Қай істе болмасын жұрт болып жұмыла қызмет ету сапалы нәтижеге бастайды. Бұл турасында дана халқымыз «Бірлік болмай, тірлік болмас» деп бір ауыз сөзбен үлкен тұжырымды өсиет еткен.
Сан ғасырлар өтіп, дәуірлер алмасса да, бабалар сөзі ештеңені дәлелдеуді қажет тұтпайтын математикадағы аксиома іспетті. Тарихқа көз жүгіртсек, қаншама ұлттың бірлік пен ынтымақты місе тұтпауы жойылуға бастағанын байқауға болады. Ал ынтымақ пен бірлікті немен ұштастырмақ керек? Әрине, кез келген ұлттың қуаты – білімінде. Бірлік, білім, әділеттілік сынды бір-бірін жалғап, ұштастырып кете беретін құндылықтардың апарар шыңы бір. Ол – табысты ұлт болу межесі, яғни әділетті мемлекет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы дәл сол межеге бастаушы тұсбағардың бірі десек, артық айтпағандығымыз. Жолдаудың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деген тақырыбының өзі ендігі халық пен биліктің бірігіп, ортақ мақсатқа көз тігуіне үндеп тұрғандай әсер береді. Әділетті мемлекет құру – бір ғана адамның немесе кішігірім топтың ғана қолынан келе қоймайтын іс. Ол үшін ұлттың біртұтастығы маңызды. Сонда ғана қоғамда береке орнап, бүтін елдің іргесі сөгілмей, болашағы жарқын болмақ.
– Бақыт қайда барасың?
– Бал-бұл жанған көрікті,
Ұл мен қызы серікті
Берекелі үйге барамын, – деген өлең жолдарындағыдай берекелі қоғамның жалғасы – бақытты ұрпақ.
Десек те, әділетті мемлекет құру жолында бүтін ұлттың жекелеген әрбір азаматы үлкен міндет арқалайтынын естен шығармаған жөн. Мемлекет басшысының Жолдауда айтылған оң бастамалары сөз күйінде қалмас үшін өз алдында маңызды міндеттер тұрғандығын әр қазақстандық ұғынуы тиіс деген пікірдемін. Мәселен, аталмыш Жолдауда мені қуанта отырып, үлкен жауапкершіліктің дәмін сезіндірген басты жаңалық – білім саласындағы ахуалдың тұрақтылығы мен сапасына аса мән беру болды. Президент Жолдауда: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды», – деп атап өтті. Расында, қазіргі дәуірде қай салада болмасын жайлылық бірінші орында. Әсіресе, білім беру саласында әр оқушының жағдайын жасау – олардың білім алуға деген ынтасын еселеп, қанаттандыра түседі. Жасыратыны жоқ, ауылды жерде үш ауысыммен оқып, қолайсыз жағдайда білім алып жатқан балалар да жоқ емес. Мемлекет басшысы айтқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – осы олқылықтардың орнын толтырып, тек оқушылардың ғана емес, қолайсыз жағдайда білім беріп жүрген ұстаздардың, бала қауіпсіздігіне алаңдаулы ата-аналардың уайымын сейілтудің үлкен қадамы. Бұлай толық сеніммен айтуымның себебі, Жолдауда: «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», – деп айрықша айтылды.
Байқап қарасақ, әлемдік аренадағы алпауыт мемлекеттердің білім беру жүйесі айрықша рөлге ие. Бүгінгі таңда басты қаруға айналған білімді аттап кетіп, әділетті мемлекет құру, шындығында, мүмкін емес. Сондықтан да Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында білім саласын назардан тыс қалдырмай, маңызды қадамдарды кезең-кезеңімен жасауға үндейтіні қуантады. Осы тұста Жолдауда айтылған маңызды міндеттер, тың бастамалар әрқайсысымызға зор жауапкершілік жүктейтіндігін тағы да атап өткім келеді. Өйткені әділетті мемлекеттің билік пен халық арасындағы ынтымақ-бірлігі, «біз» деген ұраны бәрінен биік.
Ойымды қорытындылай келе, ел Президентінің: «Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз», – деген пікірі мен секілді әр мұғалімнің өзінің елі үшін қаншалықты маңызды екендігін сезінуіне әсері мол дегім келеді. Сондықтан да Жолдауда айтылған маңызды міндеттер, оларды жүзеге асыру әртүрлі салада қызмет ететін әрбір қазақстандық үшін басты назарда болуы керек. Абай атамызша айтсақ, өзің үшін қызмет етсең, хайуаннан еш айырмашылығың жоқ, ал елдің ертеңі үшін қызмет қылу, оны Отан алдындағы, келешек ұрпақ алдындағы борышың деп адалдық таныту – бөлек сезім.
Нұржамал АБЫЛОВА, «125 HIGH SCHOOL» білім беру орталығының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі