Облыс әкімі Жамбыл ауданындағы бірқатар нысанды аралады

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданына іссапарымен барып, білім, мәдениет, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларындағы ірі жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

Ербол Қарашөкеевтің ауданға жұмыс сапары тарихи-өлкетану мұражайын аралаудан басталды. 2025 жылы пайдалануға берілген мәдениет нысанында өткен мен бүгіннен сыр шертетін 3 000-ға жуық құнды жәдігер қойылған. Бір қабатты ғимаратта конференция және екі экспозиция залы, сондай-ақ қор сақтау бөлмесі қарастырылған.

Облыс әкімі аудандық музейдің бұған дейін ыңғайластырылған ғимаратта орналасқанын атап өтіп, өскелең ұрпақ үшін жаңа нысанның танымдық әрі тәрбиелік мәні зор екенін айтты.

Өңір басшысы Аса ауылының «Бәйтерек» алқабындағы жаңа 120 пәтерлі тұрғын үйді аралап, баспана кезегінде тұрған азаматтарға пәтерлерді уақыт созбай үлестіруді тапсырды.

Сонымен қатар Қостөбе ауылындағы 100 орындық мектептің құрылыс алаңына барды. Мердігер мекеме – «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС білім беру нысанын 2026 жылдың шілде айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Ербол Қарашөкеев құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуына жіті көңіл бөліп, алдағы жаңа оқу жылында балалардың осы мектепте білім алуына жағдай жасауды ескертті.

Сапар аясында облыстың мал шаруашылығы саласындағы стратегиялық маңызы зор жоба – ірі тауарлы сүт фермасының құрылыс барысымен де танысты. Жоба бастамашысы, «Aznur Agro» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы Азат Сатановтың айтуынша, құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған.

Жоба аясында жылына 3 600 тонна сиыр сүтін өндіретін заманауи ферма пайдалануға беріліп, 32 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірістік тиімділікті арттыру мақсатында Ресей Федерациясынан 340 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара сатып алынған.

Алдағы уақытта бұл нысан облыстағы алғашқы толық цифрландырылған сүт кешені болмақ. Фермада бір мезетте 16 бас сиырды саууға мүмкіндік беретін карусельді қондырғы орнатылып, мал басын толық басқару жүйесі енгізіледі. Мұнда ылғалдылық, температура мен желдету автоматты түрде реттеліп, мал қораларының асты өздігінен тазартылады.

Сондай-ақ ет бағытындағы құс фабрикасы мен сыйымдылығы 5 000 тонна болатын көкөніс сақтау қоймасының құрылыс барысы назарға алынды.

Comments (0)
Add Comment