Оқушылар сарайы бақытты болашаққа бастайды

Мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылына арналған іс-шаралар жоспары аясында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы ашылған болатын. Болашағымыздың жарқын, балаларымыздың талантты әрі ертеңі елеулі болуы үшін бұл сарайдың қолға алған еңбегі ерен екені анық.

Оқушылар сарайының бүгінгі таңдағы жаңа оқу жылына дайындығы қандай? Самаладай жарық әрі кең сарайдың заманауи үлгідегі қолданысқа берілген кабинеттерінде қанша және қандай үйірмелер бар? Нендей жұмыс атқарылып жатыр? Балалардың қажетін өтеуге арналған үйірмелер қашан іске қосылмақ? Осы сұрақтарды көлденең тартып, оқушылар сарайына бас сұққан едік.
Алтынмен апталып, күміспен қапталғандай жаңа да зәулім ғимаратта бүгінде 101 кабинет бар. Оның 43-і заманауи ғылыми-техникалық бағытта жабдықталған. Жалпы үйірмелер саны 90-ға жетсе, аталған үйірмелерге қатысушы тәрбиеленушілердің саны – 7257.
– Биылғы оқу жылында 4000-ға жуық бала қабылданады деп жоспарлануда. Ал қызметкерлердің санына келетін болсақ, барлығы 163 педагог өз бағыттары бойынша қызмет атқаруда. Орталыққа қаладағы мектеп оқушылары да, сондай-ақ ауылдан келген балалар да қабылданады. Ешқандай шектеу жоқ. Тұрғылықты жері бойынша тіркеуге қарамаймыз. Бірақ бізге көбіне қала мектептерінің оқушылары келеді. Егер ата-ана тарапынан баланы тасымалдауға мүмкіндіктері болып жатса, онда үйірмеге келіп, қатысуларына еш кедергі жоқ. Өкінішке орай, бұл жерде жатақхана қарастырылмаған. Барлық балалар үйінен келіп оқиды, – деді оқушылар сарайы директорының уақытша міндетін атқарушы Арайлым Алекеева.
Ғимарат білімге, ғылымға, жалпы жасөспірімдердің ізденіп, зерттеумен айналысуына қажетті барлық заманауи құрал-жабдықпен қамтылған. Жаңа ғимарат оқушылардың сабақтан тыс уақытта білімдерін жетілдіріп, бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік беріп отыр.
Балаларды үйірмелерге тіркеу 1-13 қыркүйек аралығында жүргізіледі екен. 15 қыркүйектен бастап бекітілген сабақ кестесі бойынша үйірмелер өз жұмыстарын бастайды. Үйірмелерге толық саны 4000 бала қабылданады деген жоспар бар.
Бұл жаңа мекеменің алдағы уақытта жоспары шаш етектен. Ең алдымен үйірмеге қатысушы оқушылардың шығармашылық белсенділіктерін дамытуға жағдай жасау басты мәселеге айналып отырған жайы бар. Оқушылардың рухани дүниесін байытып, оларға азаматтық, адамгершілік, елжандылық, көркемдік-эстетикалық тәрбие беру жолында сапалы жұмыс жүргізу бұл мекеменің басты міндеті болып табылады.
Мұнда барлығы сақадай сай болғанымен, ара-тұра кездесетін қиындықтары да жоқ емес. «Не тапшы, қандай да бір шешілмей қалған мәселе бар ма?», – деп сұрадық. «Мәселен, оқушылар сарайының маңында автотұрақ жоқ. Көлік жүргіншілеріне қиын-ақ. Қазіргі кезде автотұрақ – басты мәселелердің бірі. Біздің тарапымыздан тиісті уәкілетті органдарға хат жолдануда. Әзірге оң шешімін таппай тұр. Болашақта бұл мәселе де шешімін табады деген ойдамыз», – деді Арайлым Жұмағалиқызы.
Мамандардың айтуынша, жаңа технология балалардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, сонымен қатар барлық әлеуетін ашуға үлкен мүмкіндік ретінде қарастырылған.
Осы орайда «Өз балаларын қатыстыруды ойлаған ата-ана қандай құжат апару керек?» деген ой туындайды. Ең алдымен ата-аналардан немесе қамқоршысынан еркін нысанда өтініш, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі және Қазақстан Республикасының 2020 жылы 30 қазанда бекітілген бұйрығы бойынша «027/у» формасындағы анықтама қажет екен. Осы құжатты толыққанды өткізген соң, кез келген бала мұндағы үйірмені талғамына сай таңдап, қатыса алады.
Аталмыш ғимараттың тігін бөліміне баруға ниеттеніп отырған Диляра Матвай биыл 8-ші сыныпқа көшті. Мұндағы тігін бөлмесі қыз балаларды тігін өнеріне баулуға, құрақ, көйлек, көрпенің тысын болса да үйреніп, ине-жіпті сабақтап қана емес, саусағында оймағы ойнап, әлдебір қажетті дүниесін тігіп алуға мүмкіндік беріп отыр. Заманауи тігін машиналармен жабдықталған. Білім беретін ұстаздардың да бірнеше жылдық тәжірибесі бар.
Диляра мектеп жасына дейін-ақ өзінің ерекше талантымен танылған. Алайда ауыл мектебінде оқитын қыз бала жаңа ашылған оқушылар сарайындағы үйірмеге қатысуға асық. Ол бұрыннан еш үйірменің көмегінсіз-ақ ермексаздан түрлі бұйымдар жасап, сурет салып, киім де тіге алады екен.
– Мен оқушылар сарайының тігін үйірмесіне қатысқым келеді. Мәселен, ермексазбен жұмыс жасай аламын. Сурет салып, түрлі тәтті бәліштерді пісіремін. Ал мұндағы үйірмелерде түрлі дүниелерді мамандармен бірлесе жасап үйренгім келеді. Өзім ауылда тұрамын, біздің ауылда дәл мұндай мүмкіндіктер қарастырылмаған. Сондықтан құжат тапсырып, осындағы үйірмелерге қатысуға ниетім бар, – дейді Диляра Нұрғалиқызы.
Иә, жап-жаңа ғимаратта, жарқын болашақтың мамандары өз ісінің үздігі болуға жазсын! Біз де ақшаңқан сарайдың абыройын асқақтатар, бармағынан бал тамып, өнерлері үстем болған бүлдіршіндердің жүзі жарық болсын дегіміз келеді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment