Түркістан өңірінде балабақша мен мектепте, колледждер мен жоғары оқу орындарында жаңажылдық іс-шаралар өткізуге тыйым салынған. Тек жекеленген сыныптар мен топтарда мерекелік жиын өткізуге рұқсат етілді,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Бірақ ата-аналардың қатысуына тыйым салынған. Себебі жаңа оқу жылы басталғалы бері 329 бала мектепте жүріп, коронавирус жұқтырған.
Сондай-ақ облыста Ashyq жобасына қатыспайтын кәсіп нысандарына мерекелік және отбасылық іс-шаралар өткізуге болмайды. Ashyq жобасымен жұмыс істейтін нысандарда салтанатты, естелік, отбасылық және басқа да бұқаралық жиындарға 100 адамнан артық келмеу керек.
Аймақтың бас санитар дәрігері Нұрбек Нышанов жаңа жыл қарсаңында облыс көлемінде карантин талаптарын қатаң сақтау қажетін айтып отыр. «Нысандарда қатаң бетперделік және дезинфекциялық режимді қамтамасыз етіп, қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіз «жасыл» мәртебесі болуын қадағалау керек», – деді Нұрбек Садықбекұлы.
М.ХАҚНАЗАР