Бүгінгі күні облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келеді. Атап айтқанда, 2023 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуында оң өзгерістер қалыптасты.
Мәселен, өнеркәсіп саласында 295,6 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, нақты индекс көлемі 107,3 пайызға жетті. Ал ауылшаруашылық саласында 2,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,2 пайызды құрады. Сондай-ақ негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 62,5 миллиард теңгені немесе нақты көлем индексі 100,9 пайызға жетті. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 30,6 млрд. теңгеге, нақты көлем индексі 100,7 пайызға орындалды. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 174,7 мың шаршы метрді құрап, меже 100,0 пайызға орындалды деуге болады. Бөлшек саудадағы тауар айналымының көлемі 184,2 миллиард теңгеге немесе нақты көлем индексі 101,0 пайызға атқарылды. Сондай-ақ инфляция деңгейі 13,7 пайызды құрады. Оның ішінде азық-түлік тауарлары – 14,0 пайызға, азық-түлік емес тауарлар – 15,3 пайызға, ақылы қызметтер тарифі – 11,1 пайызға өскен. Ал жұмыссыздық деңгейі 5,7 пайызды құраса, ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 527 теңге, орташа номиналды айлық жалақы 285 131 теңгені құрады. Денсаулық саласына келетін болсақ, есепті кезеңде 1 ана өлімі тіркелген. Өкінішке орай, нәресте өлімі 44 оқиғаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6 оқиғаға өсіп отыр.
Қалада қылмыспен және құқықбұзушылықпен де күрес күшейіп келеді. Айталық, құқық қорғау саласында есепті мерзімде шаһар көлемінде жалпы әр түрлі 1538 қылмыс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 22,5 пайызға төмендесе, ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың тіркелуі 25,4 пайызға азайған. Сондай-ақ, 2023 жылдың қаңтар-шілде айларында қала бойынша жол көлік оқиғалары 38,0 пайызға төмендеген.