Облыстағы емдеу орындарының қарашаңырағы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында медицина саласының дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Шынын айту керек, соңғы жылдары медицина саласында жеткен жетістік те, табыс та мол. Осы табыстардың молаюына сүбелі үлес қосып келе жатқан алдыңғы қатарлы емдеу мекесінің бірі де бірегейі – Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы.

Жамбыл облысының ең көне медициналық мекемесі 1873 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінде тәулік бойы шұғыл және жоспарлы стационарлық, білікті мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек, емдеу-диагностикалық және профилактикалық қызмет көрсететін емдеу мекемесі өзгелерге үлгі болып отыр.

Әулиеата уезінде алғаш ашылған емдеу мекемесі небәрі алты төсек-орынмен ғана жұмысын бастаған. Онда науқастарды бар болғаны үш қызметкер – дәрігер, фельдшер және екпе егу маманы қабылдаған. Архив материалдарына сүйенсек, 1920 жылы аймақта медициналық қызметті жеті дәрігер, 34 фельдшер мен дәрігер көмекшісі, тоғыз акушер, бір тіс дәрігері, бір мейірбике, бір провизор және екі фармацевт көрсеткен. Емдеу мекемелері уездің ауылды жерлерінде де ашылып, төсек-орын саны 180-ге дейін ұлғайған.

1939 жылы Әулиеата уезі Жамбыл облысы болып қайта аталды. Сол уақыттан бері облыстық аурухана үздіксіз дамып, кеңейе түсті. Медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасы нығайып, көптеген бөлімшелер заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Облыс орталығында облыстық аурухананың жаңа ғимараттары мен корпустары – терапевтік және хирургиялық бөлімдер, консультативтік емхана, офтальмологиялық орталық және басқа да нысандар салынды. Бұл орталықта жоғары білікті дәрігерлер қызмет етіп, сол кезеңнің медициналық жетістіктерін өз тәжірибесінде қолданды.

Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдардан бері Жамбыл облыстық ауруханасы өңірдегі ең ірі медициналық кешенге айналды. Қазіргі таңда мұнда ғылыми зерттеулер жүргізіліп, түрлі ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар ұйымдастырылып келеді. Жыл сайын дәрігерлер мен фельдшерлер біліктілікті арттыру курстарына қатысады. Сонымен қатар көптеген дәрігерлер өз мамандықтары бойынша ғылыми диссертацияларын сәтті қорғады. Қазіргі уақытта аурухана 320 385 төсек-орынға арналған.

Бүгінде Жамбыл облыстық ауруханасын тәжірибелі маман Марат Жұманқұлов басқарады. Ұжым үнемі кәсіби шеберлігін шыңдап, дәрігерлер шетелдің жетекші клиникаларында тағылымдамадан өтіп, озық емдеу әдістерін меңгеруде. Қазіргі таңда бұл мекеме өңірдегі ең ірі медициналық ұйым ретінде жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу мен күрделі хирургиялық оталар бойынша алдыңғы қатардан көрініп отыр.

Соңғы жылдары әлемде ревматикалық аурулардың өсу тенденциясы байқалып келеді. Патологиядан егде жастағы адамдармен қатар жастардың да көп зардап шегетіні. бұл тұрақты жұмыс қабілеттілігін жоғалтуға ықпал етеді. Осыған байланысты ел бойынша ревматологиялық ауруға шалдыққан науқастарға көмек көрсетуді жақсарту қажеттілігі туралы мәселе көтерілді. Нәтижесінде өткен жылдың шілде айында елімізде алғашқылардың бірі болып аурухана жанынан ревматологиялық орталық ашылды.

Бұл орталық өңірдегі ревматологиялық ауруларды диагностикалауды және емдеуді жақсартуға мүмкіндік береді. Онда физиотерапия және емдік дене шынықтыру әдістері қолданылып, науқастарға мүгедектіктің алдын алуға көмек көрсетіледі. Атқарылған кешенді жұмыстардың арқасында 2024 жылы 1 500-ден астам адам ревматологтың кеңесін алып, мамандандырылған тексеруден өткен.

Материалдық-техникалық базасы тұрақты түрде жаңартылып келе жатқан орталық ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Бас ревматологы Г.Тоғызбаев берген заманауи капилляроскоппен, сүйектің минералды тығыздығын бағалауға арналған бірегей аппарат – денситометрмен толықты.

Ал желтоқсанда Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен және жергілікті бюджет қаражаты есебінен облыстық көпсалалы аурухананың клиникалық-диагностикалық бөлімшесінде General Electric компаниясының Revolution Maxima жоғары технологиялық мультиспиралды компьютерлік томографы орнатылды.

