Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен өңірлік жедел штабтың кезекті отырысында бірқатар мәселелер қаралды.
Аймақ басшысы өңірдегі жағдайдың тұрақталғанын, дегенмен іздестіру шаралары әлі де жалғасып жатқанын жеткізді.
Жалпы, 4-6 қаңтар күні Тараз қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан 2563 күдікті полицияға жеткізілді.
Құқық қорғау органдары тарапынан жүргізілген жедел операциялардың нәтижесінде ұсталғандардың 458-і әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 51-іне қылмыстық іс қозғалған.
Ұсталғандардан тәркіленген және заңсыз айналымнан алынған қару-жарақтардың саны 156-ға жетті.
Облыс әкімі қару-жарақтардың есебін жүргізу, азаматтардың өз еркімен тапсыруы, заңсыз айналымнан тәркілеу шараларын жеделдету керектігін баса айтты.
Қазіргі таңда облыс аумағында 28 блок-бекет жұмыс жасауда десек, басқосу барысында олардың санын азайту мәселесі қаралды.
Қайтыс болған азаматтардың отбасыларымен психологиялық жұмыстар жүргізу, мектеп оқушылары және колледж студенттері бойынша түгендеу, ата-аналарының жауапкершілігін арттыру жайы назарға алынды.
Жиын қорытындысымен жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеген Бердібек Сапарбаев халықтың қауіпсіздігін, қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету бойынша барлық тиісті шаралар бақылауда болу керектігін тапсырды.