Қоғамдық келісімнің даму бағыттары талқылануда

Бүгін Жамбыл облысының әкімдігі Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп ұйымдастырған «Қазіргі кезеңдегі этносаралық келісім: тәжірибе мен алдағы міндеттер»тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтуде,-деп хабарлайды «Zhambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Отандық және Ресей, Украина, Өзбекстан, Израиль және Болгариядан келген шетелдік этносаралық қатынастар мен конфликтология саласының сарапшылары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің, Жоғарғы Соттың, Ақпарат және қоғамдық даму,Ұлттық экономика, Ішкі істер, Білім және ғылым министрліктерінің, ҚР Ақпарат жәнеқоғамдық даму министрлігі «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының», ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының, Философия, саясаттану және дінтану институтының 200-ден аса өкілі басқосқан шараны қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры, саяси ғылымдарының кандидаты Талғат Қалиев ашып, жүргізіп отырды.

Келелі жиынның пленарлық отырысында сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев этносаралық келісімді нығайтудағы аймақтық тәжірибе туралы кеңінен ой қозғап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған хатын оқып берді.

Келесі кезекте Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов қоғамдық келісімді нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі туралы сөз қозғады.

Бұдан кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров  «Жаңа геосаяси жағдайларда этносаралық келісімді қамтамасыз етудің маңыздылығы», Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат  Тлепов «Жаңа азаматтық бірегейлік – XXI ғасырдағы этносаралық келісімнің формуласы», Ұлттық экономика вице-министрі Әлібек Қуантыров «Қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының рөлі» тақырыптарында  орамды ойларын ортаға салды.

Екі күнге жоспарланған конференция жұмысы одан әрі көпэтносты елдімекендердегі әлеуметтік проблемаларды шешудегі жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық институттардың рөлі, шиеленістер мен наразылық көңіл-күйлерді алдын алу және оларды ескерту, мультимәдени ортадағы қақтығыстардың алдын алу ісіне ғылыми-сараптамалық әлеуетті пайдалану және қоғамдық келісімді нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен БАҚ-тың рөлі төңірегіндегі 4 секцияда жалғасады. Әрбір секцияда 8-ден 10-ға дейін отандық және шетелдік спикерлер сөз сөйлеп, орталық және жергілікті басқару органдарының этносаралық қатынастарды реттеу саласындағы қызметін үйлестіру мәселелерін, этносаралық салаға әсер ететін жүйелі проблемалар мен факторларды, шекара маңы ынтымақтастығын және этносаралық қатынастарды нығайтудағы халық дипломатиясының мүмкіндіктерін, ұлттар арасындағы қатынастар саласындағы кешенді талдамалық және зерттеу қызметінде бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруды және этносаясаттың басқа да өзекті тақырыптарын талқылмақ.

Конференция соңында қорытынды Қарар қабылданады деп күтілуе.

 

Comments (0)
Add Comment