Қоғамда қолайлы орта қалыптасуда

Еркін КЕЛЕСОВ,
облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы

Басқарманың сан тараулы бағыттары тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, қолжетімділікті арттыру, жобаларды халық игілігіне жарату болып табылады. 2022-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында ағымдағы жылы 12 миллиард 684,4 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 8 миллиард 440,9 миллион, жергілікті қазынадан 4 миллиард 243,5 миллион теңге қаралды.

Жұмыссыздық мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде

2022 жылдың 1 тамызына дейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 35 245 адам тартылды. Оның ішінде бос жұмыс орындарына – 18 234 адам, онлайн оқытуға – 823 адам, алғашқы жұмыс орындарына – 94 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 1114 адам, Жастар практикасына 1123 түлек жолданып, ақылы қоғамдық жұмыстарға 7302 жұмыссыз жөнелтілді. «Күміс жас» жобасына 128 адам, «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына 5 адам жолданса, мемлекеттік грантты 166 адам жеңіп алды. Есепті мерзімде 28000 адам жұмысқа орналастырылса, оның 18 234 тұрақты жұмысқа қабылданды.
Ұлттық жобаның бірінші бағыты қысқа мерзімді 3 айлық кәсіптік оқыту курстарында 201 миллион теңге қаралып, 1241 адам оқуға жоспарланса, бүгінгі күнге 662 адам оқытуға жолданды.
Аталған жоба аясында кәсіпкерлікті дамытуға 2630 адамға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 3,3 миллиард теңге мемлекеттік гранттарды беру қарастырылды. Тамыз айының көрсеткіші бойынша өңірде 166 адамға 203,4 миллион теңге гранты берілді. Аймақ бөлінісі бойынша Тараз қаласында 100 адам 122,5 миллион теңге, Байзақ ауданында 2 адам 2,5 миллион теңге, Меркі ауданында 12 адам 14,7 миллион теңге, Сарысу ауданында 7 адам 8,6 миллион теңге және Шу ауданында 45 адам 55,1 миллион теңге бағдарын тапты.
Ал жоба аясында әлеуметтік 1030 жұмыс орнына 295,2 миллион теңге бөлінсе, есепті кезеңде 1114 адам жұмысқа орналасты. Жастар тәжірибесіне қаралған 1634,2 миллион теңге 1524 азаматты қамтиды. Есепті кезеңде 1123 түлек дипломы арқылы жұмыс жасауда. Тұрғындардың тұрмыстық деңгейіне қолдау көрсету мақсатында қолға алынған ақылы қоғамдық жұмысқа 7627 адамды тарту жоспарға енгізілсе, бүгінде қоғамдық жұмыстарға 7302 адам жолданды. Ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы есепті мерзімге 94 адам (жоспар – 124 адам), «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы арқылы 5 адам (жоспар – 29), «Күміс жас» жобасына 128 адам (жоспар – 249) жолдама алды.
Есептік мерзімде жұмыс күші тапшы аймақтардың ішінде өңірімізге 88 отбасындағы 332 адам қоныс аударды, оның ішінде 158 адам жұмысқа қабілетті жастағылар болып табылып, оның 102-сі тұрақты жұмыс орындарымен қамтылып отыр. Ал 40 адам 14-28 жасындағы жастар болып табылады. Мектеп жасындағы және мектеп жасына дейінгі 165 бала балабақша және мектеп орындарына баруда. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңірлік еңбек нарығында тұрақтылық сақталып, жұмыссыздық деңгейі 2022 жылдың І тоқсаны бойынша 5,1 пайызды құрады.

