Облыста 35 мектеп басшысыз отыр

Ұстаздар директор болудан неге қашады?
Облыста 35 мектеп басшысыз отыр

Бүгінгі жаһандану дәуірі ұстаздардан көп нәрсені талап етіп отырғаны сөзсіз. Сапалы білім мен саналы тәрбие беру арқылы балаларды заман ағымына сай бейімдеу де педагогтердің еншісінде. Әсіресе бұл тұрғыда мектеп директорларына артылар жауапкершілік жүгі ауыр.

Десе де, соңғы кезде облысымызда осыған мән беруге тиіс мектеп басшыларының тапшылығы байқалып отыр. Бұл сөзіміздің дәлелі – қазіргі таңда облысымызда жалпы саны 35 мектеп директорының орны бос тұрғаны. Ал өткен 2024 жылдың дәл осы кезеңінде облыстағы 50 оқу ордасында басшы болмаған.
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының мәліметінше, «ҚР Білім және ғылым министрінің «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығына сәйкес, мектеп басшыларының тағайындау жұмыстары жүргізіліп, конкурс тұрақты түрде айына бір рет өткізілуде екен. Бос тұрған басшы лауазымдары азайғанымен, кейде директорлардың зейнетке шығуымен, басқа жұмыстарға ауысына байланысты бос лауазымдар саны қайта қалыптасып жатқан көрінеді.
Осы ретте «Неліктен біздің мектептерге басшы бұйырмай тұр, әлде бізде бұған лайық білікті кадрлар жоқ па, немесе оның басқа себебі бар ма?» деген заңды сауал туындайды. Біз де осы сұрақтарға мейлінше жауап табуға тырыстық.
Тараз қаласындағы М.Мақатаев атындағы №14 орта мектеп директорының оқу-әдістеме ісі жөніндегі орынбасары Мәулен Жаппасбаевтың сөзінше, қазір директорларға тым көп жауапкершілік артылған екен.
– Бұл мәселенің ең бірінші ұшы еңбекақыға тіреледі. Мысалы, өзге мемлекеттік мекемелерде басшының жалақысы қызметкерден жоғары да, ал мектептерде бұл керісінше. Мәселен, түрлі біліктілік дәрежелерін иеленген қатардағы мұғалімнің ай сайынғы жалақысы кез келген директордан жоғары. Одан соң мектеп басшыларына артылған жауапкершіліктің жүгі өте ауыр. Себебі, олар оқу ордасының материалдық-техникалық базасынан бастап, балалардың қауіпсіздігі, тіпті оқушылардың асханада дұрыс тамақтануына дейін жауапты. Одан соң бір бала бұзықтық жасаса, мектептен тыс кезде де бірдеңе бүлдірсе, оның сұрауы ата-анадан емес, тағы да директордан болады. Жазасын тартатын да – сол. Әрине, басшы да темір емес, ол да ет пен сүйектен жаралған пенде. Ал жоғарыда мен тілге тиек еткен шектен тыс жүктеменің барлығы кез келген адамды физикалық та, моралдық та тұрғыдан әбден қажытады. Сондай-ақ әркімнің отбасылық жағдайы әртүрлі. Ол да өз әсерін тигізбей қоймайды. Осыдан кейін педагогтер бір мезгіл сабағын беріп, қалған уақытта демалғанды дұрыс көреді. Директорлар секілді таңның атысынан кештің батысына дейін мектепте табан тоздырғысы келмейді. Әлбетте оларды да түсінуге болады. Себебі, сананы қашанда тұрмыс билейді, – дейді Мәулен Мұхитұлы.

