«Баласағұн» орталық концерт залында облыстық «Aq jol» газетінің 100 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.
Аймақтағы ата басылым саналатын газет ұжымын облыс әкімі Нұржан Нұржігітов құттықтады.
– «Aq jol» газетінің мерейтойы – бір өңірдің ғана емес, бұл қазақ баспасөзінің мерейлі белесі. «Aq jol» газеті еліміздегі ең байырғы басылымдардың бірі. Бұл басылымның ел өміріндегі тарихи рөлі зор. Ол өзінің өткір де батыл мақалаларымен егемен елдің еңсесін тіктеді. Бүгінде уақыт талабына сай бұл газет жаңаша түрленіп, заман ағымына сай дамып келеді. Яғни ғасырлық туын жаңа жетістіктермен, толайым табыстармен қарсы алып отыр. «Aq jol» газетінің баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер-2020» ұлттық сыйлығының «Жыл басылымы» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылуы – осы сөзіміздің анық дәлелі. Осылайша республика бойынша ең үздік газет атанып, талай жылдардан бергі адал еңбегінің жемісін көрді, әділ бағасын алды.
Осы газетті 20 жылдан астам уақыт басқарған Баттал Жаңабайұлы ағамыздың ортамызда жүруі – біз үшін үлкен бақыт. Шоқтығы биік бас редакторлар, жүздеген қаламгерге ұстаз болған, марқұм ағаларымыз Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулеттен де өнегелі із, елеулі еңбектер қалды.
Басылым алдағы уақытта да халық пен билік арасындағы алтын көпір болып, халықтың үміті мен тілегін ақтайтынына сенімдімін. Редакция ұжымына амандық, жаңа шығармашылық табыстар тілей-мін! – деді аймақ басшысы.
Жиында мемлекет және қоғам қайраткерлері де өз құттықтауларын білдірді.
Салтанатты шара барысында журналистер ҚР Парламенті Сенаты төрағасының, ҚР Парламенті төрағасының, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал басылым ардагері Тұрсынхан Толқынбайұлына «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы берілді.
Сондай-ақ басылымның 100 жылдығына арналған «Aq jol» газеті: Қазақ баспасөзінің бүгіні мен ертеңі» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Құрмаш Қаптағай