Атаулы әлеуметтік көмекпен 66 987 адам қамтылады

Үстіміздегі жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 66 987 адамды қамту жоспарланып, 4,9 миллиард теңге қаржы қаралды. Оның 3 миллиард 916,3 миллион теңге республикалық қазынадан, 1 миллиард 16,0 миллион теңге жергілікті бюджеттен бөлінді. Бүгінде атаулы әлеуметтік көмекке 9656 отбасы қайырылса, оның 1618 отбасына тағайындалмады. Қалған 8038 отбасындағы 42 124 адамға 2 миллиард 110,9 миллион теңге тағайындалып, 7593 отбасындағы 39 605 адамға 1 миллиард 819,6 миллион теңге төленді. 6175 отбасымен әлеуметтік келісімшарт жасалынған. Жалпы еңбекке қабілетті – 10 791 адам, оның ішінде ресми жұмыссыздар саны – 317, тәуелсіз жұмыскерлер – 45, жүгіну кезінде жұмысы бар екендігі анықталғандар – 6476, бала, 1, 2 топтағы мүгедектердің, мүгедек балалардың, қарттардың күтімінде отырғандар 3953 адамды құрайды.
Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 1398 адам тартылып отыр. Тұрақты жұмыс орындарына – 1009 адам, ақылы қоғамдық жұмысқа – 255, әлеуметтік жұмыс орындарына – 85, қысқа мерзімді курстарына – 42, Жастар практикасына – 4 адам, жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін 400 айлық есептік көрсеткіш есебінде 3 адам қайтарымсыз грант алды. Еңбекке қабілетті атаулы әлеуметтік көмек (шартты ақшалай көмек) алушылардың жұмыспен қамтылғандардың және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылғандардың үлесі жылдық жоспарда 77,6 пайыз болса, бүгінде орындалуы 72,9 пайызды құрап отыр. Жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш толық орындалады.
Кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен АӘК алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 16 347 баланы қамтуға республикалық және облыстық бюджеттен 1,3 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бұл көрсеткіш қаңтар-шілде айларында кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен 1 жастан 6 жасқа дейінгі 11 720 баланы қамтымақ.

Мүмкіндігі шектеулі жандар назардан тыс қалмайды

Бүгінде облысымызда 46 058 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде 1-топтағылар – 4237 адам, 2-топтағы-лар – 17 408, 3-топтағылар – 17 630 адам, 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны – 6783 адам.
Мүгедектігі бар адамдарды қажетті арнайы оңалту құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылы республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге және облыстық бюджеттен 297,3 миллион теңге қаржы бөлініп, әлеуметтік оңалту құралдарына мұқтаж 11 215 мүгедектігі бар адам тиісті құрылғылармен қамтамасыз етілуде. Қажеттіліктер қатарында сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдар, протез-ортопедиялық, компенсаторлық құралдар, кресло-арбалар және санаторлы-курорттық емделу бар.
Сонымен қатар Тараз қаласы мен аудан бюджеттерінен бөлінген 1,5 миллиард теңгеге 9300 мүгедектігі бар адам гигиеналық құралдармен, ымдау тілі маманының қызметі, жеке көмекшінің қызметі, үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылған. Есепті мерзімге 6891 мүгедектігі бар адам 14 376 техникалық оңалту құралдарымен және 6514 мүгедектігі бар оңалту қызметтерімен қамтылып, оған республикалық және жергілікті бюджеттерден 586,4 миллион теңге қаржы жұмсалып отыр.
Ағымдағы жылдың 1 тамызына мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында орындалуы 76,2 пайызды құрап отыр (жылдық жос- пар – 85%). Порталда 18 875 өтініш тіркеліп, 14 376 өтініш қанағаттандырылды.
«AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша 2022 жылдың соңында стандарттарға сәйкес келетін бейімделген объектілердің үлесі шамамен 40 пайызды құрауға тиіс. Осыған байланысты облыс бойынша 2021-2025 жылдары 1294 нысанды, ал 2022 жылы Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланған.
Тараз қаласы мен аудандарда бүгінгі күнге 116 нысан бейімделуден өтіп, жұмыстар толығымен аяқталған.
Ал бейімдеу жұмыстарын қаржыландыру мәселесіне келетін болсақ, 175 нысанға 165,1 миллион теңге қаржы бөлініп, 104,7 миллион теңге қаржы толығымен игеріліп отыр. Сонымен қатар 59 нысанға 60,4 миллион теңге қаржы бөлінді. Бейімдеу жұмыстары жыл соңына дейін толығымен аяқталатын болады.
Облыс көлемінде 18 медициналық-әлеуметтік мекемелерде 1504 адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылуда. Атап айтсақ, 7 стационар жағдайындағы Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында 1083 қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға, 9 жартылай стационар жағдайындағы мүгедектігі бар адамдарды оңалту және бейімдеу орталықтарында жыл басынан 277 мүгедекті бар адамдарға және 2 тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына жыл басынан 144 адамға қызметтер ұсынылды.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер сапасы жақсаруда

