Құндылықтардың қайнар көзі

Еліміздің тірегі – білімді ұрпақ. Жастарды отансүйгіштікке, шығармашылыққа, ақыл-ойын жан-жақты дамытуға сапалы білім алуы үшін тәрбиелей отырып, оларды қазіргі нарық қатынастарының талабына сай адам етіп шығару міндеті көзделген. Бүгінгі заман, уақыт талабы елімізді білімді кәсіби мамандармен қамтамасыз етіп отырған оқу орындарының қазіргі заман талабына сай жастарға сапалы білім мен саналы тәрбиенің жоғары деңгейде берілуін талап етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өркендеуі, әлемдегі дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттермен терезесі тең болуы үшін көптеген батыл шешімдер қабылдады. Мәдениет саласы қызметкерлерінің инемен құдық қазғандай ересен еңбектерінің еленіп, әсіресе кітапханашылардың мәртебесін көтеру жөнінде ой қозғауы кітапханашыларды бір қуантып тастап, жұмысқа деген құлшынысты көтеруге ықпал еткенін мақтана айтуымыз керек. Ендігі жердегі біздің басты міндетіміз – Президентімізді қолдап қана қоймай, оны барлық оқырмандарымыз арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңінен насихаттау болмақ. Осы мақсатта оқу орындарында «Оқуға құштар колледж» атты жобаны жариялап, кітапханаларға жаңа серпін берді.Осы бағдарлама аясында жастарды, ата-аналарын көркем әдебиет оқуға шақырамыз.
Ақпаратпен жан-жақты қамтылған қоғам жағдайындағы қазіргі заманғы кітапханашының бірден-бір міндетті тұтынушы болып табылатын оқырманның ақыл-ой күші мен уақытын барынша оңтайландыруға жағдай жасау, кітапхананың ақпараттық ортасын ұйымдастыру болса керек. Кітапханашы ең алдымен кітапхана қызметін тиімді етуді, кітапханада ақпаратты табу, онымен танысу, өңдеу мен алу мүмкіндігін беретін орта қалыптастыруды жүзеге асырады. Кітапханашы осы әрекетімен білім беру ісінің насихаттаушысына айналды. Кітапханашы – тұлғаның зияткерлік еркіндігімен, ақпаратты еркінше пайдалана алу бостандығын қорғауға тікелей атсалысатын кәсіптің иесі. Оған бүгінгі және келешек ұрпақтарға ақпарат пен идеялардың еркін ағымын қамтамасыз ету үшін ерекше жауаптылық жүктелген.
Біздің кітапхана колледждің жетекші бір құрылымдық бөлімі ретінде оқу-тәрбие үрдістерін қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуші білім және ақпарат орталығы болып саналады. Әртүрлі іс-шаралар жастардың рухани жан дүниесін, ой-өрісін байытуға, жоғары эстетикалық талғамын, қоғамдық санасын қалыптастыруға септеседі, оларды қоғамның салауатты азаматы етіп тәрбиелеуде, адамгершілікке, елі мен жерін сүюге, құрметтеуге тәрбиелеуде маңызы зор. Көпшілік іс-шаралар бір сарында емес, үнемі өсіп, өзгеріп, жетіліп отырады. Олардың тақырыптары еліміздегі болып жатқан түрлі тарихи, саяси оқиғаларға байланысты таңдалады.
«Тараз – ғасырлар куәсі», «Алаш ардақтылары», «Тәуелсіз елге – білікті маман», «Ана тілім – айбыным», «Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағдары», «Астана – Отанымыздың жүрегі», «Жемқорлық – қоғам дерті», «Біздің күнтізбе», «4 маусым – Қазақстан Республикасының рәміздер күні», «Қазақтың Шер-ағасы», «Мұқағали – мәңгі ғұмыр», «Жамбыл – жыр алыбы», «Кафедра күні», «31 ма- мыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні», «XX ғасырдағы қазақ жазушылары», «Ана – өмір бастауы» және т.б. кітап көрмелері ұйымдастырылды. «Оқуға құштар колледж» жобасы аясында да іс-шаралар өткізілуде. Әрбір өткізілген іс-шараның оқырмандар үшін тиімділігі бар екеніне сенімдіміз.
Көркем әдебиет қорын насихаттау мақсатында оқырмандар арасында таратылып оқыған кітаптары туралы ойларын талқылай отырып, үзінділер оқып қызықтырды. Кеште колледжіміздегі «Жыр жазамын жүрегімнен» поэзия клубының мүшелері қазақ ақындарының өлеңдерін, поэмалардан үзінділер оқылып, колледж әкімшілігі, оқытушылары, қызметкерлері, студенттер белсене қатысады.
Егеменді еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылуы, халқымыздың болашағы үшін білім мен ғылымның, тәлімді тәрбиенің орны бөлек. Барлық игіліктің оқумен келетінін бабаларымыз о бастан айтып кеткен. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұлттың ұлағаты – мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты – оқу мен әдебиетте» деуі де – білімнің берері мол екенінің айқын дәлелі.
Кітап – барлық заманда да білім қазынасының ғажайып қоймасы. Қазіргі кезге дейін көркем әдебиеттің адам өміріндегі рөлі ерекше. Кітап біздің алға жылжуымызға адамгершіліктің биік шыңына көтерілуімізге өлшеусіз ақыл қосады.
Ойымды қорытындылай келе, кітапхана қызметкері ретінде қазіргі ақпараттық технологияның дамыған заманында жастарға «рухани дос іздесеңіздер, кітап оқыңыздар» дер едім.

Гулдариха Жаңабаева, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің кітапхана меңгерушісі

Comments (0)
Add Comment