Соңғы кездері Шымкент қалалық Полиция департаменті таратқан ақпараттарды қарап отырсақ, тәртіп сақшылары негізінен алаяқтықпен және ұрлықпен күресіп жатқандай әсер қалдырады. Келіп түсетін ақпараттардың басым бөлігі алаяқтық. Әртүрлі жағдай бойынша алдап-арбап, ақшасын алып қойған деректер күн сайын түседі десек, жалған болмас. Кей кездері күніне 2-3 алаяқтық ақпаратты оқимыз. Сонда дейміз-ау, қылмыс әлемінде алдап-арбау алдыңғы қатарға шыққаны ма? Тіпті, адамдардың да оңай жерден олжалы болғысы келетіні таңдандырады,- деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Бір күнде ұқсас үш оқиға
Мәселен, жуырда ғана шымкенттік полицейлер пәтер алып беремін деп алдап кеткен азаматты анықтады. Бұл жағдай 17 қыркүйек күні болған. Тура осы күні алаяқтық бойынша 3 жағдай тіркелген. Еңбекші аудандық полиция бөліміне хабарласқан тұрғын бейтаныс азаматтың мемлекет тарапынан пәтер алып беремін деп 2 500 000 теңгесін алып, алдап кеткенін айтып шағым түсірген. Полицейлер күдіктіні тез арада тапты. Дәл осы күні тағы да түркістандық азамат Абай полиция бөліміне хабарласып, таныс азаматтың мемлекеттік бағдарлама аясында кәсіпкерлік ашу үшін беріліп жатқан ақшаны алып бермек болғанын, оған сыйақы ретінде 140 мың теңге бергенін айтады. Алайда танысы уәдесінде тұрмай ұстатпай жүр. Тағы біреуі өзінің есепшотына ақша аудартып, көзбе-көз бой тасалаған. Белгісіз тұлға такси жүргізушісіне өзінің «Киви кошелек» есепшотына 20 000 теңге ақша салуын өтініп, мекенжайға келген сәтте қолма-қол беретінін айтып, кейін қашып кеткен. Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс шараларын жүргізу барысында бұл күдіктіні де анықтап, ұстады.
Бір қызығы, осыдан бір күн бұрын да алаяқтықтың әр түрі бойынша 3 оқиға тіркелген. Оның бірі белгісіз жан қала тұрғынының атынан 1 000 000 теңге несие алып, белгісіз бағытқа аударып жіберген. Осы күні белгісіз жан банк қызметкерімін деп хабарласып, «сіздің атыңыздан біреулер рәсімдеп жатыр» деп алдап құпиясөзін алып, депозитінде тұрған 1 200 000 теңгесін алып қойған.
Тағы бірі, белгісіз тұлға «Атаулы әлеуметтік көмектен» қаражат шығарып беремін деп, 600 000 теңге ақшасын алып кеткен. Абай полиция бөлімінің тәртіп сақшылары күдіктіні ізін суытпай ұстаған. Аталған қылмыстық оқиғалар 16-17 қыркүйекте болса, 15 қыркүйек күні бір азамат полицияға хабарласып, танысының «Каспи голд» карточкасы мен дербес нөмірін бірге сұрап алып, мұның атынан 200 000 теңгеге шағын несие рәсімдегенін хабарлаған.
Несие рәсімдеу оңай болғаны ма?
Бұдан бөлек, Шымкент қаласына қарасты Қаратау ауданының тұрғынына өзін газ қызметкерімін деп таныстырған белгісіз жан тұтынған газ ақысын төлеп беремін деп 110 мың теңгесін қолма-қол шешкізіп алған. Енді бірі, olx интернет қосымшасында сатылымда тұрған ұялы телефонын сатып алмақ болып, ұялы телефонына келген хабарламаны сұрап алып, ондағы 100 000 теңге ақшасын басқа есепшотқа аударып алған.
Қарап отырсақ, өзгенің атынан оңай несие рәсімдейтіндер көбейген. Одан бөлек, алаяқтық қылмыстардың ішінде мемлекеттік бағдарлама аясында беріліп жатқан жеңілдіктерді оңай жолмен алу да жиі кездесіп тұр. Халықтың осал тұсын білетін алаяқтар осы қадамға жиі баратынын байқадық. Мәселен, қала тұрғынына белгісіз азаматша «Атамекен» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз 580 000 теңге ақша алып беремін деп сеніміне кіріп, 200 000 теңге ақшасын алаяқтық жолмен алдап, алып кеткен. Дәл осындай жағдай тағы бір қала тұрғынының басында болған. Ол 580 000 қайтарымсыз ақша үшін 300 мың теңге берген. Сонда 580 мыңның жартысын әлдебіреудің қолына ұстатып, ал тиісті қаржыны алғанда оны қайда жұмсамақ? Түсініксіз жайттар…
Сан соғып қалған тағы бір қала тұрғыны белгісіз тұлғаның «Атаулы әлеуметтік көмектен» қаражат шығарып беремін дегеніне сеніп, 900 000 теңгені, енді бірі 200 000 теңгесінен айырылған. Мемлекеттік жеңілдіктерді оңай олжалағысы келген тағы біреу алаяқтың қолына 450 мың теңгесін беріп, оның үй алып беремін дегеніне сеніп қалған.