Жаңа томографтың басты артықшылығы – оның жоғары дәлдігі мен тиімділігі. Құрылғы дәл диагноз қою үшін егжей-тегжейлі мәліметтер алуға мүмкіндік беретін 128 қызметті орындай алады. Бұл, әсіресе, кардиологияда, омыртқаның онкологиялық зақымдануын анықтауда, мидың перфузиясын зерттеуде, интервенциялық хирургияда және кеуде және іш мүшелерін диагностикалауда таптырмас құрылғы.

Жаңа жабдықты орнату дәрігерлерге ауруларды тезірек және дәл анықтауға мүмкіндік беріп, бұл емдеуді уақтылы бастауға және медициналық көмектің сапасын жақсартуға көмектеседі.

Ал осы жылдың қаңтарында Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында алғаш рет госпитальдық фармация бөлімшесі ашылды. Дербес құрылымдық клиникалық бөлімшеде дәрі-дәрмектерді сауатты басқару, пациенттерге препараттарды жеткізу жүйесін цифрландыру, дәрілік заттардың дербестендірілген есебін жүргізу жұмыстары жүргізіледі. Мұнда берілетін дәрі-дәрмектердің саны автоматты түрде бақыланады. Бұл, өз кезегінде, медициналық препараттарға жұмсалатын шығынды үнемдеуге, бұрыс тағайындаулар мен емдеу тәуекелдері барынша азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар клиникалық және экономикалық тиімділікке, дәрілік терапияның қауіпсіздігіне қол жеткізуге, медициналық көмектің сапасын және емдеу нәтижелерін жақсарту үшін дәрі-дәрмектерді ұтымды пайдалануға жол ашып отыр.

Бұдан бөлек, наурыз айында колопротология бөлімінің дәрігерлері алғаш рет Делорма әдісін қолдана отырып, тік ішектің пролапсын жою үшін хирургиялық операция жасады. Бұрын бұл инновациялық тәсіл тек республикалық медициналық орталықтарда қолданылған. Жүйелі, жоспарлы жүргізіліп келе жатқан жетілдірулердің арқасында енді бұл әдіс жергілікті тұрғындар үшін де қол жетімді болып отыр. Делорма әдісінің басты ерекшелігі – ота кезінде іш қуысы кесілмейді, жалпы анестезияның орнына эпидуралды анестезия қолданылады. Операция кезінде тік ішектің зақымданған бөлігінің шырышты қабаты ғана алынып тасталады. Бұл физиологиялық шектеулерді болдырмайды.

Сонымен қатар облыстық аурухананың хирургиялық бөлімшесінде алғаш рет арнайы медициналық технологиялардың көмегімен бауырдың сирек патологиясы кезінде қан кетуді тоқтататын заманауи жарақатсыз ота жасалды. Бұрын мұндай операциялар анестезиямен лапаротомия арқылы ғана жүргізілетін. Қазіргі заманғы технологиялардың арқасында мұндай оталарды науқастар үшін барынша жеңіл өткізу мүмкіндігі туып отыр. Бүкіл процедура тек 20-30 минутқа созылады.

Ал Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының ангиохирургтары – Мұхан Аманов пен Рахым Сәдібек заманауи күрделі әдістерді қолдана отырып, оң жақ ішкі ұйқы артериясын резекциялау бойынша бірегей операцияны сәтті жүргізді.

Сондай-ақ дәрігерлердің кәсіби біліктіліктерін шыңдай мақсатымен шеберлік сағаттары шеңберінде оталар жүргізу де тұрақты жолға қойылған.

Аймақтағы медициналық мекемелердің қарашаңырағы саналатын облыстық аурухана осылайша жыл өткен сайын дамып, гүлденіп, түрленіп келеді. Аймақ тұрғындарының денсаулығын сақтауға өлшеусіз үлес қосып отырған аурухана кәсібилік пен дәрігер антына адалдықты бірінші орынға қойған алдыңғы қатарлы емдеу орны. Білікті басшылық басқару мен жауапты мамандардың қызметі нәтижесінде республика көлеміндегі оқ бойы озық келе жатқан мекеме саналатын оның терең тарихы мен заманауи бағыттағы өсуі оның болашағы да зор болатынын анық аңғартып келеді. Сол себепті де біз қаншама жанның өмірін ажалдан құтқарып, дертіне дауа тапқан мамандық иелеріне әрқашан сенім артамыз. Ақ жүрек пен аялы алақан иелерінің алдағы кәсіби төл мерекесі құтты болсын!

Еркін САЙЫН

Comments (0)
Add Comment