Нысанның түгі қалмаған: Ақтауда екі қабатты ғимарат жарылды (видео)

Ақтауда асхана жарылып, 11 автокөлік жарамсыз болып қалды. Жарылыс кезінде ғимаратта адам болмаған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің таратқан мәліметтеріне сенсек, жарылыс сағат 22:25 шамасында орын алған.

«Сағат 22:25-те Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментіне Ақтау қаласы, №29 «а» шағын аудан мекенжайы бойынша жарылыс болғаны туралы ақпарат келіп түсті. Белгісіз жағдайда болған жарылыс салдарынан құрылыс түгел қираған. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ», – деді ТЖД өкілдері.

Асхана иесінің айтуынша, ол сағат кешкі 18:00-да нысанды жауып шыққан. Абырой болғанда, жарылыстан зардап шеккендер жоқ.

Жарылыстың алдын ала себебі газ-ауа қоспасының ағуынан болуы мүмкін. Қазірдің өзінде оқиға орнынан екі газ баллоны шығарылды.

Жарылыс болған екі қабатты ғимараттың ішінде асхана, техникалық қызмет көрсету станциясы, тігін цехы және қойма орналасқан.

Comments (0)
Add Comment