Қарап отырсаңыз, бұл біреудің алдап кеткен алаяқтығынан бөлек, пара берумен тең. Мемлекеттік жеңілдікті пара беру арқылы қолға түсіргісі келетіндерге де заң болуы тиіс. Олардың өздері де заң аясында жауап беруі керек емес пе? Сонда ғана алданушылар аяғын аңдап басар.
Оlx-тан есебін тауып үптейтіндер де бар
Алдап түсіремін деген жанға алаяқтықтың түрі көп екен ғой. Шымкенттегі кәсіпкерлік нысанға келген таныс емес тұлға, кәсіпкердің сеніміне кіріп, құны 4 276 000 теңге тұратын ұн алып кеткен. Содан бері не ақшасын, не ұнын қайтара алмаған кәсіпкер полицияға шағым түсіреді. Енді бірі көлік әперемін деп 1 200 000 теңгені жымқырса, olx жарнамасында тұрған балалар әткеншегін аламын деген азаматша телефонына келген sms нөмірін алып, есепшотындағы 50 000 теңгесін аударып алады. Olx интернет қосымшасынан талай адам алданған сияқты. Ұялы телефонын сатуға қойған азаматтың да 300 мың теңгесін әлдебіреу жымқырған.
Осылайша, алданып қалғандардың басым бөлігі белгісіз жандардан зардап шексе, енді біреулері өз таныстарынан да көңілі қалып отыр. Танысы банк картасын пайдаланып 500 000 теңге несие рәсімдеп, жоқ болып кеткен жағдайлар да кездескен.
Қаржы пирамидасынан зардап шегушілер әлі күнге дейін кездеседі. Ақша салсаң, көбейеді дегенге сеніп, қолындағы бар 150 мың теңгесін құйып, соңында полицияға жүгінген. Байқағанымыздай, өзін банк қызметкерімін деп алдайтындар да көп екен. Қала тұрғынына белгісіз тұлға хабарласып, өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, алаяқтық жолмен сеніміне кіріп, жеке басының мәліметтерін біліп, есепшотында болған 60 000 теңгесін иемденіп кеткен. Адамның сеніміне кіріп, арбаушылар қала тұрғынының құны 325 мың теңге тұратын сиырын да алып кеткен.
Иә, бір кездері жүргізуші куәлігін сатып алу белең алған болатын. Қазір шүкір, ол жаман қасиеттің беті қайтты дегенімізбен, ондай жағдай әлі де бар болып шықты. Жүргізуші куәлігін 150 мың теңгеге бағалап, соңында ұстатпай кеткен. Қала тұрғыны мемлекет тарапынан тегін пәтер алып беремін деген бейтаныс жанның қолына 450 000 теңгені ұстата салса, тағы бір тұрғын күйеуін мүгедектік зейнетке шығарып беремін деген жанға сеніп 240 000 теңгесінен айырылған. Банк қызметкерімін деп хабарласқан тағы бір алаяқ қала тұрғынының депозитіндегі 1 500 000 теңгені қолды еткен.
Міне, мұның бәрі де тек қыркүйек айында болған, яғни тек қылмыстық іс ашылған 26 жағдай ғана. Әлі іздестіруде жүрген біз білмейтін қаншасы бар?!
Былтырғыдан 35 пайызға көбейген
Шымкент қаласының Полиция департаменті Тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Өмірбек Бекбердиевтің айтуынша, қаламызда жиі кездесетін қылмыстар қатарына интернет алаяқтары мен қаржы пирамидаларын жатқызуға болады. «Себебі азаматтар алаяқтардың жалған мәліметтеріне сеніп, оңай жолмен ақша табу мақсатында өздерінің қаражаттарын беріп, алданып жатады», – дейді ол. Басқарма басшысы жыл басынан бері 2 635 алаяқтық қылмыс тіркелгенін, оның бүгінде 910-ы ашылып, сотқа жолданғанын атап өтті. Алаяқтық өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 35 пайызға көбейіпті. Яғни, былтыр осы уақытта 2 092 болса, биыл 2 635!
Полицейлер негізінен алаяқтықтың ақша қаражатын алу, несиелендіру жүйесі және төлем карталарын қолдану арқылы қылмыстық жолға баратындарды жиі кездестіретінін айтады. Одан бөлек, интернет алаяқтық, жер қатынастары бойынша, жылжымайтын мүлікті иемдену, қаржы пирамидалары да көптеп кездеседі.
Бұрын мұндайды «Аңқау елге арамза молда» деп жатушы еді. Ал қазір депозитіндегі ақшасынан немесе сыртынан несие алып жатқанда келген sms хабарламаны білмей айтып қойған кейбір аңқау жандарды қоспағанда, мемлекеттік бағдарламамен үй, ақша алғысы келгендер мен қаржы пирамидасына тұтылғандарды аңқаулықтан гөрі олжаға оңай жеткісі келген жалқаулыққа жатқызуға болатын сияқты. Тіпті, мұндайды алаяқтыққа алдану деп емес, өзі де жауапкершілікке тартылатын қылмыстың басқа түріне енгізген жөн-ау. Сонымен, алданушы көп пе, алдаушылар көп пе? Қоғамда неге мұндай қылмыстың түрі көбейді?..