Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауы педагогтар қауымын зор қуанышқа бөледі.
Сан саланы қамтыған құжатта білім жүйесіне ерекше екпін түсіріліп, басымдық берілді. Тәуелсіздіктің 30 жылында білім саласына мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Қаншама еңселі оқу орындары бой көтеріп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. ТМД елдерінің ішінде педагогтар мәртебесін заң жүзінде бекіткен алғашқы мемлекеттердің бірі болдық. Президенттің тапсырмасына сәйкес педагогтардың еңбекақысы жылдан-жылға артуда. Алдағы 3 жылда осыған тағы 1,2 триллион теңге жұмсалмақ. Елбасының да, Мемлекет басшысының да Жолдауларынан ұстаздардың әлеуметтік жағдайы тыс қалған емес. Бұл – соның анық айғағы.
Биылғы құнды құжат та саланың дамуына серпін бергені сөзсіз. Бүгінгі күні елімізде мектептердегі орын тапшылығы айқын сезілуде. Осыған байланысты Президент 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды тапсырды. Бұл тапсырма жүйелі жүзеге асар болса, жер-жерде зәулім оқу ошақтары салынып, бүлдіршіндер бақытқа бөленбек. Сонымен қатар енді халықаралық білім бәйгелерінде оза шапқан оқушыларды ынталандыру мақсатында олар бір реттік ақшалай сыйақымен марапатталатын болады. Бұл – өте құптарлық. Себебі «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» демекші, озат өрендерді әрдайым демегеннен ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Бұл, бір жағынан, олардың қабілеттерін шыңдап, әрдайым ел абыройын асқақтатуына септігін тигізеді. Кез келген педагог өзінің біліктілігін жетілдіріп, заман талабына сай болуы аса маңызды. Бұған Президентіміз де тоқталып өтті. «Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс», – деген Мемлекет басшысы бұл ретте ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейтінін қадап айтты.
Қорыта айтқанда, құнды құжат білім саласының алдағы бағыт-бағдарын айқындап, келешегінен мол үміт күттірді. Біздің міндетіміз – Жолдау жүктеген міндеттердің орындалуына күш салу.
Шаттықгүл Ержанова,
Ә.Молдағұлова атындағы №28 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары