа шығып, санитарлық талаптар қаншалықты сақталатынын сұрағанымда, тұтқаның арғы жағынан асығыс сөйлескен ер адам қойған сұрағыма жауап беруге уақыты жоқ екенін алға тартты. Мен мұндай жағдайда тек көргеніме сүйеніп мақала жазатынымды айтып, кете бардым. Кешірек менің ұялыма өзін орталықтың қызметкері деп таныстырып, қоңырау шалынды. «Ресми хат жазыңыз, жауап береміз» деген соң, «Март» сауда орталығының балаларға арналған ойын-сауық алаңында бүлдіршіндердің денсаулығына сәйкес қандай санитарлық талаптар сақталады? Әткеншек, батут, сырғанау алаңында жарақат алған жағдайда көрсетілетін медициналық көмек қарастырылған ба?» деген сұрақты алға тартып, хат жолдадым.
Әлеуметтік желідегі пошта арқылы жолданған сауал-хатқа өз кезегінде мынадай жауап келді: «Joyland» ойын орталығы «Ashyq» қосымшасы арқылы жұмыс істеуде. Ойын орталығында қолды дезинфекциялауға арналған санитайзерлер орнатылған. Жұмыс күні ішінде бірнеше сағат сайын антисептикті пайдалана отырып, ылғалды жинау жүргізіледі. Және бөлмені кварцтау арқылы тазарту жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта «MART» ОСО-да медициналық қызметкер жоқ, бос орынға іздеу жүріп жатыр», – деп сауда орталығының мамандары екіұшты жауап беріпті.
Екіұшты деп отырғанымыз, ойын алаңында болғанымызда, бөлмелерді кварцтамақ түгілі әткеншектерді сулы шүберекпен сүртіп жатқан ешкімді көрмедік. Оған қоса, бала жарақат алып жатса, оған алғашқы медициналық көмек көрсететін медбикені орталық қызметкерлері журналист барғаннан кейін іздей бастағаны еріксіз езу тартқызды. Тағы бір айта кетерлігі, «Kidspark» пен «Starkids» ойын алаңдарына барған кезімізде де орталық қызметкерлері жауап беруден бұлтарып, кейіннен жіберген хатымызды да елеусіз қалдырды. Демек, мұнда да санитарлық талаптар сақталмай отыр деген сөз.
Бұған дейін қала әкімдігі жанынан құрылған мобильдік топтар тойханалар мен кафелерді тексеріп, жүгенсіз кеткендерді бір жөнге салып қойған болатын. Ендігі кезек ойын алаңдарына келген секілді. Себебі санитарлық талаптар сақталмай отырған мұндай орындардан бала індет жұқтырып жатса, мұның арты жақсылыққа апармайтыны анық.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment