Оң өзгерістердің бастауы

Кенжебек ОЛЖАБАЙ,
Тараз қалалық мәслихатының төрағасы 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында ел дамуының негізгі тетіктері экономика, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы мен құқықтық саладағы реформаларды ерекше атап өтті.
Тараз қалалық мәслихатының депутаттары Мемлекет басшысының Жолдауын қолдай отырып, ондағы көрсетілген міндеттерді іске асыру жолында өз үлестерін қосады.
Қазақстан – цифрландыру дәуіріндегі жаңа мүмкіндіктер елі.
Президенттің «Қазақстан міндетті түрде цифрлық ел болуы керек» деген сөзінде ұлттың болашағына бағытталған аса маңызды стратегиялық мақсат жатыр. Бүгінгі әлемде цифрлық даму – жай ғана таңдау емес, бұл – өркениеттің негізгі талабы, мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты фактор.
Қазіргі заманның бұлыңғырлығы мен тұрақсыздығы жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллект адам өмірінің барлық саласына еніп жатыр. Дәл осы кезде Қазақстанның дұрыс бағыт таңдауы – уақыттың өзі талап етіп отырған қадам. Егер біз бұл үдерістен қалыс қалсақ, онда мемлекетіміздің экономикасы, білім беру жүйесі, тіпті ұлттық қауіпсіздігі де қатерге ұшырауы мүмкін. Сондықтан Президенттің батыл шешімі – елдің дамуы мен болашағы үшін тарихи жауапкершіліктің көрінісі.
Президент атап өткендей, соңғы жылдары елімізде саяси, әлеуметтік және экономикалық салада ауқымды өзгерістер жасалды. Енді осы реформалардың нәтижесін күшейтетін негізгі құрал – жаппай цифрландыру. Бұл тек мемлекеттік деңгейдегі шара емес, әрбір азаматтың санасына сіңуге тиіс құндылық.
Жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың қарқынды дамуы жастардың дүниетанымын түбегейлі өзгертуде. Біз бұл өзгерісті қабылдап қана қоймай, оны елдің дамуына тиімді бағытта қолдануымыз керек.
Сондықтан Қазақстанның үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналуы – ұлттың болашағы үшін шешуші қадам. Бұл тек экономикалық емес, мәдени, әлеуметтік және ұлттық тұрғыдан да жаңғыруды білдіреді.
Осы орайда, Президенттің бастамасы – заман талабына сай өршіл әрі көреген қадам. Бұл мақсатқа жету үшін мемлекет пен қоғам, билік пен халық бірлесе әрекет етуі қажет. Өйткені цифрландыру – Қазақстанның әлемдік өркениетке етене араласуының кепілі, ұлттық қауіпсіздік пен ұрпақ бақытының алғышарты.

Comments (0)
Add Comment