Тұнып тұрған таланттар бір арнада тоғысқан өнер ұжымының құрылғанына биыл – 45 жыл.
Толғанай АТАБАЙ, Суреттерді түсірген Ю.КИМ
Облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізу орталығы жанынан құрылған өнер ұжымы бүгінде табанды еңбегімен талайға танылып үлгерді. Әсем ән, шебер қимылымен тәнті ете білетін талантты ұжым К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияда есеп беру кешін өткізіп, ел ықыласына бөленді. Аталмыш өнер ұжымы бұл кешке ұзақ дайындалыпты.
Еңбексүйгіш, төзімі темір, жарты ғасырға жуық уақыт үздіктердің мінберінен түспей келетін бишілер бір сәтке де босаңсыған емес. Филармония төрінен жарқыраған мүлтіксіз қойылымдар осыны айқындап тұрғандай. Бүгінде ансамбль құрамында 6-18 жас аралығындағы 450 жас жеткіншек ән-бидің қыр-сырын үйренуде. 1974 жылы негізі қаланған ансамбль бұған дейін еліміздің талай түкпірінде және әлемнің Франция, Малайзия, Түркия елдерінде өткен байқауларда өнерімен топ жарып үлгерді. Кеш шымылдығы Құрманғазының «Саранжап» күйімен түріліп, әрі қарай халық ән-күйлерімен жалғасын тапты. Ансамбль құрамында хореография, вокалдық топ студиясы, домбыра үйірмесі, баян, қобыз, жетіген және хор үйірмелері бар.
Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді. Бүгінде ұжымның мерейін асырып, мәртебесін асқақтатып отырған ауызбіршілік екенін бишілер де жақсы біледі. Бір отбасындай болып кеткен өнерпаздардың әр қимылынан олардың бірлігі байқалады.
– Ансамбль жұмысын бастаған сәттен бастап бүгінге дейін 4500-дей өнерпазды тәрбиелеп шығарды. Көптеген түлегіміз қазіргі уақытта қазақ сахнасында өзіндік орнын қалыптастырып үлгерді. Болашақтарынан үміт күттіретін үлгілі ән-би ансамблінің алар асуы, бағындырар белесі әлі алда. Қазақ мәдениетін әлем сахнасында асқақтатып жүрген ұжым телевизиялық байқауларда да үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Бала дауысы» ән байқауына ансамбль тәрбиеленушілері қатысып, жүлдегер атанып келеді. Елеулі еңбектің нәтижесінде ансамбль жанынан ұлт аспаптары оркестрін құрастырып шығардық, – дейді мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың дарынды балалармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Қалипа Боқанова.
Шетелде қазақ өнері мен мәдениетін насихаттап жүрген бұл ансамбльдің түлектері қазіргі таңда колледж, академияларда білімдерін жетілдіріп жүр. Енді «бозторғайлықтар» мұнымен тоқталмақ емес. Киелі өнердің пұшпағын ұстаған ұйымшыл ұжым қазақтың атын әлемге танытсақ дейді.