Өндірістің қуаты артқан

«GOODZHEM» компаниясы төрт түлікке арналған жоғары сапалы құрама жем өндіреді. Өндірістік кешенді құру 4 негізгі кезеңге бөлінген. Олардың үшеуі зауыттың құрылысы мен үлкен және орта элеваторды қоса есептегенде жүзеге асып отыр.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

2017 жылдың 1 желтоқсанында іске қосылған «Good Look Сауда үйі» ЖШС бүгінгі күні тауарлы брендін қалыптастырып, облысқа ғана емес, еліміздің нарығында жақсы танылып отыр. Кәсіпорын қазір «GOODZHEM» тауарлы маркасымен ірі шаруашылықтар мен қожалықтарға жем өнімдерін ұсынуда. Атап айтқанда, ірі қара, жылқы мен ұсақ малға, тауықтарға қажетті жем өндіреді. Тәулігіне 480 тонна өнім өндіріп отырған кәсіпорынның әлеуеті жоғары. Өндіріске жаңа технологияларды да енгізіп отыр.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері арнайы ат басын бұрып, жергілікті бюджетті тиімді пайдалануды қамтамасыз ету және агроөнеркәсіптік сектор саласындағы прогрессивті технологияларды ілгерілету жұмыстарына тарту бойынша жол картасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен танысты. Алдымен серіктестіктің сату бөлімінің басшысы Мұхамед Үсенбаев серіктестік өнімдері бүгінгі күні Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттеріне экспортталып отырғандығын алға тартты. Мұнда 25 жергілікті азамат тұрақты жұмысқа тартылған. Қазір облыстың барлық аудандарындағы қожалық иелерімен де тығыз жұмыс жүргізілуде. Ал кәсіпорындағы өндірістік қауіпсіздік жолға қойылған. Кәсіпорындағы құрылғылардың дені автоматтандырылған.
– Субсидия мәселесі бойынша облыстық ауыл шаруашылық басқармасына хат түсірдік. Өйткені былтыр жергілікті қожалық иелері субсидия алатын. Яғни шаруаларға жем 60 теңгеден сатылса, оның 20 теңгесін мемлекет төлеп келген еді. Ал биыл субсидия қарастырылып отырған жоқ. Қазір өнім 100-200 теңге аралығында сатылады. Сондай-ақ жем қоспаларына шаруалардың өтініші бойынша мөлшерлеп қосамыз. Ал жеке тұрғындар үшін серіктестік орналасқан ғимарат алдында арнайы контейнерде жем саудаланады. Сауда нүктелері базарларда бар, – дейді Мұхамед Үсенбаев.
Серіктестіктегі құрылғылар Германия, Украина мемлекеттерінен алынған. Енді элеватор құрылысына Түркиядан құрылғылар жеткізілмекші екен. Серіктестікте бұл еңбек өнімділігінің жоғары екенін көрсетсе керек-ті. Шара барысында Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ әдістемелік бөлімінің әдіскері Кенжебай Өмірбеков Жамбыл облысы ҚХА «Ақжелкен» жастар лигасының мүшелеріне өндірісі өркендеген серіктестіктегі жұмыс қарқыны мен енгізілген жаңа технологиялар жайында айтып берді.

Comments (0)
Add Comment