Қоғамдық көлікте – ұрлыққа жол жоқ

Қоғамдық көлікте қалтаға түсіп, қалағанын қолды қылу – ұрының айын оңынан тудырған оңтайлы амал. Көзді ала бере арам ойын іске асыруға асық қалта ұрыларының ойлағаны оңай тәсілмен табысты болу. Осы жолда діттегеніне жету мақсатында олар түрлі айла, әдіске барады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Қалааралық автобуста ине шаншыр орын қалдырмай, ішін қара нөпірге толтырып, желмен жарыса жүйткіген көлікте ұры-қарының айы оңынан туады дей беріңіз. Қысылып-қымтырылып, онсыз да шаршап тұрған халық ішінде қалтаға қол сұғу – ұрылар үшін таптырмас орта. Жүйткіп келе жатқан көліктің қозғалысын пайдаланып, қасақана итеріп жіберіп, сөмкеге қол жүгіртіп, ұялы телефон, әмияннан бөлек, қолына ілінгенін алып, жақын аялдамадан алаңсыз түсіп кететінін аңғармайсыз да. Оның үстіне қалташы еш уақытта жалғыз өзі жұмыс істемейді. Олар нақты бірнеше адамнан тұрады. Әдетте бірі – тежейді, яғни жәбірленушіге кедергі келтіреді. Екіншісі ұрланған затты алып, тайып тұрады. Ұрыларды көпшіліктің арасынан «қандай белгілері арқылы тануға болады» десеңіз, олардың қолында міндетті түрде үлкен кітабы, журналы, газеті, пакеті болады, немесе киімін қолына асып алады. Бұл – ұрланған затты жасыру үшін қажетті айла. Ұрлау барысында қолындағы затымен сөмкені немесе қалтаны қалқалап тұрып қол сұғуға ыңғайлы. Осылайша оның не істеп жатқанын өзгелер байқамайды да. Ал қыс мезгілінде қалташылар қолғап кимей, қолын шалбардың қалтасына салып жылытады екен. Сонда олардың қолдары қимылдауға икемді болатын көрінеді.


Осындай сан алуан оқиға ортасында, талай сан соғып қалған жолаушылардың куәсі болып жүрміз. Ұрылардың әдепсіз әрекеттерін әшкерелеп, жымысқы ойының алдын алу мақсатында қоғамдық көлік, аялдамаларда ұрылардың суреттері бейнеленген плакаттар ілулі тұр. Сондай-ақ, 15 қаңтар мен 15 ақпан аралығында қала әкімдігі, прокуратура және полиция органдарымен бірлесіп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қаматамасыз ету және қоғамдық көліктегі қылмыс санын азайту мақсатында айлық өтті. Қалта ұрлығының алдын алуға бағытталған іс-қимылдар, жол қауіпсіздігі, жолаушыларды тұрақты тасымалдауға жасалған келісім-талаптардың орындалуы, кесте мен қозғалыс интервалының сақталуы, сондай-ақ, қоғамдық көліктерге рұқсат етілген нормадан артық жолаушы мінген жағдайда әрбір жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны туралы түсіндірме жұмысы жүргізілді.
Қалта ұрлығы көптеп орын алатын №№ 32, 29, 27, 30, 15, 16,12, 38, 46, 34 және №3 қоғамдық көліктің бағытына 50 дана бейнебақылау құрылғысы орнатылған. Бейнебақылау құрылғысының құны 7500 теңгені құрайды. Ал жалпы 50 дана құрылғыға тасымалдаушы мекемелердің қаражатынан 375000 теңге жұмсалыпты.


Қоғамдық көліктердің бағыты бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесі бойынша «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС-не қарасты №№30 және 29, «Дамрус» ЖШС-не қарасты №40 қоғамдық көлік бағыттары «Ең үздік» деп танылған.


– Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін 115 автобусқа аялдамаларды автоматты түрде хабарлап отыратын, сондай-ақ жолаушыларға қалта ұрлығына сақ болуын ескертетін «автоинформаторлар» орнатылған. Алдағы уақытта қоғамдық бағыттағы барлық автобустарды аталған құрылғымен жабдықтау жоспарланып отыр, – деді өз сөзінде қала әкімдігінің жолаушы көлігі секторының меңгерушісі Ғабит Алтаев.


Сонымен қатар, аталған бағытта қала әкімдігінің білім бөлімі, жол патрульдік полиция қызметкерлерінің қатысуымен мектеп оқушылары мен ата-аналарына жол ережелерімен қатар, қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Тараз қаласы полиция басқармасы қоғамдық көлікте ұрлықты анықтау, ұстау және алдын алу мақсатында рейд өткізіп, қалта ұрлығы бойынша есепте тұрған азаматтармен профилактикалық шара өткізуді де қолға алды.

Comments (0)
Add Comment