Украинадағы ахуалға байланысты Ресейге салынған санкциялардың зияны Қазақстанға да тиді деп жазды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бүгін Үндістан билігі Қазақстан мұнайын сатып алудан бас тарту туралы шешім шығарды. Шектеу көрші елдегі Urals пен ESPO өнімдеріне де қойылған. Үндістанның мұнай өңдеу зауыты бұны қауіп-қатердің алдын алу үшін жасағанын мәлімдеді.
Шетелдік алпауыт компаниялар ресейлік кәсіпорындардың төлем қабілетіне күмән келтіріп, сақтандыру тәуекелдері басым екенін алға тартып отыр. Сондықтан Үндістан билігі трейдерлерге қазақстандық CPC Blend шикі мұнайын ұсынбауды сұраған. Бұл – еліміздің экономикасына үлкен соққы болары сөзсіз. Себебі, экспортталған қара алтынның 5 пайызы Үндістанға тиесілі. Атап айтқанда, өткен жылдың өзінде Үндістанға 3,2 миллион тоннаның шикізаты саудаланған. Сөйтіп, ел бюджетіне 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын табыс түскен.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, егер сатушы мұнайды МӨЗ-дерге дейін жеткізіп берсе ғана IOC мұнайды сатып алады.