Қоғамдық көліктер – ел игілігіне

Таразда 24 жаңа автобус пайдалануға берілді

Қала тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамту қашанда маңызды. Бұл шаһар логистикасын дамытып, өңір экономикасына тың серпін берері сөзсіз. Осы бағыттағы жұмыстар оң нәтижесін беріп, соңғы жылдары Тараз қаласында қоғамдық көліктер жаңартылу үстінде.

Айталық, күні кеше Тараздағы қоғамдық көліктердің қатары тағы 24 автобуспен толықты. Шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, жүргізушілерге автобустардың кілттерін табыстады.
– Бүгін шаһарымыздың автопаркі 24 жаңа автобуспен толықты. Бұл – тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам. Жаңа автобустар экологиялық талаптарға сай, жайлы әрі қауіпсіз. Олар қала ішіндегі қатынасты жеңілдетіп қана қоймай, жолаушылардың уақытын үнемдеуге, қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту – біз үшін басты міндет, – деген Бақытжан Әмірбекұлы бұл бағыттағы ілкімді істер алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.
«Автобусный парк-2020» ЖШС алып келген «YUTONG» маркалы жолаушы көліктері төмен еденді пандустармен, ауа баптағыштармен (кондиционер), бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Бұл автобустардың 14 бірлігі №50, қалған 10-ы №3 бағыттар бойынша қызмет көрсетеді. Айрықша атап өтерлігі, аталған бағыттар шаһар аумағында алғаш рет ашылып отыр. Нәтижесінде бұрын-соңды автобус қатынамаған Комратов, Махамбет батыр көшелері қоғамдық көлікпен қамтамасыз етіледі.
Бүгінде шаһарда жолаушы тасымалы бағытында 8 мекеме 45 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Жалпы саны 457 автобустың  346-ы – үлкен сыйымдылықты, пайдаланылғанына 3 жыл толмаған жаңа қоғамдық көліктер.  2024 жылы жеткізілген 155 автобус есебінен жаңадан 3 бағыт ашылса, 2023-2025 жылдары жаңадан тағы 13 жолаушы бағыты қосылды. Қоғамдық көліктерді жаңарту және тасымалдаушы мекемелердің шығындарын өтеу үшін жергілікті бюджет есебінен жыл сайын субсидия бөлінуде. Мәселен, 2024 жылы 5,3 миллиард теңге субсидия игерілсе, ағымдағы жылы 5,1 миллиард теңге қарастырылып, оның 3,8 миллиалрд теңгесі тиімді жұмсалды. Сонымен қатар 2023-2025 жылдар аралығында қосымша 11 бағыт қосылып, қазіргі уақытта олардың саны 45-ке жетті. Бұдан бөлек, биыл 75 аялдама орнатылып, тағы 3 жаңа маршрут ашу жоспарлануда. Олар Байзақ және Жамбыл аудандарынан қосылған елді мекендерге қатынайды.
Айта кетер жайт, қаланы өркендетуге бағытталған үш жылдық даму картасында қоғамдық көліктерді көбейту көзделген болатын. Бұл меже 2 жылдың ішінде-ақ артығымен орындалды. Дегенмен, биыл да бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, жыл басынан бері 71 қоғамдық көлік әкелінді.

Comments (0)
Add Comment