Түркістан облысы Жетісай ауданының тұрғыны Мыңжасар Шаңқұлов өзін марқұмдар қатарына қосып жіберген Шымкенттегі №1 клиникалық аурухананың мамандарына наразы. Азамат бір жарым жылдан бері өзінің жер басып жүргенін, тірі екенін дәлелдей алмай келеді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қабылдау бөліміндегі медбикелер мен статисттердің өрескел қателігінен Мыңжасардың дербес деректері ойда-жоқта бұғатталып қалыпты. Енді ауруханадан бастап, министрлікке қарасты электронды денсаулық сақтау орталығы статусымды өзгертіп, тірілер қатарына қайта қосуға асығар емес деп ашынады.
Былтыр наурызда Мыңжасар Шаңқұловтың әкесі Шымкенттегі №1 клиникалық ауруханада көз жұмған. Марқұмның денесін әкетуге барған ұлы жанашыры ретінде жеке куәлігін тапсырған. Сол кезде қабылдау бөліміндегі медбикелер жауапсыздықтың кесірінен мені де қайтыс болғандар қатарына қосып жіберді дейді.
“Осы тіркеуге тіркеген кезде мені де өлілер қатарына қосып, тіркеп жіберген. Бірақ ешқандай себептен-себепсіз. Тіркеу үшін қайтыс болғаны туралы анықтама болу керек. Ондай деген жоқ бұларда. Олар дереу базаны жауып тастай салды”, – дейді Мыңжасар Шаңқұлов.
Өзін өлілер қатарынан көріп, жағасын ұстаған Мыңжасар Шаңқұлов тірі екенін дәлелдемек болып, біраз мекеменің табалдырығын тоздырады. Сөйтіп, тамыз айында дербес деректер базасын қалпына келтірген.
Алайда биыл наурызда 15 жыл шекара күзеткен зейнеткердің зейнетақысы шотына түспей қалыпты. Сөйтсе, өлілер қатарына қателікпен тағы екінші мәрте еніп кетіпті. Оны халыққа қызмет көрсету орталығы да дәлелдеп берді.
Зейнеткердің сөзінше, ауруханадағы қайтыс болғандар журналынан өзінің аты-жөнін алып тастамайынша, деректер базасында бұндай сорақылық қайталана бермек.
Ал аурухана заңгері екінші мәрте өлілер қатарына еніп кетуін республикалық базадағы қателікке сілтеді.
“Сол жерде қайтыс болды деп енгізіліп кетті. Екінші мәрте техникалық порталда қайтадан енгізіліп кетті”, – дейді заңгер Абзал Сейілханов.
Аурухана өкілінің айтуынша, өздері тарапынан министрлікке қарасты электронды денсаулық сақтау орталығын сотқа беріп, ол арыз қанағаттандырылыпты. Енді дербес деректер базасын қалпына келтіру үшін министрлікке хат жолдауы тиіс.
Алайда ол хатты аурухана, яки денсаулық сақтау басқармасы созбаққа салып отыр. Өйткені министрліктің өкілі базаға өзгеріс енгізуге ресми хат әлі жолданбады деп қысқа қайырды.
Демек, Мыңжасар Шаңқұловтың өзін тірі деп дәлелдеуі үшін әлі талай табалдырықты тоздыратын түрі бар.