Германиялық Deutsche Welle басылымы парламент экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты елдегі саясатқа ықпал ету мүмкіндігінен айыратын түзетуді қабылдауы «елбасының» билік транзитіне байланысты жоспарын бұзды деп жазды.
Басылым неміс сарапшылары парламент төменгі палатасы төрағасының отставкаға кетіп, оның орнына президент әкімшілігі басшысының келуін биліктің Тоқаев айналасына шоғырланып жатқанымен байланыстыратынын хабарлады.
Шығыс Еуропалық және халықаралық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Беате Эшмент Назарбаевтың президенттіктен кеткен соң билікке ықпалын сақтап қалу жоспары тас-талқаны шыққанын айтады.
– Назарбаев 2019 жылы ойлап тапқан билікті беру моделі осы жылғы қаңтарда күйреді. Назарбаев өзіне иммунитет пен байлығын, отбасының ерекше статусын сақтауға мүмкіндік беретін шешуші өкілетті қалдыра отырып, билікті біртіндеп беруді ойлаған. Алайда онысы сәтсіздікке ұшырады, – дейді сарапшы.
Басылым «Назарбаев идеясының сәтсіздігіне қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікке ұласқан жаппай наразылық себеп болды» деп, сарапшылардың «тәртіпсіздіктерге дайындық барысының көптеген детальдері анықталмай қалауы мүмкін» деген алаңдаушылығын жеткізген.
– Алматыдағы оқиғаларға қатысты бұған дейін айтылған мынандай пікірмен келісемін. Әуелі бұл – өзінің экономикалық жағдайына көңілі толмайтын азаматтардың қалыпты наразылығы болған. Артынша жаппай акцияны әлдекімдер «ұрлап алғандай» болды, кейін осы адамдарды шағыстырып қойғандай олар өздерін мүлде бөлек – агрессивті түрле ұстай бастады. Тонады, өртеді тағысын тағы… Мұны қалыпты демонстранттардан бөліп қарау керек, – дейді Беате Эшмент.
Герман-қазақстандық қоғам төрағасы Томас Хельм Қаңтар оқиғасының ауқымы өте таңғалдырғанын айтқан.
– Мен соңғы уақытта наразылық шаралары болуы мүмкін екенін болжағанмын. Бірақ зорлық-зомбылық үлкен масштабты қамтып, биліке деген таласқа элитааралық шиеленіс қосылып, шетелдік топтардың араласуы таңғаларлық әрі қорқынышты болды, – дейді ол.
Deutsche Welle қоғамдағы хаос пен тәртіпсіздіктер қатаң түрде жаншылуының теріс салдары болуы мүмкін екенін келтірген.
– Ел үшін ситуация нашарлай түсті. Достарым мен таныстарым қоғамның жікке бөлінуіне алаңдаулы. Құрбандар көп. Танысынан айрылғандар аз емес. Интернетте жазықсыз адамдардың қазасы туралы жиі жазылып жатыр. Мен тіпті қоқыс тастауға шыққан адам атып өлтірілгені туралы оқып қалдым. Өлгендердің туыстары тергеуді талап ететіні анық, – деген Беате Эшмент Тоқаевты өтпелі кезең фигурасы деп санайтындықтан, одан түбегейлі өзгеріс күтпейтінін, десе де болашақты болжағысы келмейтінін айтқан. Сондай-ақ ол азаматтардың табысын арттыру Тоқаевтың басты міндеті деп санайды.
Ал Томас Хельм «президент шынымын де адамдарды ауыстырып, тәртіп орнатып жатыр. Бірақ бұрынғы билік элиталары мықты позицияларға ие. Олар барлық жерге жайылып үлгерген. Сондықтан қазіргі шаралар нәтижелі бола ма, оны уақыт көрсетеді» дейді.