Әне, Қожанасыр келе жатыр!..

Қожанасыр (1208-1284) – қазақ күлдіргі әңгімелерінің кейіпкері. Әңгімелерде бірде қу, бірде аңқау бейнесінде сипатталады.

Қожанасыр туралы әңгімелер қазақта ғана емес, Азия, Арабия, Грекия, Румыния, Сербия, Еділ бойы, Түстік Кавказ халықтары фольклорында Молла Насреддин, Қожа Насреддин, Насреддин әпенді деген аттармен кең тараған. Мұның өзі Қожанасыр туралы әңгімелердің орта ғасырларда Азия мен Еуропаның арасындағы мәдени-экономикалық қарым-қатынастар күшейген шақта пайда болғандығын аңғартады.
ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарынан бастап күлдіргі әңгімелер мен Қожанасыр хикаяларын Әбубәкір Диваев, Мұхтар Әуезов, Бейсембай Кенжебаев, Өтебай Тұрманжанов, Есмағамбет Ысмайылов, Төкен Әбдірахманов, Нысанбек Төреқұлов, Көбей Сейдаханов, Леонид Соловьев, Балтабай Адамбаев, Қыдырәлі Саттаровтар зерттеп, еңбектер жазған. Енді бүгінгі айтпақ болып отырған әңгіме сол орыс жазушысы Леонид Соловьевтің «Қожанасыр» повесінің желісі бойынша қойылған Жамбыл облыстық орыс драма театрының «Ходжа Насреддин» атты кезекті премьера спектаклі еді…
Театр. Иә, театр – бұл өлілерді «тірілтетін» жер ғой. Иә, Қожанасыр жайлы айтылар әрбір әңгіме, қойылған көрініс, спектакльдер де осы аталмыш тұлға жайлы деректер іспетті. Енді осы орыс театрының әпенді Қожанасырды қалай, қай қырынан көрсете білгенін айта кетейік. Сонымен спектакль басталды. Қойылым әр елде бас сауғалап Қожа мен қатыны екеуінің туған елге деген сағынышымен басталады. Қожанасыр шыншыл ғой, сол мінезінен әмірлер мен патшалармен сыйыспай, солардың қудалауынан бас сауғалап жүрген пенде. Бұл музыкалық комедияда Қожаның тағдырдың тәлкегінен жапа шеккендерге қол ұшын созуы, өзі жүрген Бағдат қаласындағы байғұс Рахымбай дәруіштің қаланың бай-манабы, қатынқұмар, жылпос, алаяқ Ағабектен карта ойнап ұтылып қалған дүниелерін қайтарып алуы және байғұс Рахымбайдың қызын қатынқұмар Ағабектің алтыншы қатын қылып алу тойын болдырмай, Рахымбайдың қызы Зүлфияны өз махаббаты Саидқа қосуы баяндалады. Басты рөл Қожанасырды (Бекназар Ізбасаров) сомдаған актер Қожаның образын шынайы түрде көрсетіп, оның қыр-сырын аша білген. Өзі бір күлмей, өзгелерді күлдіре білген Қожаның образын жасай білген актердің шеберлігін көрдік. Иә, бұл – театрдың белді актері, режиссері Бекназар Ізбасаров. Актер образ жасауда музыка екпініне билей жүріп, сахнаны емін-еркін илей жүріп, партнерларын түйрей жүріп, Қожаның күрделі образын жасай білді. Қожаның қатыны Гүлжан (Нұрғайша Ибаділдаева) өзінің жуан да салмақты дауысымен көрерменді өзіне тәнті етті. Актриса алдына қойылған режиссердің тапсырмаларын тапжылмай тиянақты етіп көрсете білген. Гүлжанның тұла бойынан шығыс әйелдеріне тән мінез бен ибалықты көрдік. Бұл – актриса Нұрғайшаның жетістігі. Қулығына құрық салдырмайтын алаяқ Ағабек (Евгений Орлов) өзінің кім екенін көрсете білді. Ағабектің бойынан рухани еркіндікті көрдік. Мұны актер керемет жеткізе білді.
Ал Рахымбайда (Анатолий Просалович) қанша жанын салып ойнап жатса да, дәруішке лайықты элементтер жетіспей жатты. Үстірт ойнайды. Ал үстіртін ойнады дегенше, үстінен кетті деген сөз. Ал бізге астын қазып тұрып ойнау керек қой, қанша жерден комедия болса да. Өйткені ол дәруіш. Ал дәруіш – салмақты тұлға. Демек, әртіс ізденбеген. Ал сол дәруіш Рахымбайдың қызы Зүлфия (Марина Просалович) бірбеткейлігімен, сымбаттылығымен сахнада аққудай жүзіп жүрді. Бірде-бір күлмей, артық қадам жүрмей, тәкаппар Зүлфия қыздың бейнесін жарқ еткізді, жеткізді. Маринаға риза болдық.
Ал жұмыртқадан жүн қырыққан саудагер Арзыгүлдің (Ольга Ізбасарова) образы керемет ұтымды шыққан. Арзыгүл рөліндегі актрисаның көп ізденіп, тер төккені көрініп тұр. Саудагердің бейнесін шынайы жеткізе білді. Ольганың сахнаға әбден төселген, талантты актриса екенін көрдік. Спектакльдің көркін кіргізген тағы бір кейіпкерлер: алаяқ, қатынқұмар Ағабектің тастап кеткен төрт әйелінің – Бану (Галина Соколова), Гүлшан (Эльмира Аққұлиева), Гүлбара (Елена Казаченко), Шоқсанамның (Надежда Новикова) образдары да сәтті шыққан.
Спектакльдің декорациясы, костюмдері қазіргі заманауи стильде қойылған. Қағаз қораптардан құралған декорацияларға «Продам ишака без пробега», «Продается диплом», «Сдам жену в аренду» деген сияқты жарнамалар жабыстырылған. Бұл да еріксіз езу тартқызады. Бұл қоюшы суретші Сарвар Мирзаевтың шешімі болса керек. Спектакльдің тағы бір ұнаған, әсерлі шыққан тұсы – қойылымға автор Леонид Соловьевтің (Тимур Романюк) қатысуы. Автор әр көріністер арасында қысқаша баяндама жасап тұрады. Мұны да қоюшы режиссер ұтымды қолдана білген.
Қожанасыр жайлы айтылып жатқан соң, ол жайлы бір әзіл әңгіме айта кетпесе болмас.
Қожа бір әмірге барып:
– Мен мына есегімді он жылдан кейін французша сайратып, арабша құран оқитын қыламын, – депті.
Әмір:
– Егер он жылдан кейін есегің осы айтқаныңды жасамаса, басыңды аламын, – дейді.
Екеуі қол алысып, Қожа жөніне кете барады. Мұны естіген Қожаның жолдастары:
– Есің дұрыс па, өле алмай жүрсің бе? – дейді.
Сонда Қожа саспай:
– Әй, он жылдан кейін не әмір өледі, не менің есегім өледі, – депті.
Өзбекстаннан арнайы келіп, осындай керемет музыкалық комедия қойған Сайфиддин Мелиев мырзаға мың алғыс айтсақ болады. Осылай ғасырлар өткен сайын Қожанасырдың бейнесі жаңара түседі. Иә, халық барда Қожанасыр өлмейді. Қожанасыр тірі. Әне, келе жатыр!..

Фархат Омарбеков,
қазақ өнерінің қайраткері

Comments (0)
Add Comment