Соңғы жылдары арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемі мен сапасын жақсарту мақсатында бұл қызметтерді ұсынатын мекемелердің желісін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, облысымыздың жеті ауданында мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталықтары (жалпы сыйымдылығы – 186 орын) және Талас ауданы Ақкөл ауылында 200 орындық жүйке ауруына шалдыққан мүгедектерге арналған стационар орталығы ашылды.
Ағымдағы жылы Байзақ, Жуалы, Сарысу және Т.Рысқұлов аудандарында мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталықтарын (жалпы сыйымдылығы – 126 орын) ашу жоспарланса, есепті мерзімге Т.Рысқұлов ауданында 51 орындық және Сарысу ауданында 25 орындық орталық ашылды. Тараз қаласында 150 орындық мүгедектігі бар адамдарға оңалту және бейімдеу көпсалалы орталығының құрылысы жүргізілуде. Нысанның сметалық құны 5,5 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс 2021 жылдың қыркүйегінде басталды. Бүгінгі күнге 40 пайызға аяқталған.
Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдар тарапынан ашылған 5 күндіз болу жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталықтары өз қызметтерін ұсынуда.
Облыс көлемінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелері жөнінде облыс әкімінің және Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің барлығында мүгедектігі бар азаматтар қатарынан штаттан тыс кеңесшілері тағайындалған.
2022 жылы облыс көлемінде 19 үкіметтік емес ұйымдар тарапынан 27 әлеуметтік жобалар іске асырылуда. Жобалар аясында үкіметтік емес ұйымдар тарапынан жартылай стационар жағдайының күндіз болу бөлімшелерінде және үйде қызмет көрсету жағдайында 1553 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылуда. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттер есебінен 409,8 миллион теңге қаржы бөлінді. Атап айтсақ, қашықтан оқыту арқылы жұмыспен қамту, бас бостандығынан айырылу мекемелерінен босап келген азаматтарға, адам саудасы құрбандарына, қандастарға, аутизм диагнозды балаларға, онкологиялық ауруға шалдыққан ауруларға «Хоспис» қызметтері және басқа да арнаулы әлеуметтік қызметтер берілуде. Аталған жобалар арқылы 224 адам жұмыспен қамтылса, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар саны 67-ні құрайды.
Ағымдағы жылы облыс бойынша 2400 жүйке ауруымен ауыратын, кресло арбамен жүретін, тірек-қимыл аппараты бұзылған жандарға және психоневрологиялық патологиясы бар мүгедек балаларға және көру қабілеті нашар (зағип) мүгедектерге Тараз қаласы мен аудандарда 14 инватакси қызметінің 26 арнайы жабдықталған көліктері қызмет көрсетуде. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерден 169,8 миллион теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2 жаңа арнайы жабдықталған инватакси автокөліктері «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігіне сатып алынды.
Тараз қаласы мен Меркі ауданы Сарымолдаев ауылында, Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында мүгедектігі бар балаларға арналған иппотерапия қызметтері ашылып, 100-ден аса балаға қызметтер көрсетілуде. Сонымен қатар Тараз қаласында демеушілер есебінен иппотерапияға арналған жабық манеждің құрылысы жүргізілуде және Шу ауданы Төле би ауылында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында иппотерапия қызметін көрсету жоспарланып отыр.
Алда білек сыбана кірісетін жұмыстар көп. Қаржыны тиімді игеру арқылы азаматтарды қоғамға бейімдеу, қолжетімділікті жасау, әр азаматтың қажеттіліктерін өтеу бойынша екпінді жұмыстар жүргізетін боламыз.

Comments (0)
Add Comment