«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында Тараз қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Қайрат Досаев қоғамдық қабылдау жүргізіп, тұрғындардың талабын тыңдады.
Арайлым ШАБДЕНОВА
Қоғамдық қабылдауға қайырылған тұрғындар саны көп болды. Алдымен қала тұрғыны, үш баланың анасы Гүлнар Жаналиева 2011 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін кезекке тұрған. Кезек күтіп шаршаған ол пәтер мен жәрдемақыға көмек болса дейді. Ал «Мыңбұлақ» ықшам ауданының тұрғыны Любовь Энгель болса, балалар ойын алаңшасының алдында орнатылған бордюрді алмауын сұрап келген. Қазіргі таңда шағын аяқ киім жөндеу кәсібі бар шаһар тұрғыны Жамбыл Бекеев кәсібін ұлғайту үшін көмек сұрап келген. Сондай-ақ І топ мүгедектігімен пәтер кезегінде тұрған ол кезектің жылжымайтындығына наразы екен. Жиынға қатысқан қала әкімдігіне қарасты бөлім басшылары аталған мәселе бойынша жауап беріп, тұрғынның сауалына түсіндірме жүргізді. Ал Щусаев көшесінің тұрғыны Нұрғазы Омарбаев қоғамдық қабылдауға жалғыз келмей, бірнеше көршілерін де ала келіпті.
– Біз жалғыз келмедік. Барлығымыз бір көшеде тұрамыз. Бір топ көршілер «Тараз су» МКК-іне арыз жазып, кәріз суын жүргізуге рұқсат алғанбыз. Алайда бір көрші қарсы болып, үйінің маңындағы жерді қазуға мүмкіндік бермей отыр. Ал «Тараз су» МКК-нің қызметкері кәріз қазу жұмыстарын бастаған кезде ол Тараз қалалық прокуратурасына арыз жазып, жұмысты тоқтатып қойды. Мекеме қызметкерлерінің жұмысына қол байлау болған мәселені шешіп берулеріңізді сұраймын, – дейді қала тұрғыны.
Осы орайда, шаһар басшысы тиісті сала мамандарына тез арада комиссия құрып, істі толық қарап, тиісті жұмыстарды жасауға тапсырма берді. Ал Гүлнара Шаримбаева қоғамдық қабылдауда Сыпатай батыр көшесі, №2 «Б» үйінің маңында соғылып жатқан дүкеннің құрылысын тоқтатуды және үй маңында электр қосалқы станциясының жанында спорттық ойын алаңшасы орналасқан екен. Балаларға зияны тимес үшін оны алып тастауды сұранды тұрғын. Сонымен қатар қоғамдық қабылдауға қайырылған тұрғындар қалада ыстық су беру, жолдарды жөндеу, көше жарығы және Ішкі істер басқармасының жұмысын назарға алуды сұрады.
Шаһар басшысы Қайрат Досаев қоғамдық қабылдауға қайырылған азаматтардың мәселелері назарға алынатындығын айтып, оларды шешу бойынша бөлім басшылары мен жауапты сала мамандарына бірқатар тапсырмалар берді.