Оңтүстік аймақтағы ең озық орталық

Адам баласының өмір сүруі үшін ауа мен тағам қаншалықты қажет болса, қан да дәл соншалықты керек. Медицина саласының ғалымдары да адам қанын «ағзаның айнасы» деп бекерге айтпаса керек. Күнделікті тіршілікте қан тыныс алу, қоректендірумен қоса, қорғаныштық қызмет атқарып, дене температурасының тұрақты сақталуын да қамтамасыз етеді. Ғылыми тұжырымға сүйенсек, адам қаны 23 секундтің ішінде тамырлар мен денені бір рет айналып өтеді екен. Ал жалпы адам баласында 4-7 литр аралықта қан болатын көрінеді. Түрлі жағдайларға орай ең алғаш рет адамға қан құю ісі XIX ғасырда басталғанын тарих растайды. Дегенмен алғашқы тәжірибелердің барлығы сәтсіздікке ұшырап отырған.

Жалпы қан құю қызметі – халыққа шұғыл және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде трансфузиялық терапияның қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ететін отандық денсаулық сақтаудың маңызды салаларының бірі. Бүкіл әлемде бұл бағыт әскери медицинаның бір бөлігі ретінде пайда болып, жаралыларға шұғыл көмек көрсетуге арналған болатын. Бірақ бірнеше онжылдықтар ішінде аталған қызмет белгілі бір факторлардың жетіспеушілігінен туындаған қан кетуден бастап қатерлі аурулардың жоғары дозалы химиотерапиясында қан жасушаларын толықтыруға дейінгі көптеген патологиялық жағдайларды емдеу үшін қазіргі заманғы медицина саласына айналды. Бүгінде оңтүстік аймақтағы ең озық саналатын Жамбыл облыстық қан орталығы бұл қызметті мінсіз атқарып келеді.

Орталықтың тарихы тым әріден, яғни сонау 1939 жылы облыстық аурухананың құрамындағы қан құю бекеті қан құю станциясы болып қайта құрылған кезден басталады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде аталған станция 100-ден астам қан құю процесін орындап, жаралылардың жанына демеу болып, өміріне араша түсті. 1965 жылы станция өз алдында дербес мекеме ретінде жасақталып, сол жылдары жергілікті плазманы дайындау 79 литрге, қызыл қан жасушаларының массасы 106 литрге дейін жеткен. 1971 жылы «КС-30» аппаратының көмегімен құрғақ плазма шығарыла бастаған. Осы жылдары облыстық қан құю станциясының базасында қан құю мәселелері бойынша орта медицина қызметкерлері үшін жетілдіру курстары ашылды. Көрсетілген мерзім ішінде қан дайындау және өңдеу көбейіп, қарқын ала бастады.


Тұғырлы тәуелсіздігіміз сан салаға серпін беріп, қарыштауына жол ашқаны белгілі. Егемендік жылдары қан орталығының көкжиегі кеңейіп, екінші тынысы ашылды. Соның бір мысалы – 1994 жылы станцияның облыстық қан орталығы болып өзгергендігі. 114 адам жұмыс істейтін орталық қазіргі таңда жылына 15 мың литрге дейін қан мен оның компоненттерін әзірлеуде.

– Кәсіпорын донорлық қан мен оның компоненттерін дайындаумен, өңдеумен, тексерумен, облыстың барлық емдеу-профилактикалық ұйымдарын қамтамасыз етумен, сондай-ақ техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдай кезінде қан компоненттерінің қорын құрумен айналысады. Науқасқа донордан тікелей қан құйылған күндер артта қалды. Бүгінгі таңда донордан алынған қан одан әрі көптеген компоненттерге бөлінеді және олар белгілі мақсатта қолданылады. Оларды сақтау үшін заманауи технологиялар мен бірегей жабдықтар қолданылып, дәл осы бағытта қан қызметі дами түсуде. Орталықта «Іnfo-Donor» бағдарламасы аясында қан қызметінің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізілді. Сол арқылы қан әзірлеудің және тексерудің барлық кезеңдері компьютерлік жүйеге енгізіліп, донордың келуінен бастап оларға қан тапсыру, дайындалған қанды ауруханаларға беруге дейінгі процесті бақылау мүмкіндігі туды. Орталықтың зертханасы барлық әлемдік стандарттарға сай келетін және жоғары сапалы реагенттер пайдаланылатын зерттеулердің дұрыстығы мен дәлдігін тексеретін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Донорларсыз мұқтаж науқастарға заманауи және техникалық жағынан жетілдірілген қан қызметі көмектесе алмайды. Сондықтан донорлық қан әрқашан қажет. Халықтың хабардарлығын және донорлар санын арттыру мақсатында біз барлық мүмкін бағыттарда жұмыс істейміз, – дейді облыстық орталықты 2017 жылдан бері басқарып келе жатқан Гулам Умаров.

Сондай-ақ оның айтуынша, мұнда ең әуелі заманауи технологияларды дамыту жолға қойылған екен. Бұдан бөлек, донорлық қанға мұқтаж адамдардың проблемаларына азаматтардың аудару үшін теледидар арқылы хабарлама беріліп, акциялар да өткізілуде.
– Қан донорлығының қажеттілігі мен пайдасы туралы үнемі жүргізіліп жатқан жұмыстың арқасында өтеусіз донациялардың саны тұрақты өсу үрдісіне ие. Тұрақты қан тапсы-ру – реципиенттер үшін қан компоненттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты. Тұрақты донорлар жүйелі түрде тексеруден өтіп, олардың қаны мұқтаж адамдарға көмек екендігі ескертіледі. Өтеусіз донорлық жыл сайын миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өмірге қауіп төндіретін жағдайдан зардап шегетін науқастардың өмірін ұзартуға және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға көмектесуде. Қан мен оның өнімдерін құю күрделі медициналық және хирургиялық процедураларда өте қажет. Сондай-ақ ана мен баланың денсаулығын сақтауда, табиғи апаттарға байланысты шұғыл шаралар қабылдауда маңызды рөл атқарады. Сондықтан өтеусіз донорлықты насихаттау аса маңызды болып отыр, – дейді Гулам Мұхтарұлы.

Қаншама адамды ажал тырнағынан аман алып қалған Қан орталығының жұмысы уақыт өткен сайын қарқын алуда. Айталық, орталықта 10 қызметкерден тұратын мобильді топ құрылған. Ол күн сайын мамандандырылған автобуспен қаладағы ұйымдар мен мекемелерге барып, донорлық қан жинайды. Бұған қоса өндірілетін өнімнің стандарттарына сәйкестігіне күнделікті тексеру жүргізілетін сапаны бақылау бөлімінің ашылуы да зор жаңашылдық болды. Осылайша орталық тек аймақта ғана емес, еліміз бойынша да ең үздік екендігін барынша дәлелдеуде.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы

Comments (0)
Add Comment