Оңтүстік өңірде кеңестік жазалау органдары қалай қалыптасты?

Қазақстанның саяси тарихы үшін кеңестік биліктің бастапқы кезеңінде қалыптасқан және сол уақытқа тән алмағайып жағдайда әрекет еткен саяси күштердің ерекшеліктерін анықтаудың маңызы зор. Айтар болсақ, Қазан төңкерісінен кейінгі кезде қарсы жақтардың арасындағы әскери қақтығыстар бірнеше күндер мен апталарда, тек кейбір жағдайда ғана бір-екі айдың ішінде жергілікті жағдай шеңберінде шешіліп отырған еді. Алайда 1918 жылдың наурызында үш жылдан аса уақытқа созылған, қантөгісті Азамат соғысы басталған болатын.

Егер Азамат соғысы алдындағы кезеңде, қарама-қарсы жақтар, билік пен саясат мәселесін, өзінің экономикалық және саяси қуаттарынан айырылған таптар мен сословиелердің күшін пайдалану арқылы шешуге тырысса, соғыс жағдайында қалыптасып келе жатқан Кеңес үкіметі мәселені тиісінше жаңадан құрылған мемлекеттік қорғау органдары күшіне сүйене отырып шеше бастады. Түркістан өлкесінде құрылған революциялық сот-тергеу мекемелері принципті түрде Ресейдің орталық аудандарында құрылған осындай органдарға сәйкес келді. Кеңестер билігі орнауы және уақытша үкімет институттарын жою жағдайында революцияға дұшпандықпен қараған адамдар мен қылмыскерлер тұтқындалып отырды. Соңынан 12 желтоқсанда Түркістан ХКК өлкедегі революцияға дейінгі соттарды жою және РКФСР ХКК-нің Декретіне сәйкес жаңа сайланбалы соттарды құру туралы бұйрық шығарылды. 1917 жылдың желтоқсанында Солдаттардың, жұмысшылар және шаруалар депутаттарының Сырдария облыстық Кеңесінде «Сырдария облыстық ХКК туралы Ережесі» бекітілді. Облыстық ХКК 11 комиссардан тұрды. Олардың бірі юстиция комиссары болды.
1918 жылдың көктемінде Сырдария облысында округтік сот құрылды. Дегенмен Перовск (Қызылорда), Верный (Алматы) қалаларының ескі сотының шенеуніктері Кеңес үкіметі Декреттерінің қанқұйлылығына байланысты өз шешімдерінде оларға сүйенбеді. Осыған байланысты 1918 жылдың сәуірінде шыққан Түркістан Республикасының Юстиция халық комиссариатының Қаулысында «Әрекетсіздік пен саботажға қатысты қылмысы бар сот орындарының қызметкерлері революциялық трибуналдың сотына өткізіледі», – делінген. Сол 1918 жылы Сәмбет болысының №3 ауылынан Әулиеата уездік комиссарына рапорт жазған Сақыш Саурықов (бәлкім, сол ауылдың болысы. Еск. автордікі) өз болысындағы бұрынғы бидің орнына жаңа халық сотын сайлауға рұқсат сұрайды. Саурықовтың өз қолын араб әрпімен қойып, рапортты орысша сауатты жазғанына қарағанда, мұның ұйымдастырылған шара екендігіне мән беруге болады.
Халық соттарының Сырдария облыстық Кеңесі өзінің жұмысын 1919 жылдың 15 тамызында бастады. Облыстық сот құрамындағы 10 адамның төртеуі мұсылман бөлімінде, алтауы орыс бөлімінде қызмет атқарды. Штат кестесі бойынша учаскелерде мұсылман соттары – 32, орыс соттары 30 болғанымен, іс жүзінде солардың 58-і ғана жұмыс істеген еді.
1919 жылдың 17 маусымында Түркістан Республикасы ХКК үкім шығарып, онда «осы жылдың 1 тамызынан бастап Түркістан Республикасындағы мұсылман соттарын, қазылар мен билерді, сонымен қатар олардың съездерін де біртіндеп бірыңғай халық сотымен ауыстыру, ал облыс қалалары мен оның уездерінде бұл істі ертерек бітіру» туралы айтылады. Осы орайда большевиктердің «халықтық сотының» тұрпатына мына құжат арқылы мән берсек, онда Әулиеата уезіндегі сот мәселесі жөніндегі Ережеде былай деп жазылыпты: «Бұрынғы ескі мировой судьяның орнына үш адамдық алқалы сот құрылсын, олардың екеуі орыс болуы міндетті, біреуі жергілікті жердің қазағы бола алады. Оның өзі орыс тілін жақсы меңгеруі қажет». Міне, осылай. Қазақтардың тағдырын сол кезде кімдердің шешкенін осы құжат айқын-ақ көрсетіп тұр. Келесі қадам Ташкент Кеңесінің 1918 жылдың 16 қаңтарындағы қаулысына сәйкес революциялық трибуналдың құрылуы еді. Трибунал