Өнеркәсіп саясаты – экономикалық-әлеуметтік дамудың негізі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндеттердің бірі – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану. Осы саладағы қол жеткен табыстарымызға қарамастан, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай келеміз. Өңделген тауарлардың 3/2 жуығы шет елдерден әкелінеді. Еліміздің ұлттық экономикалық стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада өнеркәсіптің жаңа салаларын дамыту керек. Ұлттық индустрияны дамыту үшін жаңартылған заңнамалар қажет, соның ішінде өнеркәсіп саясаты туралы заң кезек күттірмей тезірек әзірленуге тиіс», – делінген.

Осылайша, Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібінің негізгі қағидаттары, мақсаттары мен міндеттері белгіленетін өнеркәсіп саясаты туралы заңның тез арада әзірленуі керек екенін атап көрсетті.

Бүгінгі күні кез келген мемлекеттің алдында тұрған басты мәселелердің бірі – елдің өнеркәсіп саясатын дамыту, халықты жұмыспен қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын көтеру, дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосылу. Қазір біз өткен ғасырдың екінші жартысынан бастау алатын ақпараттық-цифрлық революцияның аяқталу дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Оның өзіне тән белгілері – ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуы, өндірістік процестерді автоматтандыру және роботтандыру.

4.0 Индустрия бағдарламасына тән белгілер: барлық процестерді басқару нақты уақыт режимінде жүргізіледі және өзгеріп отыратын сыртқы жағдайларды ескере отырып жүзеге асырылатын толық автоматтандырылған өндірістер болып табылады. Киберфизикалық жүйелер физикалық әлем нысандарының виртуалды көшірмелерін жасайды, физикалық процестерді басқарады және орталықтандырылмаған шешімдер қабылдайды. Олар бір желіге бірігуге, нақты уақыт режимінде өзара әрекеттесуге, өзін-өзі баптауға және өзін-өзі оқытуға қабілетті. Қызметкерлер мен машиналар арасындағы байланысты қамтамасыз ететін интернет-технологиялар маңызды рөл атқарады. Кәсіпорындар өндірістің өзіндік құнын оңтайландырып, жеке тапсырыс берушінің талаптарына сәйкес өнімдер жасайды. Әрине, мұндай процестер өздігінен жұмыс істемейді, яғни дұрыс қойылған жүйе, білімі жоғары мамандардың күшімен жүргізіледі.

Жаһандық пандемияға байланысты шекараның жабылуы көптеген кәсіпорындардың жұмысына теріс әсерін тигізбей қоймады, импортқа тәуелділіктің зардабын тартып отырған кәсіпорындар қаншама. Бұл өз кезегінде отандық өнімдерді экспортқа шығаратын кәсіпорындарға да кері әсерін тигізіп, өндірілген өнімге деген сұраныстың төмендеуіне әкелді. Бұл қаншама қазақстандықтардың жұмыстан қысқарып, отбасылық кірістің азаюына әкеп соқтырды.

Қазақстанда бүгінде «қарапайым заттар экономикасы» деп аталатын салаларды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл – күнделікті қолданылатын тауарлар мен қызметтер. Оларға тоқыма және жиһаз, тамақ өндірісі және тағы басқа салалардың өнімдері кіреді. Бұл бағыттарды дамытудың қажеттілігі туралы жоғарыда келтірілген 2020 жылғы Жолдаумен қатар, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл- ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» (5 қазан, 2018 жыл) және Президент Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» (23 қыркүйек, 2019 жыл) атты халыққа Жолдауларында да айтылған болатын. Бұл – өнеркәсіп саясатын дамытудың кезек күттірмей, алдыңғы орында тұратын мәселе екендігінің айғағы.

Бүгінгі күні отандық өнеркәсіптерді қолдау, соның ішінде ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту бойынша көптеген бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Әрине, біршамасы пайдасын тигізуде, алайда әлі күнге дейін көптеген өнеркәсіп тауарлары бойынша импортқа тәуелділіктен арыла алмай отырмыз.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша 2020 жылдың бірінші жартысында жалпы ішкі өнім құрылымында өнеркәсіп тауарлары өндірісі 38,8%, қызмет көрсету саласы 55,1 пайызды құраған. Жалпы ішкі өнім өндірісінде негізгі үлесті өнеркәсіп (30,5%) алады, көтерме және бөлшек сауда саласы, машина және техника жөндеу салалары 14,4% алып отыр.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша 2020 жылдың бірінші жартысында өнеркәсіптік өндірістің көлемі 12541,8 млрд теңгені құраған, бұл 2019 жылдың бірінші жартысына қарағанда 3,1% жоғары көрсеткіш.

