Үкімет мүшелері, әкімдер, депутаттар және барша қоғам өкілдері әрдайым отаншылдық идеясына адал болуға тиіс. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Қазір әлемде қандай түбегейлі өзгерістер болып жатқанын білесіздер. Экономикалық, саяси, климаттық және басқа да жаһандық, аймақтық ауқымдағы қауіп-қатерлер аз емес. Осындай жағдайда күнделікті шаруамен қатар стратегиялық маңызы бар көптеген мәселені шешуімізге тура келеді. Әрине, бір мезетте барлығына бірдей ресурсымыз жетпейтіні анық. Ешкім де бәрін табан астында өзгерте алмайды. Жылдар бойы шешімін таппай келген мәселелер бар. Біз ештеңені жасырмай, бәрін бүкпесіз ашық айтамыз. Қаншалықты күрделі болса да, барлық мәселені жүйелі әрі батыл түрде шешіп келеміз», – деді Президент.
Мемлекет басшысы алдымызда ауқымды жұмыс тұрғанына айрықша назар аудартты.
“Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті. Үкімет мүшелері, әкімдер, депутаттар және барша қоғам өкілдері әрдайым отаншылдық идеясына адал болуға тиіс. Әр іс елге деген жанашырлық ниетпен жасалуы керек. Әрбір қадамымыз елге пайдасын тигізуі қажет. Біз еліміздің байлығын үнемдеп пайдалансақ, табанды еңбек етсек, салық төлесек, өз өнімдерімізді сатып алатын болсақ, түрлі жобаларға инвестиция салсақ, мемлекетіміздің қуатын арттыра түсеміз. Демек Отанымызға да, отбасымызға да пайдамыз тиеді деген сөз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.