«Дарын» лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Базарбай Дүйсенбаев та педагогтердің басшылыққа ұмтылмауының бірнеше себебін атап көрсетті.
– Қазіргі уақытта тәжірибелі ұстаздардың мектеп директоры қызметіне қызығушылық танытпауының бірнеше уәжді себебі бар. Біріншіден, мектептегі оқу және тәрбие жұмысын басқарумен бірге қызметкерлермен қарым-қатынас, ата-аналармен байланыс, бюджетті басқару мен жауапкершілік және шешім қабылдаудан бөлек дәстүрге айналған «көлеңкелі» тексерістер қажырлы күш-жігерді қажет ететіні белгілі. Жүйе өзгермей сана өзгермейтінін мойындайтын кез келді. Екіншіден, бүгінгі қоғамда адамға тән, өмірде сұранысқа ие күрделі мәселені шешу, сыни ойлау, креативтілік секілді қабілеттердің кей мамандардың бойынан табыла бермеуі. Бұл орта білім саласындағы осы ғасырдың басынан бері жүргізілген 20-дан астам реформаның салдары.
Үшіншіден, мұғалімдік мамандығын жанымен қабылдаған ұстаздардың негізгі яғни, оқыту мен тәрбие беру жұмыстарынан алшақтап кетуі. Төртіншіден, мардымсыз жалақы мен қаржылық жағдайға тіреледі. Шындықтың да тамақта жөтел сияқты жыбырлап тұратынын несіне жасырамыз. Әрине, мұның бір ұшы қоғамда бәрі білетін «ставканың» өсуіне де байланысты. Сонымен қоса директор болуы үшін Абайша айтсақ, «бар малын шығындаған» қаржысының орнын толтыру үшін жөнсіз сыбайлас жемқорлыққа ұрынып қалу ықтималдығы жоғары екенін де ескергеніміз жөн. Міне, осындай факторлардың барлығы білікті педагогтердің директор болуға құлықсыздық танытуына әкеліп соқтырып отыр, – дейді Базарбай Рысбайұлы.
Ал А.Макаренко атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Салтанат Кусёва білім берудегі дағдыларды саралай алатын, білік-дағдысы мен көшбасшылық қабілетіне сенімді педагог қана басшылық қызметке баруы қажет деп санайтынын жеткізді.
– Кәсіби тұрғыда өзіне сенімді, білікті маман болу білімді болуды ғана талап етпейді. Әрбір педагогтің әлеуеті басшы болуға жетіп тұрғанымен жауапкершілігі мен арқалар жүгі қазіргі заманда өте салмақты. Себебі, басшы білімге ғана емес, тәрбие мен мектептің біртұтас жүйесіне толық жауапты бірден-бір тұлға. Көшбасшы менеджер ретінде стандартта көрсетілген құндылық пен дағдылар бойында болмаған кезде өзіне деген сенімділік те төмендейді. Екінші фактор адам болмысы әркез тәуелсіздікті қалайды. Бұл тұрғыдан алғанда басшылық қызметке келген менеджер «шеңберден» шыға алмай қалатын сәттер жиі кездеседі. Педагогтер қауымы директор болуда осы мәселені де қосалқы фактор ретінде назарға алатыны шындық. Сондай-ақ білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерінің әлі де бар екенін ескерсек, мектеп жағдайындағы кейбір мәселелер қаржы жағына келіп тіреліп «қалтасын қағады» деген стереотиптің барын жоққа шығара алмайтындықтан да көбі аяқ тартады, – дейді Салтанат Жұмабекқызы.
Осы ретте жуырда Тараз қаласындағы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының жаңа директорын тағайындаудың соңы қып-қызыл дауға ұласқанын айта кеткен абзал. Нақтырақ тоқталсақ, аталмыш оқу ордасының ұжымы конкурс жеңімпазының кандидатурасына қарсылық білдіріп, оның бұл қызметке лайықсыз екенін алға тартқан болатын. Нәтижесінде, Тараз қалалық білім бөлімінің басшылары байқаудың бастапқы шешімін өзгертуге мәжбүр болды. Олар мұның себебін конкурс жеңімпазы болған алдыңғы кандидат осы қызметтен өз еркіммен бас тартқандықтан таңдаудың кадрлық резервте тұрған өзге үміткерге түскенімен түсіндірген еді. Осылайша, кей білім ордалары басшы таппай отырса, енді бірі лайық деп танылған үміткерді мектепке маңайлатқысы келмейді. Осындай кезде не істемек керек? Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы №57 Бұйрығына көз салғанымызда онда конкурс шешімімен келіспеген жағдайда қатысушының аппеляцияға беруге құқылы екені ғана жазылғанын аңғардық. Алайда, жоғарыдағыдай ұжымдық қарсылық кезінде не істеу керектігі мүлдем айқындалмаған. Бұған қатысты да сала мамандарының өз айтары бар.
– Салалық министрлік бекіткен ережеге сәйкес конкурстық комиссия отырысы өткен соң 3 күннен кейін жеңімпаз болған үміткер ресми бұйрықпен қызметіне тағайындалады. Міне, осы уақыт аралығында тағайындалғалы жатқан директор туралы түрлі алып-қашпа әңгімелер желдей есіп, ол туралы дақпырт сөздер тарай бастайды. Ал оның барлығы ұжымның ауызбіршілігі мен ондағы ахуалға тікелей әсер етеді. Сондықтан оған жол бермес үшін дәл конкурс өткізілген күні-ақ бірден шешім қабылдап, жеңімпазды өз лауазымына тағайындау керек. Содан соң директор болуға ниетті үміткерлер сол мектептің ата-аналарынан құралған қамқоршылық кеңестің алдында өз жобаларын қорғайды. Демек, басшы тағайындар кезде осы кеңестің де рөлін күшейту қажет, – дейді Мәулен Мұхитұлы.
Ал Салтанат Жұмабекқызы болса директорлыққа ниетті жандарды іріктер алдында көптеген жайттарды назарға алу керек деген пікірде.
– Директорлыққа тағайындауда орта стандарттар барын ескерсек, заңдар мен нормалардан бөлек, үміткердің басты құндылығы балаларды жақсы көруі, мектеп мұғалімдеріне эмпатиясы болуы, басшы ретінде өз идеяларын білім саласын өзгертуге бағытталған концепцияларын ұсынуы да қосалқы түрде ескерілуі қажет-ақ. Білімді брендке айналдырған басшылардың жұмыс жүргізу тәсілі, бай тәжірибесін үлгі етіп отыру да артық етпейді. Ондай мысалдар біздің өңірде көптеп кездеседі. Сондай-ақ, мектепке жанашырлықпен қарайтын менеджерлердің жұмысына ата-ана мен бала тарапынан берілетін бағамен қатар оның іс-тәжірибесі және қоғаммен байланысы да ескерілуі керек. Бірақ таңдауды ұстаздардың еркіне беріп қойып: «Бізге мынандай басшы қажет, ал мынандай керек емес», – деу де өте қате. Сол себепті өз саласын жетік білетін маман әрдайым «Балуанға оң мен солы бірдей», – деген ұстанымда болуға тиіс. Қорыта келе айтарым, хәкім Абайдың «Ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сиясың», – деген тәмсілі кез-келген қызметке тағайындалатын маманның жадында тұруы қажет деп есептеймін, – дейді ол.
Облыстық білім басқармасының тағы бір дерегінше, «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында да бос лауазымдарға мектеп директорлары тағайындалуда екен. Сонымен қатар өңірлік білім беру менеджерлерінің клубы, мектеп директорларының кеңесі де жұмыс істеуде. Осының аясында ұйымдастырушылық қабілеті бар директордың орынбасарлары мен педагогтерден «Кадрлық резерв мектебі» құрылған. Атап айтсақ, қазіргі таңда осы «Кадрлық резервке» 20 педагог алынса, оның ішінде 9 мұғалім директор лауазымына тағайындалып үлгерген. Ендеше, осы жоба өңірдегі директор тапшылығын біржола шешуге ықпал етер деген үміт басым. Әйтпесе, басшысы жоқ оқу ордасының білім сапасы туралы сөз айту да артық екені белгілі.

Құрбанәлі Шахабай

Comments (0)
Add Comment