әрқайсысы төрт адамнан тұратын екі тергеу комиссиясынан құралды, олар өз кезегінде контрреволюция, ұрлық, алыпсатарлық пен тонаушылық істерін қарап отырды. Сырдария облыстық революциялық трибуналы 1919 жылдың шілдесінде құрылды. Соңынан, 1918 жылдың 9 қыркүйегінде ТүркОАК №35 бұйрығы бойынша контрреволюция мен саботажға қарсы күресу жөніндегі төтенше тергеу комиссиясы жұмысын бастады. Трибуналдар мен төтенше тергеу комиссиялардың жазалау функцияларының мазмұны бастапқыда төзімділік сипатта болды. Контрреволюциялық әрекеттері үшін тұтқындау, кінәлау сипатында болып, тұтқындалғандар жұмысшы-шаруа үкіметімен белсенді күресін бұдан былай доғаратынын айтып, жазған өтініші негізінде бостандық алды. Революциялық трибуналдар да өз үкімдерін жеңіл немесе шартты түрде жазалау арқылы шығарып отырды. Әйтсе де, мұның бәрі осылай жалғаса бермегені белгілі. Түркістан Республикасында жарияланған №3 бұйрықтың көшірмесінде: «Ташкент қаласы, басқа да өлкенің орталықтары секілді еттен қатты ашығуда, мұның себебі: мал өсірушілердің саудагерлік сипатында. Осыған байланысты барлық малы бар азаматтар екі аптаның ішінде өздеріндегі бар мал басына мәлімет беруі керек. Кері жағдайда олардың малы кәмпескеленеді», – делінген. Ары қарай Әулиеата уезіндегі азық-түлік комитетін басқарған Гурбенконың осы бұйрыққа сәйкес уездегі малдардың тізімін беруге міндеттілігі айтылады. Құжаттың 1918 жылдың қарашасында жазылғандығын ескерсек, оның біраз мәселенің басын ашып тұрғаны айқын.
Жаңа үкімет органдары қызметінің тағы бір бағыты оның контрреволюциялық баспасөзбен күресі еді. Кеңес үкіметіне қарсы мерзімді баспасөз басылымдарының үгіт-насихат жүргізу әрекеттері баспасөз туралы Декретке орай, «олар жұмысшы және шаруалар үкіметіне бағынбауға немесе оған ашық қарсыласуға шақырған жағдайда, осы әрекеттер бұрмалану факторлары арқылы бүлікке бастау пиғылын тудырады» делініп, бұл басылымдар жабылып тасталынды.
Азамат соғысының аяқталып, Кеңес үкіметінің жаңа экономикалық саясатқа көшуіне байланысты бір-бірімен қарама-қарсы күрестегі күштердің арасалмағы өзгерді. Егер Азамат соғысы басталар кезінде күрес биліктің жергілікті жерде орнауы үшін болса, кейіннен ашық қарулы күрес шетелдіктердің көмегі арқасында жүргізілді.
Түркістан өлкесінде қарастырылып отырған кезеңде панисламизм және пантүркизм идеялары нақты таратыла бастаған еді. Мұның өзі қызметі 1922 жылы тоқтатылған «Ұлттық бірлестік комитеті» ұйымының құрылуынан да көрініс тапқан болатын. Әулиеата уезі қалалық төтенше комиссиясының қызметкері Хамит Расулкариевтің арандатушылығының арқасында аталған ұйым әшкереленіп, жойылады. Бұл оқиғаның мәнісіне келсек, Ұлттық бірлестік комитетінің жергілікті ұйымының жетекшісі бұрынғы саудагер Шүкір Мұхаммедов Хамитті осы ұйымға тартуға тырысады. Осы арқылы Расулкариев ұйымда «жұмыс істеп», оның құрылымын, жоспарлаған акцияларын анықтайды. Аталған комитеттің панисламистік және пантүріктік бағыттағы іс-әрекеттері мен ұйымның басмашылармен тығыз байланыстылығы анықталып, 1922 жылдың қыркүйегінде айыптаулар қорытындысы негізінде ұйым жетекшісі мен оның жеті бірдей мүшелері Түркістан майданының әскери революциялық трибуналының шешімімен ату жазасына кесілді.
Бұл жағдай қазіргі заман тұрғысынан қарағанда түсінуге қиын да болар, бірақ жекелеп алғанда, мәселе террорды кімнің бірінші бастағанында емес, әлеуметтік қарама-қайшылықтық шиеленісуі мен қарама-қарсы жақтардың мәдениет деңгейі оны шешудің бір-ақ жолын – өз қарсыластарын жоюды қарастырғандығында еді. Яғни латын тілінен аударғанда «қорқыныш», «үрей» ұғымдарын білдіретін террор анықтамасы, шын мәнінде, қорқыту, үркіту құралына айналды.

Сейдахан Бақторазов,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық жұмыс тобының жетекшісі

Comments (0)
Add Comment