Елімізде суррогат әйелдерге деген сұраныс артып, интернет желісінде мұндай қызмет көрсететіндерді іздегендер көбейген. Ерлі-зайыптылар оған 12 миллион теңгеден астам ақша беруге дайын екен. Алайда бұл істі бизнеске айналдырған әйелдер бұл соммаға да келіспейді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, қазір Қазақстанда сәби сүюді армандап жүргендер саны 20 мыңнан асады. Ал «суррогат ана» болу заңмен реттелген. Мамандардың айтуынша, қазір оларды табу қиын. Өйткені жатырын «жалға беретін» құрсақ аналарға қойылатын талаптар жоғары. Сондай-ақ көп әйелдің денсаулығында кінәрәт бар.
“Денсаулығы жақсы, 34 жасқа дейінгі әйелдер ғана суррогат ана бола алады. Заң бойынша ол баланы дүниеге әкелгенде, 35 жасқа толмауы керек. Сонымен қатар осыған дейін дені сау бір баланы табиғи жолмен дүниеге әкелуі міндетті. Ешқашан түсік жасамаған болуы тиіс. Бүгінде осындай талаптарға сай келетін сау ананы табу өте қиын”, – деді Алматы қалалық репродуктивтік медицина институтының репродуктолог-дәрігер Жанар Тайбағарова.
«Құрсақ ана» іздегендер Алматы қаласында көп. Биыл 100 отбасы балалы болуды армандап, орталыққа келген. Сәби сүюге зар болғандар суррогат аналарға екі миллионнан 12 миллион теңгеге дейін беруге дайын.
“Суррогат ананың ақысына қатысымыз жоқ. Бұл – отбасы екеуінің арасында нотариус арқылы жасалатын келісімшарт. Онда әрбірінің міндеттері жазылады. Мысалы суррогат анаға ішімдік ішпеу, темекі шекпеу деген сияқты талаптар қойылады. Әрине, суррогат ана қызметінің тегін болғанын қалар едік. Бірақ оған ешкім келіспейді. Өйткені оларды қаржы мәселесі толғандырады. Алайда жақындары, туыстары тегін құрсақ ана болып беретін жағдайлар бар”, – деді репродуктолог-дәрігер.