Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың әл-ауқатын арттыру және экономиканы нығайтуға бағытталған тапсырмасының жергілікті жерлерде орындалу барысын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев үнемі назарда ұстап келеді. Аймақ басшысы Талас ауданындағы жұмыс сапары кезінде де осыған айрықша назар аударып, кәсіпорын және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, жұмысшылармен, жергілікті тұрғындармен кездесті,–деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
Облыс әкімінің жұмыс сапары Ақкөл ауылындағы №6 аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барудан басталды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту және бейімдеуден өткізуге бағытталған орталық өткен жылы 173,2 млн. теңгеге жөндеуден өткен. Қазіргі таңда 200 адам ем алуда. Оларға жоғары білімді әлеуметтік мамандар 8 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Гүлнар Бектасова басшылық ететін мекеменің 160-тан астам қызметкері еңбекке жарамсыз қамкөңіл жандардың ұстазы, дәрігері, қолдаушысы, жанашырына айналған.
Аймақ басшысы орталықты аралап көріп ем алушылардың жай-күйімен танысты. Сонымен қатар, осында жергілікті ауыл халқымен кездесіп, Ақкөл ауылын қайта түлету мақсатында ілкімді істер қолға алынғанын жеткізді.
— Дәл қазір ауылды қайта қалпына келтіру үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Өздеріңізге мәлім, бұған дейін 19 көшенің жолы жөнделді. Осы орталықта жұмыс істейтін 148 маман жергілікті адамдар. Жуық арада спорт кешені ел игілігіне беріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Мұның бәрі ауылды жаңғыртуға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, жастардың ауылда тұрақтауына оң ықпал етеді, — деді Б.Сапарбаев.
Өз кезегінде Ақкөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Досболат Туғанбаев қазір елдімекенге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа алғысын білдірді.
Облыс әкімінің жұмыс сапары «Talas Investment Company» ЖШС-інде жалғасты. 8 жыл бұрын іске қосылған кәсіпорын 500-ден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Серіктестік басшысы Қанат Еркебаевтың айтуынша, мұнда бір жылда 15 мың тонна натрий циониді өндіріледі. Болашақта жұмыс көлемін ұлғайту жоспарланып отыр. Ол үшін зауыттың екінші кешені салынуы қажет. Жобаның құны – 25 438 млн. теңге. Егер бұл іс ойдағыдай жүзеге асса, онда жылына 30 тоннаға дейін өнім өндіру мүмкіндігі бар. Алайда, Қытай елінен каустикалық соданың жеткізілуі, көгілдір отынның шектелуі мен ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап электр қуатының 5 пайызға қымбаттауы серіктестіктің жұмысына айтарлықтай кедергі келтіруде.
Жылына 110 мың тонна ұнтақталған мәрмәр толтырғышын өндіруге қауқарлы «Қаратау-Про» ЖШС-нің басшылығы да өндіріс орнының екінші кезегін салуды көздеп отыр. Зауыт директоры Темешбай Алтаев өндіріс қуатын 190 мың тоннаға дейін арттыруды мақсат етіп отырғанын жеткізді. 2017 жылы іске қосылған кәсіпорында 96 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлық көрсеткіші – 200 мың теңгені құрайды. Жұмысшылардың 82 пайызы жергілікті тұрғындар.
Облыс әкімі серіктестік басшыларына жұмыс барысындағы кедергілерді еңсеруге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін баса айтты. Сондай-ақ, екі кәсіпорынның да жұмысшыларымен кездесіп, олардың жалақыларының уақытылы алуы, еңбек қауіпсіздіктерінің сақталуы және өзге де өзекті мәселелеріне көңіл бөлді.
Келесі кезекте аймақ басшысы Қаратау қаласындағы Д.Қонаев атындағы орта мектепке де барды. 637 оқушыға арналған білім ұясы қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Мектеп директоры Гүлжәмила Тоқбергенованың айтуынша, іргетасы 1953 жылы қаланған оқу ордасына қазіргі күнге дейін бірде-бір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Бүгінде тозығы жеткен мектептің сейсмикалық беріктігін нығайту жұмыстары жүргізілуі үшін жобалық-сметалық құжаты дайын. Жалпы жоба құны – 227 млн теңге. Мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылы басталады деп күтілуде.
Бердібек Сапарбаев жауаптыларға құрылыс сапасын және уақытылы орындалуын қадағалауда ұстауды тапсырды.
Облыс әкімінің жұмыс сапары ауданның актив жиынында түйінделді.
Басқосуда аудан әкімі Қанатбек Мәдібек өткен жылы атқарылған жұмыстарға қатысты есеп берді. Аудан басшысының айтуынша, барлық салада өсім бар. Бердібек Сапарбаев аудан экономикасын арттырудағы жұмыстарды күшейте түсуге, жастар тәрбиесі мен қоғамдық тұрақтылыққа, суармалы суды тиімді пайдалану, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағалары үнемі бақылауда болу керектігіне назар аудартты.