Жамбыл облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығында Жамбыл облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өрт сөндіруге қатысты оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізді.
ТЖ қызметкерлері арнайы 2 өрт сөндіру және алғашқы көмек көрсету көлігімен, барлық қажетті техникалық құрал-жабдықтарымен дайындалып келген.
Оқу-жаттығу жұмысы орталықтағы дабыл сиренасын қосумен басталды. Жаттығу шарасының мақсаты – орталықтағы қызметкерлер мен мүмкіндігі шектеулі балалардың өрт кезіндегі қауіпсіздігін ұйымдастыру және оқыс жағдайда зардап шеккен адамға алғашқы көмектер көрсету.
ТЖ қызметкерлері мекемелерде болуы мүмкін өрт кезінде орындалатын іс-әрекеттер мен өрттен қашу жолдарын, барлық адамды эвакуациялау, өрт сөндіру құралын дұрыс пайдалану, оны өрт кезінде қолдану бойынша қарапайым қағидаларды түсіндірді. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігінің алғышарттарын айта отырып, газ, ток көздерінен де туындайтын өрт салдары кезінде су қолданбауды, өрт сөндіру құралын пайдалана отырып, апаттың алдын алуға болатынын жіті түсіндіріп, тәжірибе жүзінде көрсетіп берді.
ҚР Конституциясында ең бірінші орында адамдардың бостандығы мен қауіпсіздігі деп көрсеткенін еліміздің әрбір азаматы жақсы біледі. Адам баласының қауіпсіздігі тұрақты және халықтың түрлі апаттардан аман болуына кепіл бола алатын ТЖ қызметінің жұмысы дұрыс атқарылса, елдің де еңсесі тік болады деп сенеміз.
Д.СУЛТАШЕВА,
Жамбыл облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету
балалар орталығы директорының орынбасары