«Атамекен» ҰКП-ның өңірлерге шаққандағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы туралы жасаған есебі бойынша 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында 2019 жылдың қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда шикі мұнай, табиғи газ және металл рудалары өндірісі артқан. Азық-түлік өнімдері, темекі өнімдері, мұнай өңдеу, химиялық өнеркәсіп өнімдері, резіңке және пластмасса бұйымдары, металлургия өнеркәсібі және машина жасау өндіріс көлемдері өскен. Осы ретте қара металлургия өндірісінің көлемі, керісінше, төмендеген.

2020 жылдың қаңтар-маусым айларында сыртқы сауда айналымы 42,5 млрд АҚШ долларын құраған (2019 жылдың қаңтар-маусымымен салыстырғанда 7,9% төмендеген), соның ішінде экспорт – 26,0 млрд АҚШ долларын (9,2 пайызға төмен) және импорт 16,5 млрд АҚШ долларын (5,8%-ға төмен) құраған.

Сонымен қатар ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша 2020 жылдың бірінші жартысында Жамбыл облысының жалпы өңірлік өнімі 0,8 трлн теңгені құраған, өңір Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 2,7% деңгейіндегі үлесін қамтамасыз етті (2019 жылдың І жартысында – 2,4%). 2020 жылдың І жартысының қорытындысы бойынша Жамбыл облысының жалпы өңірлік өнімі шағын және орта кәсіпкерлік үлес көрсеткіші бойынша республикада 12-ші орынды еншілеген (16,2%). Осы ретте аталған көрсеткіштің 1,5 пайыздық тармаққа өсу тенденциясы байқалған.

2020 жылдың 1 шілдесінде Жамбыл облысында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 68,7 мың бірлікті немесе 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 98,3%-ды құраған. Шағын және орта кәсіпкерлік құрылымында жеке кәсіпкерлер – 63,5%, шаруа қожалықтары – 26,5%, шағын кәсіпкерліктің заңды тұлғалары – 10,0% және орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары небәрі 0,1 пайызды құрайды. Бұл қуантарлық көрсеткіш, алайда қазіргі уақытта Жамбыл өңірінің әл-ауқатын арттырып, жұмыспен қамту үшін әлі де төмен болып саналады.

Қазақстан Республикасы 2015 жылы БСҰ мүше болып кіргеннен кейін отандық тауар өндіруші кәсіпорындарға әлемдік алдыңғы қатарлы, жоғары технологиялы компаниялардың тауарларымен бәсекелесе алатын қабілеті бар өнімдер өндіруді жүктелген. БСҰ отандық кісіпорындарға әлемдік нарықтың есігін айқара ашқанымен, керісінше, біздің елімізге әлемдік алпауыт компаниялардың да тауарлары көптеп келетіні белгілі. Сондықтан бәсекелесу қабілеті бар өнімдер өндіре алатын отандық кәсіпорындарға мемлекет тарапынан тиісті көмектің берілуін дұрыс деп санаймын.

Екінші бәскелестік – нарық, ол ЕАЭО-ның еркін тауар айналым нарығы. Бұл нарықта да отандық кәсіпорындарға техникасы мен технологиясы дамыған Ресей, Беларусь сияқты мемлекеттермен иық тіресе алатын, бәсекеге қабілетті өнім өндіру тапсырмасы жүктелген.

Жалпы қорытындылайтын болсақ, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілетті тауар шығарып, жаһандық нарықтан өз орнын тауып, тұрақты, еш кедергісіз жұмыс істеуіне ықпал ететін тиімді реформалар мен саясат жүргізу – қазіргі уақыттың маңызды мәселесі. Мұндай саясат жүргізу әлемдік тәжірибеде көптеп кездеседі. Мысалы, Малайзия, Сингапур сияқты ешқандай табиғи байлығы жоқ мемлекеттердің қарыштап дамыған техникасы әлемдік ірі электроника шығаратын кәсіпорындардың ашылуына, қаржы орталықтарының құрылуына әкелді, соның нәтижесінде аталған елдердің алдыңғы қатарлы мемлекеттер тізіміне қосылғанын айтуға болады. Отандық кәсіпорындардың тұрақты дамуы, ең алдымен, мемлекетіміздің табиғи шикізатқа тәуелділігінен арылуына, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне, дамыған, алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылуына оң ықпалын тигізері анық.

Рахымжан ҚАУЫМБАЕВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, технологиялық факультетінің «Стандарттау және метрология» кафедрасының доценті

Comments (0)
Add Comment